ҮШ ТІЛ – ҮШ АДАМ
Біздің анықтама:
Біз ерекше адаммен кездестік. Түрі бөлек болғанмен тілегі бір азаматтың аты –
Омосола Бамдиеле Казим Ол – Нигериядан келген ұстаз. «Білім инновация» лицейінде қызмет етеді. Жас та болса көргені көп, ел мен елдің ерекшелігін айқын аңғарған оны еркін сұқбатқа шақырдық. Мұны құп алған ұстаздың біздің сауалымызға жауабы дайын екен.
– Бұрындары «Спорт – әлемнің елшісі» дейтін еді. Қазір білімнің биігі онан да күштірек. Бұл тұрғыда сонау алыс Африканың бауырында туған өзіңізді Қазақстанның білімге құштар балғындарын тәрбиелеуге қандай күш жетеледі?
– «Н3 unlimited» халықаралық білім компаниясынан керемет ұсыныс түсті. Әлемнің дамыған 50 ел қатарына енген елдеқызмет ету туралы келісімге қол қойып, Астанаға келдім. Қызмет орнымды біле кетейін деп әлемдік компанияның Астанадағы филиалына жүгіндім. Содан маған бірнеше қаланы ұсынды. Арасынан Қызылорда атауы құлаққа жағымды естілді. Таңдауым осы қала болып, сондағы «Білім инновация» лицейіне қызметке орналастым. Әуежайдан түскеннен бастап, халықтың мейіріміне қанықтым. Халқы қонақжай, қарапайым екеніне көз жеткіздім. Астанаға келгенімде бір кедергіге тап болдым. Әуежайда байқамай бір кісінің аяғын басып кеттім. Ана кісі даурығып, шу шығарып, әуежайды басына көтерді. Қанша мемлекетте болсам да, мұндай бейәдепті байқамаппын. Сол кезде қазақ халқы осындай ашушаң келеді ме деген ой оралды. Бірақ бұл ойды Қызылорда халқы түбегейлі өзгертті.
– Сөзіңізге қарағанда біршама елде қызмет атқарған көрінесіз...
– Білім жүйесі бойынша көптеген елге қоныс аударып, жұмыс істедім. Африка құрлығындағы Гана, Кения, Бенин, Танзанияда, Азия құрлығы бойынша Кувейт, Біріккен Араб Әмірлігі елдерінде ағылшын тілін дәріптедім. Байқасам, сіздердегі ауыз әдебиетінде суреттейтін нағыз «қаңбақ шалдың» кейпін сомдап жүрмін (күліп).
– Шет тіліне балалардың ықыласы қалай?
– Ағылшын тілі – əлемдегі тілдер арасынан көркемдігі мен бейнелілігі, тазалығы мен сөздік құрамының молдығы жөнінен дамыған тілдердің бірі. Сондықтан балалардың ықыласы мен ынтасы жоғары. Лицейдегі шәкірттерімнің көбі ағылшын тілінде еркін сөйлеу деңгейіне жетті. Негізі ағылшын тілін ересек кезден гөрі жеткіншек кезде үйренген абзал. Өйткені, жеткіншек кезде баланың қабылдау процесі жоғары болады. Ал, ересек кезде адамның санасында сан түрлі себеп пен мәселе тұрады. Сана тазармай, тіл үйрену қиынға соғады.
– Мектептің 12 жылдық білім жүйесіне көшудің тиімділігін атасаңыз?
– Қазіргі таңда әлемнің 216 елінде 12 жылдық білім беру жүйесі енгізілген. Бұл қалыптасқан білім жүйесі академиялы, түбегейлі деп бағаланатынын айта кетуіміз керек. Бірақ жыл асқан сайын оқу бағдарламалары бойынша 11 жылда берілетін білім көлемінің ауқымдылығы оқу жүктемесінің шектен тыс көбеюіне әкеліп, білім сапасы мен оқушылар денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Қалыптасқан бұл жағдай оқушылардың оқуға ынтасын да төмендететінін тәжірибеден байқап жүрміз. Осыған орай қазіргі білім беру тәжірибесінде білім көлемін жинақтай отырып, оқу материалын жеңілдетуді, сондай-ақ құзырлылыққа жетуге бағдарланған білім мазмұнын қарастырып отыр. 12 жылдық мектептің басты ерекшелігі – баланың жан-жақты дамуына, өз пікірі мен ойын ашық жеткізуіне сүбелі үлесін қосары сөзсіз. Бұл жүйені толықтай қолдаймын.
– Инновациялық лицейлердің білім деңгейін қалай бағалайсыз?
– Рас, инновациялық лицейлердің білім беру деңгейі орта мектептердегі білім сапасына қарағанда жоғары екенін мойындауымыз керек. Лицей түліктерінің көпшілігі еш қиындықсыз шетелдік және отандық жоғары оқу орындарына түсе алады. Қазақстандық мектептердің білім сапасы африкалықтарға қарағанда едәуір жоғары. Жалпы баланың білім деңгейінің өсіп-өнуіне түрлі тәсілдер қарастыруымыз қажет. Мысалы, Халықаралық PISA, TIMSS зерттеулері қазіргі уақытта білім сапасымен байланысты тиімділігін бағалаудың әмбебап құралы болып саналады. Мектеп қабырғасында-ақ оқушы білімнің теориялық мәнін терең түсініп, шығармашылық ойлау тұрғысынан кәсіби жолын дұрыс таңдай білуі тиіс.
– Қай ел болмасын бір-бірімен үндесетін мүмкіндіктері болады. Ал, Қазақстан мен Нигерияның арасындағы қандай дәнекер мүмкіндіктерді айта аласыз?
– Қазақстанның Орталық Азиядағы ұстанымы Нигерияның Африкадағы ұстанымына ұқсас келеді. Сонымен қатар екі елдің тағы бір ұқсастығы егін шаруашылығы. Біздің ел де сіздер секілді күріш өсірумен қатар, жеміс, көкөніс, қант қызылшасы, мақта, жүгері, майбұршақ дақылдарын жайқалтып жатыр. Бір кемшілігі, біздің елде бизнеске қолдау жоқтың қасы. Сол себепті кәсіпкерлік аясы төмендеу. Нигерия – табиғи ресурстарға бай ел. Сондықтан Қазақстанның кәсіпкерлері осындай мүмкіндікті пайдалану керек деп санаймын. Бұл екі елдің байланысын арттырады.
– Казим, өзіңді спорттық ареналардан жиі байқаймыз. Бұл салаға да қызығушылығыңыз ерекше секілді.
– Иә, дұрыс айтасыз. Негізгі арманым кәсіпқой футболшы болу еді. Сол арманымды жүзеге асыру үшін бозбала шағымнан футбол үйірмесіне қатысып, тәлім алдым. Әйтсе де, бұл арман жүзеге аспады. Үйірмеге қолдау болмағасын доп қууды тоқтаттым. Қызылордаға келгенімде «Қайсар» сапында ойнағым келді. Бірақ жол сілтейтін адам табылмады.Қазір, әуесқой лигада «Тарлан батырлары» деген команданың ойыншысымын. Өткен маусымда командаммен бірге чемпионаттың қола жүлдегері атандым.
– Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып көрдіңіз бе?
– Әрине, дәм татып көрдім. Ұлттық тағам ретінде саналатын ет тамақтың құнары зор. Жесең дәмі тіл үйіреді. Айына бір мәрте мейрамханадан жеп тұруды әдетке айналдырдым.
– Сыр бойының тойына барып көрдіңіз бе?
– Иә, бір рет бардым. Әріптес досым үйленіп, қуанышына ортақтасып қайтқаным бар. Той керемет өтті. Дегенмен, көп адамның назары маған ауып, биге шақырумен болды. Меназдап ұялып, екінші келмеймін деп серт бердім.
– Қанша тіл білесіз?
– Бір тіл білген бір ғана адамдық келбетпен күн кешеді. Екі тіл меңгерген екі адамның қабілетін жүктейді. Үш тіл – үш адам. Төрт тілмен дүниенің төрт бұрышына түгел қол жетеді. Әзірге үш тіл білемін. Жалпы Африка тұрғындарының арасында әралуандығымен ерекшеленетін араб, ағылшын, француз және африкалық тілдер кеңінен тараған. Сондай-ақ, суалили тілі барлық африкалықтар үшін ортақ. Сондықтан суалили мен ағылшын тілінде емін еркін сөйлеймін. Ағылшын тіліне деген құрметім шексіз. Сонау бала кезімде өзгелер француз тіліне бүйрегі бұрып жүргенде, мен тек ағылшын халқының ана тілімен етене танысқым келді. Сол тілге деген махаббатым әлі күнге суыған жоқ. Бар білгенімді, осы жасқа дейін жинаған рухани азығымды шәкірттеріме беріп жатырмын. Соңғы кездері қазақ тілін үйренуге әуестігім артып жүр. Бірақ сіздердегі сөздік қолданыстар тым қиын. Сол себепті үйренуге көп уақыт жұмсайтын секілдімін.
Сұқбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК