БИІК БЕЛЕСКЕ ЖЕТУ ҮШІН ОҒАН ЛАЙЫҚТЫ БОЛУ КЕРЕК
– «Браунистің» ашылу тарихына көз жүгіртсек...
– Негізгі білімім заңгер болса да, студент кезімде мейрамханада жұмыс істедім. Алдымен даяшы болдым, біраз уақыттан кейін менеджер қызметін атқардым. 2003 жылы азық-түлік дүкенін жалға алып, алғаш жеке кәсібімізді бастадық. Одан кейін 2009 жылы «Дастархан» асханалар желісін, 2010 жылы «Cofeedo» кофеханасын, 2011 жылы «Браунис» кондитерлік цехын аштық. Сосын дүкен мен мейрамхананы бір жерден ашуды жөн көрдік. Өнімнің көбі шоколадтан жасалғандықтан атауын «Браунис» деп қойдық. Осыдан кейін «Браунис» кофехана мен мейрамханалар желісі ашылды. Дизайнға келсек, арнайы маманымыз бар. Өзіміз бағыт бере отырып, мейрамхананы барынша жайлы етуге тырыстық. Біздің мақсат – жақсы көңіл-күй сыйлайтын, жылылыққа толы, үй мен жұмысты байланыстыратын орынға айналу.
– Кәсіп ашуда қандай қателікке бой алдырмау керек?
– Кез келген кәсіпкер қателік жасайды. Дегенмен сол қателіктің алдын-алу үшін жаныңда жақсы кеңесші болғаны абзал. Саған жанашырлық танытып, ақылын айтып, дұрыс бағыт бере білуі тиіс.
– Кәсібіңізде сіз үшін ең маңыздысы не?
– Ұжым.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Адал еңбек етсең, алдыңа қойған мақсатыңа жетесің.
– Жоспарыңыз қандай?
– Жақында Алматы қаласынан «Браунис» мейрамханалар желісінің филиалын аштық. Енді Астана қаласынан ашуды жоспарлаудамыз. 2018 жылдан бастап франчайзинг жүйесін енгізу және балаларға арналған «Браунис kids» орталығын ашу ойда бар. Сондай-ақ, болашақта балаларға арналған кондитерлік мектеп пен аспаздық өнерге баулитын академия ашу да жоспарымызда бар.
Жас кәсіпкерге кеңесім:
Ең бірінші ойыңда сені алға жетелейтін жақсы идея болсын.
Жолыңда қандай қиындық болса да, сол идеяңның жүзеге асатынына іштей сенімді бол.
Өзіңе қызық кәсіптің көзін тап.
Сол салада жұмыс істе. Жақсы жұмысшыдан жақсы кәсіпкер шығады. Келешек кәсібіңнің ішкі құрылымын тыңғылықты зертте.
Нақты бизнес жоспарың болсын.
Кеңесші тап.
P.S.
Кейіпкеріміз барлық жауапқа «аштық, жасадық» дегендей көпше түрде жауап берді. Бұл оның ұжымына деген құрметінің және қарапайымдылығының белгісі болар. Сонымен қоса, сұқбатты жеке кабинетінде алғандықтан, бөлменің ішін бір шолып шықтық. Қабырғадағы ерекше «турник» пен үстелдегі түрлі кітаптарға көзіміз түсті. Мұның өзі табысқа талпынған жанға үлгі боларлық үлкен дүние.
Әсел БЕГМАН