МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ "МӘКЕ, СӘКЕГЕ" ЖОЛ ЖОҚ
Сарымбетов Еркебұлан Әділбайұлы 1989 жылы 24 қыркүйекте Арал қаласында дүниеге келген. №14 Н.К.Крупская атындағы орыс мектебінің түлегі. Оңтүстік Қазақстан құқық және салық технологиялар колледжінде және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде заңгер мамандығын меңгерген. Отбасылы. Жары Жазирамен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының грамотасымен марапатталған. Мақсаты − ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алып, елге білікті қызмет ету.
Еркебұлан САРЫМБЕТОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы:
−Еңбек жолыңызды Арал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекші маманы болып бастапсыз.Халықтың қазіргі әлеуметтік жағдайын қалай бағалайсыз?
− Осыдан он жыл бұрын ұшаққа бірең саран адам ғана мінетін. Қазіргі таңда поезд түгіл, ұшаққа билет табылмай жатады. Тіпті көлікпен жолға шықсақ та жолаушы аз болатын. Қазір бір-біріне қыдырып жүрген жолаушы көп. Бір ғана тойдың өзі дүрілдеп өтеді. Ол кезде жұмыссыздық деңгейі жоғары болатын, қазір төмендеді. "Жағдайым жоқ" деп келетіндер көп еді. Қоғамдық жұмысқа жіберсек қуанатын. Қазір халықтың көзі ашық, өздері жұмыс тауып алады. Мемлекет тарапынан да жұмыспен қамту жақсы жүзеге асуда, содан болар, жұмыс іздеушінің қоғамдық жұмысқа барғысы жоқ.
−Мемлекеттік қызметшінің оң имиджі дегеніміз не?
−"Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады" деген сөз бар. Ең бастысы мемлекеттік қызметші дұрыс киініп, өзін қай ортада болмасын тәртіпті алып жүру қажет. Қызметте жоғары жауапкершілік, кәсіптік білім, адалдық, белсенді өмір позициясы құпталады. Жұмыстан тыс уақытта да өзгелерге үлгі болатындай білікті де, білімді маман бола білу қажет. Мысалы, ауылдағы жетекші маман болса да, ол сол ауылдағы ең сыйлы, үлгілі жан болу қажет. Ауылдың тұрғыны ретінде ауласын таза ұстап, қоғам өміріне дұрыс қараса, өзгелер соған қарап бой түзер еді. Бір ғана мемлекеттік қызметшіге қарап, бүкіл мемлекеттік қызметшіге сын артылуы мүмкін. Бүтін жүйеге сөз тиюі ықтимал. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші адалдықты ту еткен, ақ жарқын азамат қалпынан айнымаса абзал.
−Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайы қалай?
− Мемлекеттік қызметшілерге арнайылап бөлек әлеуметтік бағдарламалар жоқ. Үй кезегіне тұрсақ та, жер телімін сұрасақ та басқа да бюджеттік мемлекеттік қызметкерлермен қатар тұрмыз. Сыр өңірінде жалақы басқа аймақтарға қарағанда жоғары. Себебі бізде қалада 30 пайыз, Қазалы, Арал аудандарында 50 пайыз экологиялық қосымша қосылады. Сондықтан әлеуметтік жағдайы төмен деп айта алмаймын. Ел қатарлы тіршілік етіп жатырмыз.
− Аралда туып-өстіңіз. Күні кешегіге дейін сонда қызмет еттіңіз. Арал жастарында қандай мәселелер бар?
− Бүгінде барлық мәселе билікке дер кезінде жетіп отыр. Барлық басшы ашық жұмыс істеуде. Әсіресе жастар әлеуметтік желі арқылы ойларын еркін жеткізеді. Жұмыссыздық деген мәселе болса, жастар орталықтарымен жергілікті билік бірлесіп шешуде. Қазір ауыл жаққа барсақ, жас кәсіпкерлер көбейгенін көріп қуанып қайтамыз. Бұрынғыдай ішкілікке салынып, көшеде бос кезіп жүру, масылдық жастар арасында жоқ. Жастардың дінге деген көзқарасы да айқын.
− Заңгер ретінде халықтың құқықтық сауаттылығына қандай баға бересіз?
− Бұрын халық мемлекеттік органға өтініш жазғанда ауызекі тілмен жазатын. Қазіргі келген хаттарға қарасақ, ойы жинақы, нақты заңдар мен баптарды көрсетіп сауатты жазады. Мәселені орынды көтеріп, өз құқықтарын талап етеді. Бұл халықтың құқықтық сауаттылығының артқанын білдіреді. Ғаламтор арқылы zakon.kz сайтына кіріп, өзіне қажетті барлық заңмен таныса алады. Замана көші алға жылжып, дами бастаған тұста "мен ол заңды білмейтін едім" деуге де қысыласың. "Іздегенің алдыңнан, тілемей-ақ табылар"деген. Тек еңбек ету қажет.
− Жуырда Әдеп жөніндегі кеңесте тәртібі қаралғандардың 80 пайызға жуығы басшылық лауазымдағы тұлғалар екені айтылды. Мемлекеттік қызметтегі басшылардың шалыс басуына не себеп болуы мүмкін?
− Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу оңай емес. Үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бір ғана сала бірнеше заңдылықты басшылыққа алады.
Бірі біліктілігі төмен болып білместік жасаса, енді бірі қым-қуыт тіршілік, қаптаған қағаздар арасынан қателесуі мүмкін. Отбасындағы жағдай да жұмысына әсер етеді. Үйде жылап жүрген адам жұмыста жақсы нәтиже көрсете алмауы заңды. Тіпті пендешілікке де салынып жатады. Мемлекеттік қызметші Әдеп жөніндегі кодекс қана емес еліміздегі барлық заң бойынша бақыланады. Ол барлық заңды бұзбау қажет. Сондықтан адамды кінәлау оңай, ал оның бұл әрекетке қандай себеппен барғанын білу қиын. Себебі сол жағдайға, сол оқиғаға өзіміз түспей, ол жіберген қателік өз алдымыздан шықпайынша ештеңені білмейміз. Біреудің істегенін істеп, ол жүрген жолмен өзіміз жүрмеген соң баға бере алмаймыз.
Бірі біліктілігі төмен болып білместік жасаса, енді бірі қым-қуыт тіршілік, қаптаған қағаздар арасынан қателесуі мүмкін. Отбасындағы жағдай да жұмысына әсер етеді. Үйде жылап жүрген адам жұмыста жақсы нәтиже көрсете алмауы заңды. Тіпті пендешілікке де салынып жатады. Мемлекеттік қызметші Әдеп жөніндегі кодекс қана емес еліміздегі барлық заң бойынша бақыланады. Ол барлық заңды бұзбау қажет. Сондықтан адамды кінәлау оңай, ал оның бұл әрекетке қандай себеппен барғанын білу қиын. Себебі сол жағдайға, сол оқиғаға өзіміз түспей, ол жіберген қателік өз алдымыздан шықпайынша ештеңені білмейміз. Біреудің істегенін істеп, ол жүрген жолмен өзіміз жүрмеген соң баға бере алмаймыз.
− Шымкент қаласының экс әкімі Лондоннан қазақстандықтарға сәлемдеме жолдап, "Қазақстанда жұмыс істеп, шет елде демалуға" кеңес берді. Сіз еңбек демалысыңызды қалай өткізесіз?
− Қалталы азамат болсаң да, туған жердің қадірін арттырып жүрген жөн. Елім деген азамат ең бірінші елін, жерін танып білу қажет. Өткен демалысымда баламмен інімді алып Сыр өңіріндегі, Оңтүстік Қазақстандағы тарихи орындарға саяхат жасадық. Балалар кішкентайынан елімізді, жерімізді біліп, тарихымызды танып өсу керек. Алдағы демалыста Маңғыстау облысына, Қазғұрт тауына апарғым келеді. Балалар тарихи орындарды көріп өссе, рухы биік болады. Елімізде біз көрмеген тамаша жерлер бар. Алдымен солардың бәрін аралап шығар едім. Қазақстанның тұмса табиғатын тамашалап қана қоймай, жарнамалап, туристерді көптеп тартуымыз қажет.
− "Орыс мектебіне барған бала қайтіп қазақ болмайды" деген пікір де бар. Сіз не дейсіз?
− Мен ғана емес менің екі бауырым да орыс мектебін бітірді. Ата-анамыз өздері орыс тілінен қиналған соң балалар тіл меңгерсін деп бізді орыс мектебіне беріпті. Орыс болып кеткен ештеңеміз жоқ. Аллаға шүкір, қазақпын. Ұлттық болмыстың сақталуы − ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Дүниеге келгеннен қазақтың салт-дәстүрімен қадам бастық, әдебін, ырым-тыйымын сақтап өстік. Орыс тілін еркін меңгергенім, қанымдағы қазақылығымды жоя алмайды. Тіл білу білімімді жетілдіруге, ақпаратты мол алуға көмектесті. Мүмкіндігі болса балалардың ағылшын тілін меңгергені де абзал.
− Қандай әдебиеттерді оқып жүрсіз?
− Алдағы жылы − Абай Құнанбаевтың мерейтойы. Бәріміздің Абай өлеңдерін жарыса оқып жатқанымызға қуанамын. Абайдың поэзиясы, қара сөздері − мол мұра. Оның жүріп өткен өмір жолы − үлгі. Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романын және Көшпенділер трилогиясын қайта оқып шыққым келеді. Біз бала кезімізде Кеңестік нұсқада жазылған әдебиеттерді орыс тілінде оқыдық. Қазір Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту мақсатында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асып, "Ұлттық аударма бюросы" қаншама құнды дүниелерді аударып, халыққа қолжетімді етті. Бұл мүмкіндікті де қалт жібермей аударылған әдебиеттерді де оқып шығуға тырысамын.
− Шаңырақ көтергеніңізге бес жыл толыпты. Қазір жас отбасылардың қандай актуалды мәселесі бар?
− "Үйленген екенсің, мынау − үйіңнің кілті, барып тұра ғой", - деп ешкім айтпайды. "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген. Отбасын құрған соң, жауапкершілігін сезініп, шаңырақтың құндылығын сақтап қалу қажет. Қазір пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жас отбасылар көп. Барлығы бірдей жиырма жылға ипотекаға үй ала алмайды. Жас отбасыларда ең өзекті проблема − баспана мәселесі.
− Алдағы он жылда Еркебұлан Сарымбетов кім?
− Алдағы уақытта ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алғым келеді. Қызметімді абыройлы атқарып, білімді де, білікті басшы болсам деймін. Әрине ұл-қызы өскен ардақты әке, салиқалы сөз айтар аға болатын шығармын. Бізді әкеміз таяқтамақ түгілі, "тәйт" деген емес. Өте еркін өстік. Ойымызды ашық айтатынбыз. Баланың еркін өскенін мен де құптаймын. Балаларым әлі кішкентай, әлден барлық бұйрықтарын орындап, мүмкін болмағанын асықпай түсіндіруге тырысамын. Оларға жақсы тәрбие беріп, әкелік міндетімді дұрыс атқара білсем деймін. Басты мақсатым − қоғамда өз орны бар тұлға болып қалыптасу. "Баласы жаманның әкесін түйенің үстінде ит қабады" деген, мен бір мекемеде түкірігі жерге түспес басшы болғаныммен балаларым тәртіпсіздік көрсетіп жүрсе, одан асқан сұмдық жоқ. Сондықтан ең бірінші балаларыма жақсы әке болуым керек.
− Оқырмандарға айтар ойыңыз бар ма?
− Замандастарыма айтарым бар. Мемлекеттік қызметке деген көзқарастарын өзгертсе деймін. Мемлекеттік қызметте "Мәке, Сәкеге" жол жоқ. Мұндай ойдан арылған жөн. Біз аудандарды аралап, бос жұмыс орындарына конкурсқа жастарды қатысуға шақырып жүрміз. Жүрексінбей, заңдарды жаттап, талпынған әрбір жас мұратына жетеді. Мемлекеттік қызметке тұру үшін сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ. Бәрі ашық өтеді.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН