» » » МАҒАН АҚЫН ДЕГЕН АТАҚТЫ ХАЛЫҚ БЕРДІ

МАҒАН АҚЫН ДЕГЕН АТАҚТЫ ХАЛЫҚ БЕРДІ

    Сыр елі – жыр елі, қасиетті өлке. Талай-талай ақындар мен жыраулардың ізі қалған. Солардың сарқытындай болып, халықтық өнерді жалғастырған Серік ақынды Сыр өңірінде білмеймейтін жан кемде-кем. Осы орайда, бізде ұлт руханиятына сүбелі үлес қосып, халыққа қадірі артқан айтыскер ақын Серік Ыдырысовпен сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Сізді ақын болуға кім баулыды, аға?
– Ақындық та Алланың нығметімен берілетін дүние. Кез келген адам ақын бола бермейді. Ақындар көп. Бірақ сол ақындардың ішінде елге танымал болғанмен халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп жүргендер аз. Ақын – ұлттық ұстанымдарды, тарих пен салт-дәстүрді жақсы білу керек. Шыншылдық қажет. Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с сахабаларының сіз өмірден өткен кезде жолыңызды кім жалғайды деген сұрағына: – «Менен кейін пайғамбар болмайды. Бұл өмірден мен өткен соң ақын деген ел» деген екен. Мінекей, ақындықтың артар жүгі мол. Қалам ұстағанның, өлең жазғанның бәрі ақын емес. Ақын болғаннан кейін артыңда ұлағатты сөз, ақындық болмыс шарт.
Мені ақындыққа әкелген – әкем. Ең алғаш мектепте ұйқаспен өлең шығарып жүрдім. Сонымды әкем байқады ма, қасына ертіп жүріп, жусанға, аңға құсқа, затқа өлең шығартқызатын. Ұйқасы келсін келмесін соған дән риза болып, ауыл адамдарына «менің балам – ақын» деп мақтанушы еді. Суырып салмалығым содан пайда болса керек. Жетінші сыныпта жүргенімде «Қазақстан пионері» деген газетке бір шумақ өлеңім шықты. Соны көрген әкем елге мақтанып, марқайып жүретін еді. Сосын ақын болсам әкемнің алдында перзенттік парызым өтелетін шығар деп ойландым. Қазақтың классик жазушылырының шығармаларын бірінен кейін бірін оқи бастадым. Балқы базар, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары секілді жыраулардың да шығармаларын жаттадым. Кейін оныншы сыныпқа келгенде бірнеше шумақ өлеңді мүдірмей ұйқастырып, шығаратын болдым. Қызылордадағы Гоголь атындағы институтқа түскен кезде «Мелодия» деген газет бар еді. Соған өлеңдер шығарып тұрдым. Бірақ мен жазбадан гөрі ауызшаға жақсы едім. Сөйтіп жүргенде айтысқа қатыстым. Аймақтық, республикалық айтыстарда топ жарып, талай рет жүлдегер атандым.
– Ұрпақтар сабақтастығы деген бар ғой. Бұл өнер сізге кімнен дарыған? Балаларыңыздан ізіңізді жалғайтын өнерге жақыны бар ма?
– Мен – шайыр Шораяқтың Омарының тұқымымын. Менің әжем Киікші Кете Жүсіп ақынның қызы болған. Ақындық осы үлкен әжемнен қанмен берілген шығар деп ойлаймын. Менің ізімді жалғастырушы шәкірттерім. Балама ақындық жұққан жоқ. Ол дін саласында – ғалым.
– Бір кездері «сарай ақыны» деген атыңыз болыпты. Бұл қайдан шыққан атау?
– Мен олай атамас едім. Тоқыраудан өтіп, егемендікке қол жетіп, Қазақ елінің алғашқы құрылтайына Елбасы келді. Алдына шығып арнау айтқаным рас. Соны кейбіреулер іштарлықпен «сарай ақыны» деп атап кетсе керек. Ондай ақын болу үшін де жүрегіңнің түгі болу керек. Әйтпесе, Елбасының алдында талай адамдардың дірілдегенін көргенбіз. Сарай ақын дегендеріне қуанам. Бірақ әкімнің қасында малай ақын болып жүргендерден сақтасын. Әңгімемді жалғастырайын. Нұрекең құрылтайға келді. Сонда бір ақынды алдынан арнау айтуға шығарды. Бірақ патшаның сесі басты ма, әйтеуір, ассалаумағалейкум деп бір сөзді үш рет қайталап, әрі қарай жалғастыра алмай қалды. Сонда қасында тұрған мен сөз алдым. Дәл сол кезде аспанды бұлт жапқан еді.
Ассалаумағалейкум Нұр ағамыз,
Дидарыңды көргенде қуанамыз.
Кәнекей, қонақ болып төрге шықшы,
Дастарханда дайын тұр сыбағаңыз.
Нұрекеңде Алланың құлы емес пе?!
Халықтың хан сайлаған ұлы емес пе?!
Өзімен еріп келген мына жаңбыр
Болашақта қазақтың нұры емес пе?, – дегенде жаңбыр құйып жауды. Алла аузыма салған шығар. Сол бір кішкентай ғана көрініс маңдайыма бақ болды. Несібе болды. Абырой берді. Менің осы уақытқа дейін бірде бір жыр кітабым шыққан емес. Дастандар, өлеңдер жазып қойдым. Қазір оны шығарсам арзандап қалам ба деймін. Әйтпесе, екінің бірі кітап шығарып жатыр ғой. Бірақ Қазақстанның қай түкпіріне барсам да ақындығымды мойындатамын. Қолыма қазақтың қасиетті домбырасын берсе болды. Мен ешқашан өзімді ақынмын деген емеспін. Жұрт өлең жазып, кітап шығарып ақын атанса, маған ақын деген атақты халық берді.
– Жас айтыскерлерден кімдерден үміт күтесіз?
–.Мен қазіргі айтыскерлердің көбісін мойындамаймын. Менің мойындайтыным Нұрмат Мансұров, Мұхтар Ниязов сында арқалы ақындар. Жазып келіп, әркім айтысады. Алайда шаппа-шап айтыстың озығын осы екі ақыннан көруге болады. Бұлар айтыстың философиясын меңгерген және айтыскерліктің нағыз пішінін көрсететін жүйріктер.
– Жүз жыраудың мекенінде сізден кейін осы өнерді жалғастырушылар бар ма?
– Әрине. Сырым Әділбек, Тұрар Бекмырзаев секілді жігіттер бар. Қармақшыдағы менің ақындар мектебімнің жемісі осылар. Алдыңа қарап армандайсың, соңыңа қарап қуанасың дейді ғой. Сыр өңірінің біраз ақын өнерпаздарына ұстаз болдым. Ағалық жол көрсеттім. Қазір өзімнен кейінгі сол қаралардың дара шапқанына қуанып отырамын.
– Жазба ақыннан айтыскер ақынның айырмашылығы, артықшылығына тоқталсаңыз...
– Жазба ақын өлеңді асықпай, ойланып жазады. Айтыскерлік бір мезетте бір ауыз сөзбен қоғамдағы мәселені шешу, айту. Тақпақ ақын – жазба ақын, тақтақ ақын – айтыскерлер. Біздерді «тақтақ» ақын дейді. Ол дегеніміз заматта жауап беру. Бір-ақ сөз айтасың, сол жұрттың таңдайында қалып қояды. Тарихта қалған мынадай жағдай бар. Ертеде 82-дегі атасын бір келін жоқтапты. Жұрт не айтады екен деп аузына қарағанда, екі-ақ ауыз сөзбен атасының бағасын Алашқа білдірген.
Танымайтын адамға құр әшейін шал өлді,
Танитұғын адамға ту құлады, хан өлді, – депті.
– Айтыскерлер өзара дайындықпен шығады дегенді көп естиміз. Қазіргі айтыстың деңгейі қандай?
– Қазіргі мен бұрынғы айтыскер ақындардың арасы жер мен көктей. Қазіргілерде ақпарат көп. Қарсыласы жайлы бірден біледі. Хабардар. Бір-біріне чат арқылы жазысып немесе т.б жолы көп қой, ертең мен мынаны айтам, сен мынаны айтасың деп дайындалып алады. Қазіргі айтыстың мықты боп шығатыны содан. Жаңа заман айтысында суырып салмалықтан гөрі жаттандылық көп. Біздің кезіміз мүлде бөлек еді. Біз Манап, Мүтәліп, Әбілхан, Серік Өтеу сынды нағыз суырып салмалықтың шеберлеріне қарап бой түзеп, солар секілді суырып салмалықпен айтысатынбыз. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі айтыскерлер бір шеңберден шықпайды көбісі. Біздің кезімізде ондай жоқтың қасы еді. Қай тақырыпта да сөз қозғай аласың.
– Айтыстан неге тысқары кеттіңіз?
–.Абайдың 150 жылдығынан кейін айтыстан өзімді-өзім шектедім. Адамды тұрмыс билейді. Мен он ағайындымын. Ең үлкенімін. Әке-шешем қайтыс болғанда 9 бала қолымда қалды. Әкем үш нәрсені өсиет етті: «Серік сен – ақынсың, жан-жағыңа қарамай аспандап кетесің, мына сөзді ұмытпа деді. Өмір деген қақтығыс. Жақында өмірден өтетінімді сезіп жүрмін. Барлығыңның қызығыңды көрем бе деп едім. Алайда ол күнге жетпейтін секілдімін. Тоғыз бала қолыңда қалады. Бүкірдің арманы шалқасынан бір жату деген бар. Мен шалқамнан жатсын десең, осылардың барлығы саған аманат» деді. Үшінші айтқаны: «Ай түнге керек, ақыл күнде керек. Әкесін іздемейтін бала кімге керек» деп отыратын. Сондағысы Құран бағыштап тұрсын, әрі төбесіндегі Тәңірін, Аллаға деген құлшылығын ұмытпасын дегені.
Анам мен әкемнің өмірден өткеніне 30 жылдан аса уақыт өтті. Ізімде 9 іні-қарындасым бар еді. Соларды жеткізу үшін мен айтыс деген ұлы өнерді құрбан қылдым. Өйткені ол тұста бүгінгідей миллиондап ақша бермейді. Ол кезде айтыстың бас жүлдесіне жылқы, теледидар, кілем беретін. Қазіргідей машина деген атымен жоқ. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде асабалық деген өнер қалыптасты. Ал асабалықпен бір аптада бүкіл жағдайыңды жасап аласың. Асабалық дегенге қазіргідей біреуден жаттағанын айтып, арзан ойын ойнатпадым. Салмақты саликалы сөйлеп, жол көрсеттік. Төрт ініме асабалықты үйреттім. Жұрт асабалықты «өй, әшейін той басқарған адам» ғой деп бағалайды. Жоқ мүлде олай емес. Асабалық үлкен білімділікті, өнерді қажет ететін дүние. Ішкі ойыңды өлеңмен шығаруға бейімдейді. Осы асабалықтың арқасында әкемнен қалған 9 баланы 9 шаңырақ қылдым. Ұстаздығымды да жалғастырдым. Мектепте қызмет істедім. 1995 жылдан бастап педагогика саласында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да ұстаздық етіп келемін. Өзім ұстаз, әрі асаба болып жүріп, ақындығымды да далаға тастаған жоқпын. Талай-талай шәкірт тәрбиеледім. Айдос Рахметов, Мақсат Дауылбай, Бақдәулет Қарғабаев секілді көп жігітке ұстаздық қылдым.
– Қазір Қорқыт ата атындағы университетте 25 жылдан астам уақыт сабақ беріп келесіз. Ұстаз жолы жайлы айтып берсеңіз...
– Жалпы, өзім айтыс сахнасына келмей тұрып, ұстаздық жолымды бастадым. Білім саласындағы менің бағытым – этнопедагогика. Ұлттың жанын, пайым-парасатын, руханиятын ұқтыратын сала. Ол менің жүріп келе жатқан жолымнан алыс емес. Сондықтан бұл тұрғыда кесе көлденең ешқандай қиындық шыққан жоқ.
– Мына тақырыпты қозғай алмадым немесе айта алмадым әттеген-ай деген сәттер кезігіп жатады ғой. Жалпы осы кезге дейін өнер саласында өкінішіңіз болды ма?
– Өкінішім деуге келмес. Бауырларымды жеткізу үшін айтыстан қол үздім. Сол кезде той-томалақ қуалап, асабалықпен айналысып кеттім. Бірақ еңбегім қайтты. Кейде айтысқа қайта оралғым келді. Алайда алпысты алқымдағасын тоқтау керек болды.
– Қандай мықты айтыскерлермен айтысу мүмкіндігі туды және айтыстағы ең мықты қарсыласыңыз есіңізде ме
– Қайсібірін айтайын, көп ғой. Бірақ қиын қарсыласым болған Әселхан Қалыбекова еді. Бір айтыста:
Әсеке, елмен тойды тойлайсың ба?
Сахнада қызғалдақтай жайнайсың ба?
Қазірде елу жастан асып кеттің,
Сіңілілеріңе беріп, айтысты қоймайсың ба?, – дегенде,:
Серікжан, Сырдан келген мұзбалағым,
Демеп ем, сенен өлең қызғанамын.
Ел-жұртым ақыным деп құрметтесе
Тоқсанға келсем-дағы қыз боламын, – деп састырған. Дейтұрғанмен, ешқашан біреуден жеңіліп, ақындықтан қол үзген емеспін. Ақынға қайсарлық қажет. Кейбіреулер бір айтыстан жеңілсе, енді қайтып тұрмастай болады. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Жеңдің бе мастанба, жеңілдің бе жасқанба.
– Жаңа заманның жастарына айтар ағалық ақылыңыз...
– Қазіргі жастарға бес түрлі қасиет керек. Бірінші, харамға көз салмасын. Екінші, жөн сөйлеуді үйренсін. Үшінші, уәдеге беріктік. Төртінші, аш болса да, Алланың жағасынан алмау керек. Соңғысы, өзіне қажет емес нәрсеге көңіл аудармауға дағдылансын. Осы бесеуі болған жастан парасатты адам шығады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ақтілек БІТІМБАЙ
26 қыркүйек 2019 ж. 1 944 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031