» » » Әділжан ШОМБАЛОВ, театр және кино артисі: Қаны таза ұлы елдің ұрпағымыз

Әділжан ШОМБАЛОВ, театр және кино артисі: Қаны таза ұлы елдің ұрпағымыз


– Әділжан аға, әңгімемізді сіздің балалық шағыңыздан бастайықшы. Бала кезіңізде қандай болдыңыз?
–  Балалық шағым Арал ауданы, Сексеуіл стансасында өтті. Ата-анам– қиыншылықты көп көрген кісілер. Соның арқасы деп ойлаймын, өмірдегі әр нәрсені бағалауды үйретті. 12 баланың кенжесі болдым. Әрине, кенже болған соң еркелеу болдым. Ата-анам және бауырларым бұл өмірде жеңіл ештеңе болмайтынын, барлығына тек біліммен жету керек екендігін құлағыма құйды десем де болады. Сондықтан қолдан келгенше көп оқуға тырыстым. Мектеп бітірген соң алып шаһар Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алдым.
– Ел кинематографиясының өркен жаюына үлес қосып жүрген азамат ретінде өзіңіз атқарған істің бірқатарына тоқталып өтсеңіз?
– Қазақ кинематографиясына үлкен үлес қостым деп әзірге айта алмаймын. Бірақ қолымнан келгенше кинематография немесе театр болсын, келер ұрпақ тәрбиесіне сәл де болса үлес қосқаныма қатты қуанамын.
– Фильмнен бөлек сіз театрда жұмыс істейтініңізді білеміз. Осы орайда театрдың актер үшін берер мүмкіндігі қандай?

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 10 жылға жуық жұмыс істедім. Театр сахнасының артист үшін берері мол. Кино мен театрдың айырмашылығы негізінен өміршеңдігімен өлшенеді. Яки театрдағы қойылым, рөл күнделікті қайталанып отырады. Мен бір байқағаным, театр сахнасындағы кез келген артист ең алдымен ізденісте болады. Үнемі ойдың үстінде жүреді. Байқасаңыз, театрдан шыққан өнер майталмандары кинода өздерін еркін әрі сенімді ұстайды. Себебі оларда негіз бар. Аңғарған адамға кинода ойнаған актердің текст мәнін жеткізе алуынан-ақ оның қандай деңгейде екенін білуге болады. Менің түсінігімде театрдың киелі сахнасы – артист үшін үлкен мектеп.
Біздің телевизияда арзан сериалдар мен фильмдер көбейіп кетті. Жақсы сериал немесе фильм шығару үшін ең алдымен не нәрсеге  басымдылық берілуі тиіс?
– Біздегі театр актерларына жақсы, сапалы сериалдарға я болмаса фильмдерге ұсыныс түсіп жатса, қуанасың әрине. Біздің актерлердің сериалға түсу үшін айлап-жылдап кетіп жатқандары да бар. Жақсы фильмдерден актер тек жақсы дүниелерді бойына сіңіреді, үйренеді. Ал телешоулар мен саны бар, сапасы жоқ сериалдардан үйренетін дүние бар деп айта алмас едім. Жақсы сериал үшін жақсы материал керек. Жалпы сюжетке құрылған сериалдың түп мағынасы, айтар ойы болуы шарт. Ал асығыс-үсігіс жасалған дүниенің шикі болатыны айтпаса да түсінікті. Қарап отырсақ, сериалдардың қаржыландыруы да мардымсыз. Отандық сериалдардың барлығын бірдей «жаман» деп айта алмаймын. Арасында сәтті шығып жатқандары да бар.
– Сіз көп фильмдеріңізде КВН түлектерімен бірге түсесіз? Ел ішінде көп әртістер КВН ойыншыларын артист қатарына жатқызбай жатады. Осы жайында ойыңыз?
– Расында барлық квнші әртіс деп айта алмаймын. Бірақ «сен КВН арқылы танылғансың, артист бола алмайсың, сенің қолыңнан ештеңе келмейді»  деген қате пікір. КВН арқылы жұлдызы жанғандардың қатарында телевизияға еңбегі сіңген танымалдар да бар. Олардың телевизия саласына сіңірген еңбегі мен киноөндіріске қосқан үлесі орасан зор. Сондықтан сондай атқарып жатқан жұмыстарына қарап, жоғары бағалауға тұрарлық деп ойлаймын.


– Қазіргі таңда, "аузы қисық болсада, байдың баласы сөйлесін" деген заман ғой. Қазақ эстрадасында және театрда  көптеген саны бар, сапасы жоқ әншілер  мен артистер шығып жатыр. Оның арасында таланттысы бар, талантсызы бар деген сияқты. Егер арнайы осыған байланысты заң шықса, қазақ өнерінің  жағдайы қалай болмақ?

Бұл ойыңмен толық келісемін. Себебі 3 аккорттың басын қосып ап, өздерін әнші санап жүрген әншілер көп. Тойға барып ақша тапсақ деген ниетпен ғана ән айтып жүргендер бар. Саф, таза өнерге қызмет етіп жүрген жігттер жоқтың қасы. Қазір, менің ойымша, жанды дауыспен 50-60% айта алатын жағдайға келіп қалдық. Енді тағы бір секірсек, бәрі жанды дауысқа ауысады. Өйткені ол бір күнде болатын шаруа емес. Адам бәйгеге ат қосқанда, ол атты бір-екі жыл баптайды, ер-тұрман дайындайды. Сол сияқты фонограммадан жанды дауысқа ауысу үшін бірінші техниканы дайындау қажет. Бізде кейбір жерлерге барғанда аппараттардың деңгейі жақсы емес. Сондықтан бірінші техникамызды, одан соң концерт қоятын залдарымызды жөндеуіміз қажет. Ал, негізі жаңадан шығып келе жатқан жастарымыздың барлығы жанды дауыста айта алады. Шынында да, заң шықса тең жартысы іріктеліп қалады.
– Жастардың батысқа еліктеуіне көзқарасыңыз қандай?
Жастардың батысқа еліктеуі жайында... Тек керегін алу қажет секілді. Батыста да үлкен құнды өркениет бар. Тағы бір айтып кететін мәселе, біздің жастар қанша тырысса да еуропалық бола алмайды. Еліктеудің басты проблемасы – ол тарихыңды білмеу. Біздің жастар сол жағынан шорқақ болып барады.  Дінде жүрген бауырларымыздың да ішінде араб болып тумағанына өкініп жүргендер бар. Тағы да айтамын, ол тарихыңды білмегендіктен. Зұлмат соғысты, аштықты бастан кешіріп, дінін, тілін, ділін сақтап қалған жалғыз ұлт ол – біз. Себебі жаны да, қаны да таза ұлтпыз.  Батыс бізге еліктесін!
– "Патруль" сериалында басты кейіпкердің бірісіз. Жеке өміріңізде осы сериалдағы образдың көмегі тиетін жағдайлар бола ма?
– Өмірде қызықты жағдай көп болады. Өзім ұстанатын қағида заң алдында бәрі бірдей. Сондықтан ереже бұзбай жүруге тырысамын. МАИ қызметкерлері көріп қалса "О-о-о, шеф" деп жатады. Шыны керек, қуанып қаламын (күліп).
– Кітапты көп оқитын жан екеніңізді білемін. Қазіргі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай оятуға болады?

Кітапты жас кезде көп оқыдым. Бірақ қазір  қолым босағанда ғана оқимын.  Менің замандастарымның қатарында кітапты көп оқитындар бар. Олар – Әділ Ботпанов, Бауыржан Бабажанұлы, Мұрат Жетпісбаев, Бақыт Әметаев. Мен бұл жігіттерден көп дүние үйрендім. Жастарға айтарым, кітап оқыңдар. Жақында Қызылордада өткен Әділ Ботпановқа арналған мүшайраға бардым. Жастарға, оның ішінде Сыр жастарына, риза боп қайттым. Барлығына топырақ шашуға болмайды. Оқитын жастар бар. Кітап оқудан ұтылмайсыңдар, керісінше біраз азық аласың.
– Өмірде не нәрседен қорқасыз?
– Қорқатыным бір – АЛЛА! Одан бөлек ұлт ретінде жоғалып кетпесек екен деймін!
Егер осындай артист Әділжан болмасаңыз, кім болар едіңіз?  
– Мен Алматыда алғашында мектеп мұғалімі, одан соң тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жұмыс істедім. Артист жолына түспегенде мектеп директоры болар ма едім (күліп). Бірақ орыс халқында мақал бар ғой "От себя не убежишь" дегендей, жаным қалап осы салаға келдім.
27 наурыз 2020 ж. 2 842 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031