» » » МҰҒАЛІМНІҢ ОРНЫНА МУЛЬТИПЛИКАТОР БОЛДЫМ

МҰҒАЛІМНІҢ ОРНЫНА МУЛЬТИПЛИКАТОР БОЛДЫМ

Мультфильм арқылы да баланы ғылымға қызықтыруға болады. Ақтілек Темірбайұлының бұл бастамасы мектептің оқыту жүйесіне керек тәсіл. Сондай-ақ латын әліпбиін балаларға тез үйрету үшін мультфильм құрастырып, караокемен ән айту идеясын ойлап тауыпты.
Ақтілек ТЕМІРБАЙҰЛЫ, физик, мультипликатор:
  • Алдымен сұқбатымызды мына сауалдан бастайық, физик Ақтілек неліктен IT саласына ауысты?
  • Физика мен ІТ саласы – бір-біріне өте жақын ғылым. Мектеп кезінде физика пәнінен олимпиадаларға жиі қатыстым, ал компьютермен жұмыс істеу хоббиім еді. Физика табиғат құбылыстары неліктен, қалай болатынын зерттейді. Бірде ғаламтордан Жапония балабақшаларының бүлдіршіндерге үйде жарықтың қалай жанатынын түсіндірген видеосын байқадым. Демек, олар мұны бала күннен біліп өскесін, жаңалық ашуға ерте талпынады. Осы оқиға менің бастамама себеп болды. Физикалық құбылыстарды даярлық, бастауыш сынып оқушыларына мультфильм арқылы түсіндіргім келді. Мұны балақайлар ұғып ала қояды. Ал идеяны дамытып, еркін жұмыс істеуге мектеп бағдарламасы мүмкіндік бермейді. Сондықтан Қараөзек ауылының мектебінде аз сағатпен физика пәнінен сабақ беремін. Көп уақытым Оқушылар үйінде өтеді. Мұнда компьютерлерді бірнеше жыл бұрын алып қойғандықтан, маман болмай, тіпті аудитория жабық тұрған. Студенттік кезеңнің соңғы айында Оқушылар үйінің бұрынғы басшысы Гүлнәр Бодашова «бұл техникалармен қандай қызықты үйірме ашуға болады, көрші» деп шақырды. Қарадым, компьютер – Аррl компаниясының өнімі, сапалы дүниелер. Мен өз ойымды айттым.  Сонымен «Art.DMG шеберлері» үйірмесі дүниеге келді, ал студент Ақтілек физикалық теорияларды анимациямен байланыстырды.
  • «Art.DMG шеберлері»  үйірмесі тағы неге үйретеді?
  • Мұнда оқушылар қысқаметражды фильмдер түсіруді, дыбыс өңдеуді үйреніп, камераның алдындағы, сыртындағы жұмыстармен танысады. Қала оқушылары жақсы біледі, Оқушылар үйінің жаңа жылдық ертеңгілігі ерекше ұйымдастыралады. Ал сол сценарийдегі саундтерек, фанфар, робот секілді неше түрлі кейіпкерлердің дыбысын оқушылар дайындайды. Олардың фантазиясымен жұмыс істеуіне мүмкіндік беремін, кейін өзім қайта реттеймін. Оларға саундтректі ғаламтордан қалай іздеу керектігіне дейін үйретемін. Себебі, оқушылар ғана емес, мұғалімдер де ақпаратты қалай іздеуді білмейді. Айталық, қардың дыбысын тек қазақ тілінде емес, табылмаса ағылшын, тіпті неміс, жапон тілінде іздеу керек. «Google аудармашыны» балалар жиі пайдаланады. Қазір үйірмеде 20 оқушы бар. Төрт топқа бірігіп, әрқайсысы бір туынды жасап шығарады. 
  • Атауы неліктен «Art.DMG шеберлері»?
  • Өнердің ағылшынша аудармасы – аrt. Ал біз қысқаметражды фильм жасайтын бағдарламаның форматы – DMG. Айталық, көпшілік қолданатын Windows бағдарламасында Exsell.exe деген жазу шығып тұрады, ол – оның форматы. Сонда өнер DMG форматында жасалады дегенді білдіреді. Ал басшымыз қазақылық байқалу үшін шеберлері деген сөзді қосты.
  • Тұмарбике Сансызбаева есімді оқушыңыз Көкшетау қаласында өтетін байқауға қызықты жоба әзірлепті. Ол қандай жоба?
  • «Латын әліпбиін балаларға анимациялық туынды арқылы үйрету» деп аталады. Түсінікті болу үшін қысқаша желісін баяндап берейін. Мысалы, көзі, аузы бар «Қ» әрпі экранға шығады. Артында эксперимент жасайтын әдемі бункер бар. Ол былай дейді: «Сәлем, балақайлар! Әлем күн сайын дамып келеді. Мен де бәсекеге қабілетті болу үшін кішкене өзгеріске ұшырауым керек болды. Кездескенше!»-дейді де, бункердің ішіне кіріп кетеді. Кішігірім процесс жүреді. Бункер ашылып, ішінен Q шығады. «Тағы да сәлем, балалар! Мен баяғы сол «Қ»-мын. Аздап өзгердім. Бір жақсысы, мені енді әлем танитын болды» деп куанады.
         Балаларға жаңа әліпбиді осылай түсіндірсе, қабылдауы оңай болады. 
  • Мұғалімдер  қызығушылықпен сұрап, мұндай әдісті сабақ жоспарына енгізгендер болды ма?
  • Иә, мұғалімдер жиі анимациялық туынды үшін хабарласады. Бірақ «үйретші» деп емес, «жасап берші» деп айтатындары өкінішті. Ал мен ондайда бас тартамын, олар «ақысын төлейміз» дейді. Қазір мұғалімдер дайын дүниеге, жасатып алуға үйренді. Жүйе сондай. Мүмкін, оларды кінәлауға болмас, уақыт тапшы, жұмыс көп дегендей. Ал ғылыми жоба, байқауға қатысатын ұстаздарға, тіпті Астана, Алматыды оқитын магистранттарға жиі көмектесемін. 
  • Мультфильм дайындауда бір секунд үшін 25 сурет салынады деп оқығанбыз. Жалпы туынды қалай, қанша уақытта жасалады?
  • Анимация саласы өте күрделі. Тышқанмен сурет салу қолайсыз, сондықтан графикалық планшетпен сызба жасаймыз. Мұны оқушылар үшін өзім сатып алдым. Кәдімгі қалам тәрізді, тек сурет салғанда планшетке емес, компьютерге қарап отырасың. Бес минуттық мультфильм үшін 4 ай уақыт кетеді. Ал 1 минуттық дүниені ең жылдам дегенде 1-1,5 апта жасаймын.
  • Жолдауда ІТ технология турасында бірнеше тапсырма берілді. Жалпы елімізде ІТ стартаптар көп болу үшін нені дамыту керек деп ойлайсыз?
  • Әлгінде айтып өткенімдей, даярлық сыныбынан бастап балаларды ғылымға үйрету керек. Жапония, Кореяда 5-сынып оқушысы жаңалық табады да, неге біздің елде 7-сыныпта ғана ғылым заңдылықтарымен таныстырады. 2017 жылы оқушыммен бірге ғылыми байқауға қатыстық. Сонда даярлық сыныбының оқушыларына тәжірибе жасадық. Оларға қарапайым жарықтың қалай жанатынын анимация арқылы көрсеттік. «Екі сым болады. Бойларында электр тогы бар. Егер қосқыш, «включателді» бассаң, бір-біріне тиеді де, жарық жанады» деген ойды бейне арқылы түсіндірдік. Кіп-кішкентай балалар көрді де, бірден айтып берді, тіпті үйлеріне жаңалық етіп айтып барыпты. Сондықтан бала күннен технологияға қызықтыру керек. Сонда ғана мақсат пайда болады.
  • Оқушы кезіңізден техникаға жақын болағаныңыз байқалады.
  • Расымен, тіпті тынымсыздығымның арқасында жиі токка түсіп қалатынмын. 5-сыныпта «DVD» мен магнитофоннан қалай дыбыс шығатынын білгім келді. Жалғанғыш сымдарын қозғап, соңында «DVD»-дің дыбысын магнитофоннан басқаратын етіп қайта жасағанмын. Дыбыс ұлғайтқыш аппараттарды әр түрлі құрылғыға қосып тәжірибе жасайтынмын. Тіпті мұны А4 параққа сызып, папкаға жинақтадым. Бірде тоқ шәйнектің ток жалғанатын түбі істемей қалып, сымды кәдімгі алмас арқылы жақындатып орналастырдым. Токка қоссам шәйнек жұмыс істеп тұр. Қуанып кеткенім сондай, алмасты қолыммен тартып алмақшы болдым. Ток тартып, шәйнектің шнуры үзіліп кетіп, аман қалғанмын.(күліп) Ал компьютерді мектеп кезінен-ақ информатика кабинетіне ұрланып кіріп жүріп үйренгенмін. Ақырында бір компьютерді жандырып алдым. Бірақ слайд дайындап, мұғалімдердің байқауына көмектесіп жүретін оқушы болған соң, жазаламады-ау деймін.
  • «Жаңа заман педагогы» байқауында І орын иеленіпсіз. Сіздің қандай ерекшелігіңіз басым болды?
  • Менің басқа мұғалімдерден ерекшелігім жеке әдістемелік кітапшам болды. Кез келген мұғалімде күнтізбелік сабақ жоспары болады. Мысалы, мектепте бейіндік пәндердің тақырыптары алдын ала бекітілген. Менің де күнтізбелік жоспарым болу керек қой. Ал мен оны өзім құрастырдым, авторлық әдістемелік кітапшам мен күнтізбелік жоспар жасадым. Екінші кезеңде тәрбие сағатының тақырыбы берілді. Соны жаңа педагогикалық технологиямен өтуің керек. Импровизацияның нағыз керек кезі. Ал мен тв-шоу ретінде «Айтуға оңай» телебағдарламасы секілді тәрбие сағатын ұйымдастырдым.
  • «Инновациялық жобалар» байқауының финалисі атандыңыз. Қандай жаңалық ойлап таптыңыз?
  • Байқауда «Оқушыларға латын әліпбиін анимация арқылы үйрету» жобасын таныстырдым. Сабақ жоспарда бекіту деген кезең бар. Осы кезеңде оқушылар әріптерді қайталап, еске түсіру үшін караокемен ән айтқызу идеясы ойыма келді. Бұл, шынымен, тиімді тәсіл. Алдымен бәрі білетін гимннің караокесін жасадық. Жазбаларға еріп өлең айтқан балалар автоматты түрде әріптерді жаттағанын байқамай да қалады.
  • Ерекше идея екен! Туған аулыңыз туралы  да айта кетсеңіз...
  • Қазалы ауданындағы Қожабақы деген ауылда 1995 жылы дүниеге келгенмін. Орта мектепті бітірген соң, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың физика пәнінің мұғалімі мамандығында оқыдым. Отбасында жалғыз ұлмын. Сол себепті оқуды аяқтаған соң анамды қалаға көшіріп алдым. 
  • Сұқбат үшін рақмет!
Әңгімелескен: Айдана ЖҰМАДИНОВА
01 ақпан 2018 ж. 1 228 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930