» » » КӘСІП АШҚАННАН ГӨРІ ҚАЙТАРЫМСЫЗ 5 МИЛЛИОНДЫ ЖЕҢІП АЛУ ОҢАЙ

КӘСІП АШҚАННАН ГӨРІ ҚАЙТАРЫМСЫЗ 5 МИЛЛИОНДЫ ЖЕҢІП АЛУ ОҢАЙ

Назым ӘЛИЕВА, Халықаралық бизнес академиясының түлегі:

 
   Назым – консалтинг бағытында 5 жылдан аса жұмыс жасаған кәсіпкер. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаларды халыққа кеңінен насихаттап, кәсіп ашудың қыр-сырымен бөлісті.

 – Назым Қанатқызы, бүгінде халықтың қаржылық сауатын ашып, банктің емес халықтың тілімен түсіндірудесіз. Кәсіп ашқанда ең бірінші қандай мәселені басшылыққа алу маңызды?
  – Бүгінде кәсіп ашамын немесе кәсібімді дамытамын дегендерге толықтай мемлекеттен қолдау бар. Қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген 2%-дан бастап берілетін несиелер, кәсіпкердің шыққан шығынын азайту мақсатында қайтарымсыз субсидиялар барлығы қол жетімді. Тек осы бағыт бойынша шарттарды білу және соған сай құжаттар дайындау маңызды. Осы тұста халықтың қаржылай сауатын арттырудың маңызы зор. Ең алдымен бизнес жоспарды сауатты құрып, жан-жақты зерттеу қажет. Сол кәсіптің дамитынына толыққанды көз жеткен соң жобаның атауына, логотипіне, ұранына мән берген жөн. Үлкен компаниялар логотиптің өзіне өнім атауын және ұранын ойлап табатын маркетингтік компаниялардың қызметіне жүгінеді. Өйткені ерекше, оңай есте сақталатын, басқа өнім арасында тез табуға көмектесетін жобаның атауы, логотип кәсіптің дамуына септігі мол. Егер мұндай компанияның көмегіне жүгінуге қаражатыңыз жеткіліксіз болса, «Play market»-тен «Сanva» қосымшасын жүктеп, логотип бөліміне кіріп, өз жобаңыздың логотипін жасап көруге болады. Ал логотипіңізді егер ешкім көшірмесін десеңіз, тауар таңбасын тіркеуді ұмытпаңыз. Кәсіби түрде жасалған бизнес жоспар қауіп-қатердің алдын алады.
   – Аталған грантты жеңіп алу үшін не істеу керек? Талаптары қандай?
  – Мемлекеттік грант алу үшін өзіндік талаптары бекітілген. Егер жұмыспен қамтылған немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпкер болсаңыз, Атамекен кәсіпкерлер палатасына жұмыс орнынан анықтама немесе кәсіпкер куәлігін алып «Бизнес бастау» жобасына тіркелесіз. 10 күндік оқуды оқып, сертификат аласыз. Содан кейін 2-5 млн қайтарымсыз грантқа жобаны мұқият дайындайсыз. Аталған жеңілдетілген несиеге жоба ұсынасыз. Бұдан бөлек елімізде “Еңбек–2021” бағдарламасы аясында Жұмыспен қамту орталығы 200 АЕК яғни 555 600 теңге грант берілуде. Ол үшін жоғарыда айтқанымыздай, Атамекен кәсіпкерлер палатасына Бизнес мектеп курсына жолдама алу қажет. Жолдамамен онлайн тіркеліп, курсты оқып, тест тапсырып, сертификат алған болсаңыз, грантқа үміткер бола аласыз. Қаржылай сауатыңыз жоғары болса, кәсіп ашқаннан гөрі қайтарымсыз 5 миллионды жеңіп алу оңайырақ. 
    – Бүгінгідей қызылтаяң уақытта қай бағытта бизнесті дамытқан жөн деп ойлайсыз?
   – Бүгінгі таңда өндіріс саласына, оның ішінде бірінші қажеттілікке жататын өнімдердің өзіміздің елде сапалы өндірілуіне мән беру қажет. Сонымен қатар қажеттілігін жоймайтын азық-түлік саласының маңызы зор. Мысалы, Пекин үйрегін өсіру арқылы бизнесті дамытуға болады. Бұл үйректің балапаны 700 теңгеден басталады. Оны екі ай бағып 4500 теңгеге кафе, ресторан, кәуапханаларға сатуға болады. Сонымен қатар әлемдегі ірі қой тұқымына жататын Ғиссар қойын бағу арқылы мол қаражатқа кенелуге болады. Бұл қой етті, құйрықты болып келеді. Бір қойдың салмағы – 180 килограммға дейін жетеді. Ғиссар қойы көбінесе Тәжікстанда, Өзбекстанда, аздап Қырғызстан мен Қазақстанның кейбір аудандарында өсіріледі. Бұл қой аса күтімді қажет етпейтіндігімен қатар төзімділігімен ерекшеленеді. Қойлар қыста 500 шақырымға дейін биік таулы жайылымдарға дейін барады. Ғиссар тұқымының еті керемет дәмді, сонымен қатар пайдалы және қоректік заттарға бай. Осының арқасында бұл нарықтағы ең қымбат өнімдердің бірі. Сойылған ет өнімділігі 60% деңгейге жетеді. Қойдың марқасы орта есеппен 100 мыңға бағаланады. Жоғарыда аталған идеялар ауыл шаруашылығы бойынша. Ал елімізде жарияланған төтенше жағдайға дейін той саласында қызмет атқарсаңыз, “тойлар тоқтады” деп қапа болмаңыз. Той жасамасақ жанымыз жай таппайтын халықпыз ғой. Енді қонақты мейрамханадағыдай үйде күту үрдісі белең алды. Яғни мейрамханадағы мамандарды үйге шақыртуға сұраныс артуда. Сол себепті тобыңызды жинақтап, жұмысқа кірісуге болады. Бұл бағытта жұмыс істейтін Compas Group компаниясы мейрамханалар жұмысы тоқтамаған кездің өзінде 2016 жылы 1 620 000 000 $, ал Sodexo компаниясы 840 000 000 $ табыс тапқан. Ал сіз мүмкіндігіңізді осы тұста сынап көрсеңіз болады.
   – Алдағы жоспарыңыз қандай?
   – Мемлекеттік бағдарламалар өте жақсы жұмыс істеп тұрғанын анық көрсеткіштермен көрсету керек. Кәсіпкерлік бағыттағы барлық жаңалықтарды зерттей келе оқырмандарға барынша ұғынықты тілмен жеткізуді ойлаймын.
   – Әңгімеңізге рахмет
Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА
13 тамыз 2020 ж. 906 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930