» » » БОЛАШАҚТА ҮЙІМІЗ БҰЙРЫҚ АРҚЫЛЫ БАСҚАРЫЛАДЫ

БОЛАШАҚТА ҮЙІМІЗ БҰЙРЫҚ АРҚЫЛЫ БАСҚАРЫЛАДЫ

      Сәбит Ибадуллаұлы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы:
Облыстағы іргелі білім ордасы саналатын Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың түлегісіз. Сонымен қатар облыстағы ең жас ғалым, әрі кафедра меңгерушісіз. Кафедра меңгерушісі болу ғылыммен айналысу мүмкіндігіңізді шектемей ме?
Рақмет. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да бес жыл студент, екі жыл магистрант болып, 7 жыл білім алдым. 2011 жылы университетіміздің қолдауымен PhD докторантураны Мәскеу қаласының Ресей халықтар достастығы университетінде оқып, сәтті қорғадым. Жалпы, университет кадрларын қолдау мақсатында барынша мүмкіндік жасайды. Яғни, ғалымға ғылыммен айналысу үшін қосымша жұмыс кедергі болмайды. Себебі, жалғыз ғылыммен айналысу оңай шаруа емес. Әртүрлі психикалық зақым келуі мүмкін. Ойды бөліп тұратын басқа да факторлар болу керек. Ойды дамыту үшін үнемі үзіліс жасау маңызды. Кафедраның жұмысын атқару мен үшін қызық әрі ойымды одан әрі жетілдіруіме себепші болуда.
         – Жуырдаоблыс әкімдігінің қолдауымен ақпараттық технологияларға қызығушылығы бар жастарды бір арнаға тоғыстырған «HackDay» сайысы өтті. Аталған сайыста қандай тың жаңалықтар болды?
«HackDay» сайысында шамамен 100-ге жуық қатысушы болады деп жоспарланған. Негізінде сайысқа 500-ден астам қатысушы тіркеліп, 100-ден аса жоба ұсынылды. Бұл көрсеткіш Сыр өңірі жастарының белсенді екенін айғақтайды. Аталған сайыста жобалардың мазмұны мен мәні толыққанды түсіндірілді. Дегенмен, әр жоба өзінше ерекшеленіп тұрды. Яғни бірінен-бірі өтті. Мәселен, «Кино және бейне» бағытында түсірілген ҚМУ-дың су шаруашылығы мамандығының студенттері әзірлеген бейне бірінші жүлделі орынды иеленді. Сонымен қатар «Контент және медиа» бағытында жасалған жобалар бірінен-бірі асып тұрды. Әділ қазылар шешімімен қатысушылардың көңілінен шыққан жобалардың бірі – университетіміздің «Ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру басқармасының» қызметкерлері жасаған «3D визуализация левого берега Кызылорды» жобасы озық деп танылды. Есептеу техникасы және ақпараттық технологиялар кафедрасының студенттері әзірлеген «3D Qara ui` (қара үй) конструкторы» жобасы да көпшілік көңілінен шықты. «Рухани жаңғыру» тұсында салт-дәстүрімізді, тарихымызды насихаттауға бағытталған туристерді елге тартуға болатын тың идея екеніне көз жетті. «Ақпараттық технологиялар» бағытына қызығатын жастарымыз көп екеніне әрі сапалы жұмыстарды көргенде төбеміз көкке жетті. «Smart city», «Smart house» сынды  латын әліпбиін дамытуға бағытталған жобалар саны жағынан басым болды. Алдағы уақытта бұл ұсынылған жобалардың игілігін көретін күн алыс емес.
         – Оқушыларды жастайынан робототехника саласына баулу үшінқандай пəндерді жетік меңгеру маңызды?
Саламыз робототехника бағытында болғаннан кейін жан-жақты талдау жүргіземіз. Мәселен, Ресейдегі оқушылар 2010 жылдан бастап робототехника жарысына қатысып жүлделі орындарды иеленіп жүр. Біздің елде де соңғы жылдары арнайы робототехника сайыстары жиі өткізіліп келеді. Бұл жастардың ғылымға деген қызығушылығын оятады. Ал робототехниканы жақсы игеру үшін физика, математика, ағылшын тілі және информатика пәндерін жетік білу қажет.
         – Бүгінде "робот" сөзін қазақшалап "құлтемір", "темір адам" деп айтып жүрміз. Бұл сөздер сөздің мағынасын дәл бере ала ма? Дұрыс па?
1920 жылы чех жазушысы Карел Чапек өз кітабында «робот» сөзін алғаш қолданса, 1921 жылы қойылған фантастикалық қойылымда «робот» термині адам тәрізді жасалған күрделі құрылғы, көмекші, жаны жоқ, адамның н жұмысын атқара алатын автоматтандырылған құрылғы есебінде ұсынылған. Бір ғасыр бұрын айтылған «робот» бүгінге дейін мағынасы да, атауы да өзгермей жетті. Меніңше, «робот» сөзін аудармай, термин есебінде бастапқы сөзді сақтап қалған дұрыс деп есептеймін.
         – Белгілі сарапшылар алдағы 20 жылда адам істейтін жұмыстың басым бөлігін роботтар атқаруы мүмкін деп дабыл қағуда. Бұл адамның мүмкіндігін шектемей ме?
Әрине, біз ақпараттық заманда адамдардың орнын робот басады деп жатамыз. Бірақ ойлап қарасақ, роботты адамдар жасайды, бақылайды, дамытады. Қалай десек те робот адамға тәуелді құрылғы болғандықтан еш алаңдаудың қажеті жоқ. Осындай ойларды ойлағаннан гөрі жаңа технологияларды игеру және соны жіліктеп тастайтындай маманға айналудың жолын іздеу маңызды. Роботтарсыз-ақ әлемдік статистика бойынша жұмыссыздар саны жоғары. Бұл көрсеткіш адам саны артқанына байланысты өсе береді. «Елу жылда ел жаңа» демекші, барлығы да өзгереді. Керісінше, қоғамда жас мамандар көбеюде. Бұл дегеніңіз тың идеялар жүзеге асырылып, заман талабына сай жаңа жұмыс көздері ашылатынының дәлелі. Техника қаншалықты дамыса да робот жай ғана адамға көмекші күрделі құрал болып қала береді.
         – Сіз басқаратын кафедра студенті жуырда «Ақтөс» атты қазақы итті ойлап тауып, Жапония елінде өткен сайыста топ жарды. Бұл қазақы иттен алдағы уақытта қандай жаңалық күтуге болады?
«Микроконтроллерлерді бағдарламалау» атты лабораториялық кешенді қолдана отырып «Ақтөс» атты робот ит жасап шықтық. Ол микроконтроллерге жазылған бағдарлама арқылы басқарылып, буындарында тұрған моторларға басқару сигналдары жіберіледі де, берілген бұрышқа бұрылады. Сол кезде робот түрлі процестерді жүзеге асырады. Яғни, жүреді, отырады, жатады. Роботтың корпусы 3D принтерде құйып шығарылды. Қазіргі таңда "Ақтөс" роботын жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Адамның бет-әлпетін тану, дыбысты ажырата білу, иіс сезу секілді жасанды интеллект элементтерін қосып, модернизациялаудамыз.
         – Қазіргі таңда елімізде ІТ саласын таңдаған жастар көп.  Алайда олардың көпшілігі бұл салада жұмыс істемейді. Осы мәселе төңірегінде оқытушы ретінде қандай бастамалар көтерер едіңіз? 
Әрине, елімізде ІТ саласын таңдаған жастар көп. Бірақ олардың көшілігі әртүрлі салада қызмет істеп жүр. Әр тұлға өзінің талғамы, алға қойған мақсатына қарай ауыса береді. Елбасының биылғы жолдауында IT бағытын дамытуға үлкен мән беріп, оны орындауға негізделген 10 міндет қойды. Енді қай сала болмасын барлығына IT бағытын ұштастыра отырып, IT биолог, IT медик, IT агроном секілді мамандар сұранысқа ие болады. Осы орайда көпшілігі бұл салада жұмыс істемейді деген мәселенің басым бөлігі шешілмек.
         – Big Data, әлеуметтік инженерия туралы, жасанды интеллект туралы толығырақ айтсаңыз?
Елбасы жолдауында технологиялық инфрақұрылымның дамуы мен үлкен деректер (big data) базасын пайдалану біздің қоғамымыздың ауқымды цифрлық түрленуіне алып келуін баса айтты. Егер цифрландырудың алдыңғы кезеңі миллиондаған тұтынушылардың интернетке қол жетімділігін кеңейтумен сипатталса, ал жаңа кезең – цифрлық қызметтердің, өнімдер мен жүйелердің кең спектрін киберфизикалық жүйеге біріктірумен ерекшеленеді. «Цифрға» жаһандық көшу – экономиканың көптеген секторлары түбегейлі өзгереді. Шын мәнінде, бүгінде барлық салаларды цифрландыру үрдісі жүріп жатыр – технологиялық құрылым мен өндірістік тізбектер, сұраныс пен өндірісті басқару үрдісі және басқа да инновациялық сипат өзгеруде. Көптеген сарапшылардың пікірі бойынша, алдағы 5-7 жылда біздің өміріміз түбегейлі өзгеруі мүмкін, мұндағы біздің міндетіміз – аталған технологиялық айналымды жіберіп алмай, ілесу.  
     – Соңғы кезде өмірімізге етене енген "Smart сity", "IТ" жобаларынан жастардың қолтаңбасын көре аламыз ба?
Жоғарыда атап өткендей «HackDay» сайысында біршама жаңалықтар дүниеге келді. Университетіміздің «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер», «ақпараттық коммуникациялық технологиялар» кафедрасының студенттері тың жобалар дайындады. Мәселен, ақылды үй бағытында арнайы датчиктерден иіс сезгіштік қабілеті бар газдың не болмаса басқа қауіп қатерлі иісті сезіп, мобильді байланыс арқылы үйдің иесіне хабар жеткізетін құрылғы әзірленді. Сонымен қатар, ақылды үйде қолдануға болатын дауыспен бақару жүйесі де жүзеге асуда. Бұл сөйлеу арқылы басқару жүйесі қорындағы командаларды орындайды. Демек, болашақта бұйрық арқылы басқарылатын үйлер болады, яғни сәлемдесуден бастап әр орнатылған командалар арқылы орындау: «Электр қуатын қос», «терезе пердесін жап немесе аш», «бүгінгі ауа райы қандай», «шайнекті қос» сынды кілтті сөздермен үйіңізді жүйелі түрде бір жерде отырып-ақ немесе жұмысыңызды атқарып жүріп-ақ ауызша басқаруға болады.Болашақта роботқа арналған жасанды интеллект жүйесін жасау және  медициналық өлшеу қондырғыларын жасау ойымызда бар.
         – Жас ғалымның  алдағы жоспарлары қандай?
Болашақта облыс әкімдігі мен «Microsoft» компаниясы арасындағы меморандумға сәйкес университет базасында бірлескен ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізу мақсатында «Microsoft» академиясы ашылады. Аталған академияның жұмысын жүйелеуде еңбек етеміз. Сондай-ақ, университеттің жас ғалымдары «Big Data» және жасанды интеллект бағыттарында зерттеу жұмыстарын жалғастырады. Университет мұражайының «Smart museum» интерактивті жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта мұражайға келушілер смартфон арқылы барлық объектілерді 3D визуализациясы арқылы көріп, мұражайдың секторларымен 3D галаграммалық бағыт бойынша таныса алады.  Жаңа технологияларды жастарымыз жылдам әрі сапалы түрде игеріп, бүкіл әлемде Қазақстан елінің IT бағыты бойынша жоғары көрсеткіштерімен танылуына бар күш-жігерімді саламын.
– Әңгімелескеніңізге рақмет.
Сұқбаттасқан: Айгүл ӘЛІШЕРОВА
08 ақпан 2018 ж. 998 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031