» НАМАЗДЫ САҒЫНДЫМ

НАМАЗДЫ САҒЫНДЫМ


Ауруханаға түскеніме бір аптадай болды. Бұл жерде сау адамның өзі ауру табатындай көрінеді. Ақылы бөлімде жатсақ та, терезеден соққан салқын леп, жылы судың жоқтығы, суға түспек түгілі кіруге зауқың болмайтын ванна әбден ескірген. Оған қоса бірнеше күннен бері қара бұлт торлаған ауа-райы еңсені басып тұр. Аспанға қарағым келмегендіктен керуетім жақтағы терезені парақпен қаптап тастадым. 

Палатада үш адам едік, бір қызды кеше шығарды. Енді Аяулым екеуміз қалдық. Аз уақыт ішінде бір-бірімізге бауыр басып қалыппыз. Бірге тамақтанамыз. Түстен кейін сағат 4-терде мен шай қоямын. Көбінде жалғыз ішемін. Себебі Аяулым түтікпен ішкісі келмейді. Анасы емес мен көмектескеннен бе қысылады. Ол жүре алмайды. Омыртқасына қатты зақым келгендіктен төсекке таңылған. Жол апаты болғанын анасы телефон арқылы айтып жатқанда естіп қалғанмын. Қалғанын сұрағым келмеді.
Бір күні журналдың парағы тізілген терезеге ұзақ қарап жатқанын байқадым. Жасағаным ұнамаған секілді. Бір апта көп уақыт емес. Десе де бір бөлмеде күні бойы бір адаммен болсаң, оның біраз қылығын танып қаласың. Оған бірнәрсе ұнамаса, үнсіз ернін шүртитетін. Бірақ дауыстап айтпайтын. Қазір де дәл солай, бұртиып жатыр.
– Алып тастайын ба, – дедім көп ұзамай. Ол басын үнсіз изеді. Үстелге мініп, әр жеріндегі скотчты тарта бастадым. Біртіндеп бөлмеге қара бұлттың артына тығылған күннің әлсіз сәулесі түсті.
– Аспанға қарағанды жақсы көремін. Жаным тынышталады. Ұнатпай жатқанымды қалай біліп қойдың? Білдірмеуге тырысып едім.
– Ай, сол қатты тырыспадың-ау, – деп басымды әрі-бері шайқадым.
Ол сәл жымиды да, «аяғымды қымтап жіберші, есіктен салқын соғып тұр» деді керуеттің төменгі жағын меңзеп.
– Рақмет. Бұрын болмашы дүниеге ашуланып, ұнамайтынды ішіме сақтамайтынмын. Қазір осы жерде жол апатына дейінгі Аяулым болса, сенімен ұрысып, өзі барып терезедегі парақтарды жұлып тастар еді. Бірақ мені өмір қатты сілкіп алды. Сол күні де тойдан шығып, күйеуіме артық әңгіме көп айттым. Қазір ойласам, түкке тұрмайтын дүние.
Осы уақытқа дейін оның жағдайын сұрап, ер кісінің келгенін көрген емеспін. Сонда түсіндім. Жол апатынан аман қалған тек Аяулым екен.
– Қызық. Тепе-теңдік болу үшін, Алла біреуін сүріндіріп, біреуін биікке шығарады. Білесің бе, қазір бәрінен де қатты намазды сағынамын...
Оның қайта аяққа тұруды, жүруді, өз қолымен тамақ ішуді емес, намаз оқуды сағынғаны мені расымен таңғалдырды.
  – Алғаш рет сәждеге барғаным есімнен кетпейді.
Мен артық сұрақ қойған жоқпын. Мұздай болып, арқамнан өткен салқын қабырғаға жастық қойдым да, соған сүйеніп, ұзақ уақыт іште сақтаған әңгімесін үнсіз тыңдадым.
– Рамазан айы еді. Намаздан мүлде хабарым болмады деп айта алмаймын. Үйде әкем намаз оқитын. Таң намазына тұрып, айқайлап азан шақырғанда, ұйқымнан оянып кететінмін. Сосын ол оқып болғанша қараңғыда отырамын, өзімді кінәлі сезініп. Оқу керек, оқу керек деп жүргеніме біраз болған. Бір күні үйде ауызашар әзірледік. Аузы берік құрбымды да шақырдым. Дастарқан басында ол қайта-қайта телефонына қарап отырған. Қонақтар тарқап, адам азайғанда жаныма келіп, тарауихке еріп баруымды өтінді. Негізі әпкесімен бару керек тұғын. Бірақ оның сәбиі сырқаттанып, бара алмайтын болыпты. Қарашы, қандай себеп?! Алла сәтін салған уақыт. Дәрет алып, ұзын, жасыл көйлегімді киіп, ақ орамалымды тағып, мешітке бет алдық. «Менің жасағанымды қайталасаң болды» деп құрбым алдымда келе жатыр.  Аяқ-киімді шешіп, екінші қабатқа көтерілдік. Әйелдер жиналып қалыпты. Бәрі сыпайы түрде бас изеп, «әссәләмәғәләйкүм» деп сәлемдесті. Мен көзім бақырайып, үнсіз басымды изей бердім. Тарауихке алғашқы келуім еді. Терезенің қасына жайғастық. Ол сәл ашық тұрғандықтан тор пердесі жазғы кештің самалымен жай қозғалып тұр. Сол картина әлі көз алдымда. Ойласам, тыныштық береді. Имам азан шақырып бастағанда бәрі қатарға тұра бастады. Бір жағымнан құрбым, екінші жағымнан аққұба келген келіншек иығын тіреп тұрғанда ерекше қолдауды сездім. Қорқынышым саптай тыйылды. Мүмкін топырлаған адамның ортасында тұрғаным әсер етті ме, әлде Алланың алдында қара нүктеге ұқсас сондай кішкентай екенімді түсіндім бе, имам Фатиханы оқып, келесі сүреге көшкенде, еріксіз басымды төмен түсірдім. Алла ұлық деп рүкүғтан тұрып, сәждеге барғанда маңдайымды жер магнитше тартып алғандай сезіндім. Шынымды айтам, қайта тұрғым келмеді. Өзімнің әлсіздігімді, Алланың ұлылығын сонда ұғындым. Түсіндім де, жыладым.Тұрып, қайта сәждеге барғанда да көзімнен аққан жас тыйылмады.
Дәл сол мезетте ойымда пайда болған сұрақты дөп басты.
– Иә, одан кейін құрбым бәрін үйретті. Бастапқыда таң мен құптанды оқуды үйрендім. Біраз уақытқа дейін қателесіп, қарап оқып, қайта жаттап жүрдім. Кейін төселдім. Бірақ соңғы уақытта отбасымдағы жағдай, жұмыстан шығып қалғаным, сәбилі бола алмағаным бәрі қосылып, бір күні оқысам, бір күні оқымайтынды шығардым. Жалқаулық басты бойымды. Бұл ақталғаным емес, өкінгенім. Сол кезде көбірек оқығанымда ғой. Сабырлылау болғанымда ғой. Қазір, ең болмаса, бір рет екі рәкатын оқи алсам ғой...
– Ойша оқуға болмай ма, – деп, іштей ойлап отырғанымды қалай дауыстап айтқанымды байқамай қалдым. Тіпті ол «туһ, ойша оқысаң болады ғой» деп кінәлағандай естілді. Ұялғанымнан тілімді тістеп қалдым. Сонымды байқады-ау, басын үнсіз изеді де, жай ғана:
– Бәрібір жайнамазда тұрып оқығанға жетпейді, – деді.
Осы кезде медбикенің кезекті уколға шақырған дауысы оның ойын бұзып жіберді. Осы әңгімеден кейін енді мен оған өтініш айттым. Ол қуана келісіп, күнде бір-екі сағат екеуміз сүре жаттай бастадық. Маған намаздың шарттарын, дәрет алуды үйретті. Неше түрлі хадис, бұрын-соңды естімеген діни әңгімелер айтып береді. Бірақ сол уақыттың Аяулыммен өткізген соңғы апта болатынын мен білмеппін.
Қазір намаз оқитынның алдында ойымды сәл де болса еріншектік бойласа, Аяулымның өкінген сәтін қайта-қайта еске аламын.    
Әсел БЕГМАН
---
21 ақпан 2019 ж. 933 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930