» ЖЕТЕК ӘКЕТКЕН ЖІГІТ

ЖЕТЕК ӘКЕТКЕН ЖІГІТ

Қаныбек ӘБДУОВ
Жетек дегенді естігенім болмаса көрген де, кездескен де емеспін. Бірақ кездескендер бар көрінеді. Ол–  кісі аяғы келіп-кетпеген елсіз, енсіз аймақта шаң беріп, жапанда жүрген жалғызды жәукімдеп, арбап алатын алаяққа ұқсайтын құдірет секілді. Одан опық жеп, айдалада аңырап, белгісіз бір аурумен бейтаптанып қалғандай күй кешеді екен. Сенбейін десем, сансыз оқиға сендіріп тұр. Айтпайын десем, аузымды құрғатып барады. Ал ендеше көрген-білгендер не дейді, тақырыпқа түрен салып, тарқатып көрелік.
Батыр – әуелден әйгілі аңшы. Жап-жас болса да, білмейтіні жоқ. Ойды-қырды шарлап біткен, көргені көп. Әуестігі шығар, дамыл тауып, үйде тыныш отыра алмайды. Даланың Робин Гуды секілді. Жолбарыстың жонынан атқан мықты мерген.
Пәтшағар қолы қалт етсе, қорғасынға бола ескі-құсқы аккумулятор іздейді. Енді қайтсін, аңшы дүкеніндегі пытыраға көңіл толмайды, нысанаға дөп тигенмен жанын жаншып өтетіндей қауқары жоқ. Бұл  қытайлардың ойлап тапқан арзанқол дүниесі.  Соның салдарынан талай аңнан көз жазып қалды, жарықтық түз тағысын текке жаралап қояды. Бұл қапыда қорлық көрсетудің күпісі дейді ол.
Сырдың бойы сыңсыған тоғай мен қаптаған қырғауыл. Басқасын былай қойғанда,  қырғауылдың өзін есепсіз қырып жатырмыз. Обал-ақ. Адам қажетіне қарай қару қолданса, жабайы табиғаттың жарылқаушы сыйы жеткілікті емес пе? Бірақ бәрі бірдей емес ғой, аң-құсты бизнеске айналдырғаны қашан? Қалада арнайы орындар бар, олар аңшы олжасын арзан бағамен қабылдайды. 
Аптасына екі күн демалысты тағатсыздана күтіп,  беліндегі бес қаруын сайлап, жауды жапырып жіберердей жан-жақты қамданып, қаланың аңшысымақ байшыкештері де осында келгіш. Келуін келгенмен олар Батырға тәуелді. Ауылдан ұзап ешқайда бара алмайды. Алыстап шықса адасады. Құмның тарам-тарам тармақ жолы қай нүктеге лақтыратынын бір құдай біледі. Есесіне бірге еріп жүретін жол бастаушы Батыр бар. Ол аң-құстың жатқан жерін, жай-күйін айтпай таниды.
Батыр тегіннен-тегін шықпайды. Қолына бес-он теңге ұстатады. Кейде ақша орнына оқ-дәрі ұсынады. Қалауын тапса қар жанады, қалалықтар қанжығасы майлы болса ештеңеден тартынбайды, сұрағанын бере салады. Бәрі де көңіл-күйге байланысты.
Бұл жолы қоянға қарқ болды. Топ-тобымен жүр. Өзіне өлім тілегендей байғұс қоян алдымыздан кес-кестей кезікті. Түн тылсымын тілгілеген өткір жарық қалыңның қуысындағы қоянды қалт жібермей, көзін байлап тастайды. Сосын тәңір алғыр, тырп етпей тұра қалады. Құдды театрдың сахнасы секілді. Қараңғы сахнадан жүздеген жанарға жеке-дара жарып, опера әншісін оқшаулап ұсынатын лазер сәулесіне ұқсайды. Ол опера айтып тұр-ау, мынау ше, мелшиген қалпы «марқұмға» айналды. Гүрсілдеген мылтық даусынан құлақ тұнады. Құлақтың бір мәнісі болар, қоянды айтсайшы. Батырдың жаны ашып-ақ тұр, бірақ  бәрі кеш. Есебін тауып, күш-күштеп үркіте салар еді, анау аңшылар оған келіспейді. Олар үшін олжа!
Әншейінде Жартытөбенің маңайы жарылқай қоймайтын. Өте сирек еді, бүгін бәрі сонда ауып кеткен бе, қоян қаптап кетті. Әдейілеп-ақ сонда апарған, біреу-жарымы  жеткілікті болар деп. Қас қылғанда қамыр іриді, енді сан соғып отыр. «Бассыз Батыр-ай, не істеп қойдым, өзім атамын деген қоян қас пен көздің арасында қырылып барады» деп ішін күйдірген күйікке өртеніп, қызғанышы кеудеге сыймай келеді. Әттең-ай десеңші!
Күн жоғалтпай кезетін кәсібі осы болғасын даланың төсі жайылған жайнамаздай жақсы таныс. Әрбір адыр-төбе шешесінің құс жастығындай, жантая кетсе жанға жайлы. Мұрты бүлінбеген бұла табиғат көз тояттайтындай керемет. Көктемде жұпар иісті жусан мұрынды жарып, шілде қайтқанда құр сүлдесі қалған қариядай қара барқын тартады. Қызық. Әсіресе, күн табағы алыстағы құм төбелерге бауырлай батып, ең соңғы қиығы да көзден таса болып бара жатқан шақ ерекше. Қызыл шырай сәуле қоршаған ортамен қоштасып бара жатқандай мұңданып кетеді. Қабағынан қимастық байқалады.
Бедеу күндер баяу жылжып жатыр. Күн жексенбі. Ептеп қоңыр салқын самал желпіп тұр. Батырдың аяқ астынан бойына желік бітті. Дауасы мың даланың төсін кезіп, тыныққысы бар. Сөйтіп мылтықты асынды да, бір өзі құмның қолтығына кіріп кетті. Сәтін салған істің салмағы жеңіл емес пе, ә дегеннен-ақ, әрекетке берекет дегендей, аңшы нысанасына бірі, сосын екіншісі ілігіп, мерген мүлт кетпеді. Жан дүниесі жадырап, жүрегінің басына бал тамғандай бір ләззат сезім баурап алды. Семіз сұр қоян екен, оны дорбасына салып алды. Бүгін олжасына көңілі толып, әрі қарай жүре берді. Бес-алты шақырымнан соң бұта түбінен бірі жылт етіп, ытқып қашты. Ол қуа жөнелді. Қос ауыздан қабаттаса екі оқ екпіндеп кетті. Бірақ қоян қыбыр етпеді. Дереу мылтықты оқтап, тағы атты. Кенет көзінің алды тұманданып, бұлдыр елес пайда болды. Арғы жағы есінде жоқ. Тек тоқтаусыз жүріп келеді, жүріп келеді. Алдында ойнақшып қоян кетіп барады.
Батыр Қызылқұмның қолтығындағы қойшының қоржын тамына тап келді. Есік-терезесін көтеріп кеткен, алба-жұлба үйдің қызығатындай дәнеңесі жоқ. Әйтеуір төрт қабырғасы, шатыры аман. Екі күндей еліріп, қоянның соңын қуған қаракеті күш-қуатын алып қойыпты. Сілікпесі шыққан сүлдесі сүйретіліп, кіреберіс бөлмеге әрең кірді. Төргі бұрышқа жантая кетіп еді, көзі ілініп кетті. Түсінде ауылдың ішінде екен, дастарқан толы астан ауыз тигісі келсе де, ешкім ишарат білдірмеді. Бір кезде әкесін көрді. Оның қабағы қатулы сияқты. Неге? Е түсіндім, әкем маған «Балам, аң-құстың соңың қуа берме. Абырой әпермейді. Аңның киесі бар, жазым етіп жүрмесін» деп көп ұрысатын. Нұрсапаның да айтқаны айдай келді. Қолынан қару түспейтін ол ақ қырғауылға жолыққан күні мылтықты сандыққа салып тастаған. Бұл маған ескерту деп, сонан кейін аңшылықты біржола қойды.
Батыр қара жерге қисайған қалпынан оянды. Сыз сергіткен сияқты. Таң атыпты. Түнімен осында болғанын енді түсінді. Мұнда қалай келді, бәрі бұлдыр. Асқазаны шұрқырап барады. Дорбадан қоянды алып, отқа қақтап жеді. Қарынға ел қонғасын, жан-жағын түгендей бастады. Үйдің үстіне шығып, төңірекке көз тастап көрді. Қалың сексеуілден өзге ештеңе байқалмады. Бойдағы әлсіздіктен ындыны құрып барады, жүргісі келді, ықыласқа еркі ыға қоймады. Қайта жатты.
Екі күннен бері ел үдере іздеп жүр. Ауыл азаматтарының бірі атқа, бірі көлікке қонып, із кесті. Бірақ нәтижесіз. Үшінші күннің таңы атты.  Үміт қалмай барады. «Осынша уақыт далада аман жүр дей алмаймын» деп кейбірі топқа ілесуді қойды. Дегенмен достары, ағайын-тума іздеуді тоқтатқан жоқ. Ең болмаса, сүйегі табылар...
Күн еңкейіп қалғанда шопанның тамына жетті. Ауылдан тұп-тура отыз шақырым жер. Ішіне кіргенде бір бұрышта бұратылып Батыр жатыр. Жүйкесі байсал тапқандай бейғам тыныстайды. Ол тірі, тірі! Қуаныштан әкесінің көзінен жас парлап кетті. Баласын құшақтай алды. Ол дел-сал. Дереу қолтығынан демеп, көлікке отырғызды да ауылға қарай тартты.
Батырға молда дем салып, өз-өзіне келгесін барып, жетекке жолыққанын айтты. Содан бері мылтық ұстаған жоқ. Тіпті қоян көрсе, қорқатынды шығарды. Бұрын әркімнен еститін еді, енді көзбен көргесін иланды. Жалғыз-жарым жүргенге жетек жолығады деп, ауыл аңшылары да алысқа аттап баспайды. Бұл да дұрыс, сақтанғаны жөн. Осылайша ауылды дүрліктірген оқиға аңшыларға сабақ болды.
---
21 ақпан 2019 ж. 1 299 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031