ЖАСТАР ЖЫРЛАЙДЫ
(Республикалық ақындар айтысынан репортаж)
Өткен аптада Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрында Жастар жылына және Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдығына арналған «Жастар жырлайды» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Аламан бәйгені екі дүркін «Алтын домбыра» иегері айтыскер ақын Мұхтар Ниязов жүргізді. Айтысқа қатысушы ақындардың өнерін бағалау үшін ақын Жүрсін Ерман, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлы және айтыскер ақын Кенжебай Жүсіпов қазылық етті. Кеш басында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов шешен-бидің өнегелі өмірі мен тағылымды ой-пікірін көпке үлгі етіп, қатысушы ақындарға шабыт тіледі. Кіл жүйріктер сынға түскен дода осылай басталды.
Айтыстың шымылдығын ат терлетіп Алматыдан келген Рүстем Қайыртайұлы мен Шымқаладан келген Біржан Байтуов ашты. Бірінші болып сөз алған Рүстем:
Ұятты анау сақтауға талапсыздық,
Біліміңді жіберер сауатсыз қып.
Сондықтан қалам ұстап, хат танымау,
Молданың алдындағы сауатсыздық.
Ал енді қосағыңмен қоса ағармау,
Алланың алдындағы жауапсыздық, – деп қоғамдағы отбасылық мәселені көтерді де:
Тау қопарып тастаса кейбір жастар,
Алдап-сулап медаль мен орден беред(і)
Негізі сый алатын орден емес,
Жастарға үй алатын ордер керек, – деп бүгінгі жастардың хал-ахуалын ашып айтты. Біржан:
Қазақ қайтып көбейсін балаларын
16000 теңгемен бағып жатса,
Мүмкін бе қазақтардың көбеюі,
Бір түнде бес сәбиден жанып жатса, – деп қара қылды қақ жарған Әйтекедей шындықты бұрмаламай тікесінен айтты. Тартысты айтыста екі ақын да тең түсіп, келесі кезеңге еш қиындықсыз өтті.
Екінші жұп қазалылық Нұрзат Қару мен астаналық Дәурен Ысқақ болды. Астаналық ақын баянмен шығып айтыстың көркін қыздырды. Олар қыз бен жігіттің әдемі айтысын жасады. Одан соң талай айтыста топ жарып, небір жүйріктермен тең өнер көрсеткен жерлесіміз Нұрмат Мансұров пен алтын домбыраның иегері Павлодар қаласынан келген Аспанбек Шұғатаев айтысты. Екі құрдас ел ішіндегі үй мен жәрдемақы мәселесін айтып, артынша өздеріне лайық әзіл өлеңмен тарқасты. Ал Оралдан келген Райымбек Өтепов пен бойындағы жеті өнерін жетілдіріп, айтыс пен жыраулықты қатар алып жүрген қазалылық Бексұлтан Орынбасаровтың айтысы әзіл-қалжыңға толы болды. Бұлар айтыстың ең жас және жаңалығы болған жұп болды. Мұнан соң халық қыз бен жігіттің керемет айтысына куә болды. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген де осы жұп еді. Астанадағы «Шабыт» өнер академиясының түлектері Қармақшыдан шыққан Сырым Әділбек пен тараздық жүйрік ақын Аруна Керімбек өзара бақ сынасты. Сырым елмен амандаса сала серілікке басып:
Мүмкіндіктер тумайды күнде мұндай,
Айналып қалар бәлкім жан-жарыма,
Іздемей-ақ, өзі кеп тұрған қызды,
Іліп ала салайын қармағыма, – деп тиісті. Қыз да жауапсыз қалмады:
Қармағыма түсіріп аламын деп,
Байқасам бұл алдына мақсат қойған.
Екеуміз доспыз әрі группаласпыз,
Төрт жыл бойы жүрдің бе айға қарап,
Бүгін сөзді бастадың бастапқы ойдан,
Сенің де түстен кейін маңырайтын,
Айырмаң болмады ғой ақсақ қойдан, – деп түйіп алды. Арасында тақырыптан ауытқымай қоғамның да мәселесін түйдек-түйдек сөздерімен батырып сынады батыр қыз.
Зоопаркте тұратын аңдар үшін
Күнде жиырма тоғыз мың төлейді екен.
Дәл осылай қорлай ма, қорлағанда,
Бес балалы отбасы он мың алад(ы).
Гүліміз қайтеді енді солмағанда,
Сонда біздің ел үшін адамдардың
Аң құрлы қадірлері болмаған ба, – көп балалы және жалғыз басты аналардың зар-мұңын осылай жеткізді. Одан соң:
Білесің Тараз жақтың ставкасын
Қалың малға миллион әкелесің.
Ана сүті бар және әке күші,
Оған бір-бір жылқыдан әпересің.
Жарлығын әкем өзі шығарады,
Барлығын осылардың өтегесін, – деген Арунаға Сырымда барын айтып:
Әкеңменен келісіп қалың малды,
Құдай жазса, ағайын бата аламын.
Жүр жыраудың еліне айтыстан соң,
Жүзіңді жарқыратып апарамын, – деп сөзін түйіндеп, бір шоқ гүлді қолына ұстатты. Осыдан кейін бірінші айналымды аяқтап, финалға жолдама алған айтыскер араға бір сағат салып, кім мықтыны анықтады. Нәтижесінде 5 сағатқа созылған айтыстың Бас жүлдесін жерлесіміз, азулы ақын Нұрмат Мансұров жеңіп, 1 млн. теңгені қанжығасына байлады. I орынды – Алматы қаласынан Рүстем Қайыртайұлы еншілеп, 700 мың теңге алды. Ал Шымкент қаласынан келген Біржан Байтуов II орынды қанағат етіп, 400 мың теңге алды. III орынды – Тараздық ақын Аруна Керімбек және Павлодар қаласынан қатысқан Аспанбек Шұғатаев түйіндеп, 300 мың теңге ұтып алды. Тағы бір айта кететін жайт, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының арнайы «Жастар жүлдесі» номинациясымен Орал қаласынан келген жас ақын Райымбек Өтепов марапатталды. Ол осы айтыстағы ең жас ақын еді. Мұнан бөлек, өзге қатысушыларға 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар үлестірілді.
Ақтілек БІТІМБАЙ