«MENIŃ ARMANYM» − МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ
«Startup Bolashak: Meniń armanym»бизнес-жобасы – жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған байқау. Жастар жылына орай ҚР Бiлiм және Ғылым министрлігінiң тапсырысы бойынша және Қызылорда қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің, сондай-ақ Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ұйымдастыруымен өткізілген бұл шараның бизнес-бастамаларға қолдау көрсетуде маңызы зор. 300-ге жуық қатысушының басын біріктіріп, 28 жобаның Шымкент қаласында өтетін ширек финалға жолдама алуына ықпал еткен шара туралы жоба ұйымдастырушысы Жандос Оразмаханов және жеңімпаздар жетекшісі Жұбатхан Нұрғалиевпен тілдестік.
Жандос ОРАЗМАХАНОВ, «Startup Bolashak: Meniń armanym» стартап-жобалар ұлттық байқауының Қызылорда облысы бойынша аймақтық үйлестірушісі:
Ақтық финал Нұр-Сұлтанда өтеді
− «Startup Bolashak:Meniń armanym» республикалық-ұлттық бизнес жобалар байқауы 16-29 жас аралығындағы жастарды қамтиды. Бұл кезге дейін кәсіпкерлік саласына бет бұрған жастар үшін Zhas projeсt жобасы ұйымдастырылып, қайтарымсыз гранттар берілді, бірақ тегін алынған қаржы бизнеске деген жауапкершіліктің салмағын азайтып, студенттерде селқостық пайда болды. «Meniń armanym» жобасының басты ерекшелігі – жастар өз идеясын адал еңбекпен жүзеге асырады, яғни жобаның прототипін жасап, өнімді сатылымға шығарады, инвестордың оң бағасын алу үшін талаптанады. Байқаудың алғашқы күні «Сала таңдау», «Kanvas бизнес-моделі», «Pıtch презентация» тақырыптарында тренингтер өткізіліп, менторлар бизнес жобалармен танысты. Ментордың таңдауымен 34 жоба екінші күнгі қорғауға жіберіліп, ширек финалға үшін бақ сынады. Нәтижесінде сәтті қорғалған 28 жоба Шымкент қаласында таласқа түседі, ал жартылай және ақтық финал Нұр-Сұлтан қаласында телевизиялық форматтағы реалити-шоу түрінде өтетін болады.
Жұбатхан ЕРЛАНҰЛЫ, «Болашақ» университетінің жастар ісі жөніндегі әдіскері:
«Бәсекенің» бәсі биік
− «Meniń armanym» жобасына «Болашақ» университетінен 6 жоба қатысып, ширек финалға жолдама алды. Университетіміздің студенті Ислам Қалдан «Qazaqy susyndar» жобасы бойынша қымыз және саумал өнімдерімен қала тұрғындарын қамтамасыз етуді мақсат етсе, Нұрекеш Шыңғыс Marvel және Disney мультфильмінің кейіпкерлерін балалар үшін қызықты етіп дайындайтын оқу орталығын ашуды көздейді. Нұрдәулет Мәдібекұлының уақытты қызықты, әрі тиімді өткізуге арналған «Snookball» жобасы да менторлардың көңілінен шықты. Зарина Азаматова балаларға арналған жан-жақты бағыттарды қамтитын бір апталық демалыс лагерін ашу идеясымен финалға жолдама алса, Ғазиза Әлібек «Бәсеке» атты стратегиялық үстел ойынымен жеңімпаздар қатарынан көрінді. Жобалардың арасынан жастарды кәсіпкерліктің стратегиялық қадамдарына және тәуекелді шешімдер қабылдауға үйрететін «Бәсеке» ойыны ерекше ұнады. Оның әлемдегі басқа үстел ойынынан ерекшелігі − бос уақыт өткізіп, сөз таластыру емес, ең бастысы, аз ғана қаражатпен кәсіп бастап, соңында мықты кәсіпкер болуды мақсат етеді.
Айта кетейік, «Болашақ» университетінде биылдан бастап «Bolashaq Start-Up» бизнес-инкубаторы жұмыс істейді. Студенттер үшін бизнестегі баспалдаққа айналған бизнес-инкубатордың жүзеге асырған жобасы – университет жанынан ашылған «Жас Star» өнер-білім орталығы бүгінгі күні қала оқушыларына қосымша білім берумен айналысуда.
Жаңа жобалар қатарында өзгеше форматымен көзге түсетін «Meniń armanym» жобасы жас кәсіпкерлерді тек қаржымен ғана емес, кәсіпкерлік қабілетті дамыту мақсатында қажетті білік-дағды қалыптастыруға бағытталған. Жоба бойынша іріктеу барлық өңірлерде өткізілуде. Бұл − өз кәсібіңді бастауға берілген ең үлкен мүмкіндік.
Гүлдана ЖҰМАДИН