ІСМЕР ҚЫЗ МАЯ

Алғашқыда тігін, тоқыма тоқу Маяның жай ғана қызығушылығы болатын. 19 жасында тұрмысқа шығып, бүгінде 3 баланың анасы атанған Мая тұрмысқа қажетті заттарды өзі тігіп, тоқуды үйренеді. Жасаған жұмысы өзінің ғана емес, ауыл тұрғындарының да көңілінен шығып, тапсырыстар түсе бастайды. Осылайша жас келіншектің қызығушылығы кәсіпке айналып, нәсібін табуға себеп болады. «Ауыл тұрғындары тарапынан түскен табыс қажетті құрал-жабдық алып, шығаратын өнім түрлерін көбейтуге себеп болды. Тапсырыс көлемі артқан соң, қасыма көмекші алдым. Бірге жұмыс істеп келеміз. Қыз жасауын, жаңа қонысқа қажетті төсек-жабдықтар дайындаймыз», – дейді Мая Сыдық.
Маяның кәсібінің өркендеп, облыс көлеміне танылуына Кәсіпкерлер палатасы көп көмектесті. Себебі аудандық, облыстық көлемде өткізілетін көрмелерге қатысу арқылы оның өніміне деген сұраныс еселене түскен. Осындай жас кәсіпкерлердің жобасына арналған көрме Нұр-Сұлтан қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен болатын. Байқау туралы палата мамандарынан естіген Мая жол алыстығына қарамастан, ұлттық нақыштағы өнімдерін елорда төрінде көрсетті. «Бас қаладағы жас кәсіпкерлердің жобасына арналған көрмеде жүлдеге ие болғаным жоқ, бірақ тәжірибе жинақтадым. Өзім секілді өзге де жас кәсіпкерлердің өнімдерімен таныстым. Алдағы уақытта мұндай байқауларға қандай дайындық қажет екендігін көрдім, ойыма түйдім», – дейді жас кәсіпкер.
Қазақтың қазынасы – қолөнер. Кезінде қолөнер шеберлері ою-өрнекті, табиғи шикізатты пайдалана отырып, тұрмыстық заттар жасаған. Тек үй тұрмысына қажетті бұйымдарды жасап қоймай, оларды әшекейлеуді, безендіруді, нақышты өрнектер салуды шебер меңгерген. Ісмерлер ұлттық қолөнер бұйымын жасау арқылы халқымыздың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Кейіпкеріміз "бүгінгі ұрпақ өзінің ұлттық сезімін, өнерін жоғалтпауы қажет" деген түсінік қалыптастырған. "Алдымен балаларыма киім тігіп бастадым. Үйде бос отырғанша, бір іспен айналысайын деп шештім. Содан соң тіккен киімдерімді ұнатушылар көбейді. Олардан тапсырыс алдым. Осылайша, ойламаған жерден кәсіпті бастап кеттім. Бүгінде қыз жасауына сұраныс көп. Олар ою-өрнекпен жасалған, құрақ көрпешелерге тапсырыс береді. Біз тұтынушы талғамын ескеріп, орындауға тырысамыз", – дейді ісмер қыз Мая. Ол «Еңбек» бағдарламасы аясында 240 мың теңге мемлекеттік грантқа ие болды. Қазір сол қаржыға тігін машинасын алып, кәсібінің көлемін одан әрі арттыра түсті.
Тұңғыш Президент "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай – 20 қадам" мақаласында болашақ мүдделі міндеттерді атқару жас буын алдында тұрғанын айтты. Бүгінде асқаралы жас буын бұл сенім үдесінен шығуда. Оның айтқан дәлелін жастардың кәсіпке бет бұрғандығынан көруге болады.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА