Технология мұғалім қызметін алмастыра алмайды
Ермұрат ҒАНИҰЛЫ, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің тарих және құқық пәнінің мұғалімі:
Технология мұғалім қызметін алмастыра алмайды
«Қазақтың қаны бір, жаны бір жол басшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі». Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың бұл сөзі бүгінгі қоғамда да өзгерген емес. Мұғалім ‒ қашанда мектептің жүрегі, қоғамның қозғаушы күші.
Қандай құрметке де лайық ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында Жалағаш ауданында еңбек етіп жүрген жас мұғалім Ермұрат Ғаниұлымен тілдестік. Оқушылары ҰБТ-да үздік атанып, білім саласында биіктерді бағындырып жүрген Ермұрат Каналхан ‒ аудандық кәсіподақ жанындағы «Жалын» жастар қанатының мүшесі, Jas Otan ЖҚ-ның №123 мектеп-лицей бойынша үйлестірушісі, аудандағы ерікті, белсенді жас.
‒ Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаз атанып, болашағымды білім саласымен байланыстырамын деп ойламадым. Бала күнімнен адамдар құқығының тапталмауын, әділдік, теңдік болуын қадағалайтын маман болғым келді. Әлсізге күшті әлімжеттік көрсетпейтін ізгі қоғам қалыптастырып, заңдылық пен теңдіктің орындалуын бақылайтын прокурор болсам деуші едім. Бірақ тағдырдың өз есебі барын ұмытпаған жөн. ҰБТ-дан жақсы балл жинағаныммен, қалаған мамандығым бойынша оқу грантын иелене алмадым. Негізі қарапайым шаруаның баласы болған соң, ата-анама салмақ салып, ақылы оқығым келмеді. Бір жыл оқудан қалып қойсам да, қайта дайындалып, келер жылы қайтсем де ЖОО-ға түсем деп мақсат қойдым. Ол кезде Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізінің салынып жатқан тұсы. Жол құрылысына сырттан вагон-вагон тас келеді. Алғашында сол жерде біршама уақыт еңбек еттім. Ал қыс мезгілі басталғанда тестке қайта дайындықты бастап кеттім. Өзімнің күнделікті дайындығымды қатаң қадағалап, келесі жылы кешенді тест бойынша жоғары балл жинап, грант иегері атандым. Алайда екінші рет берілген таңдау сәтінде мен ұстаздық жолға қадам бастым. Кішкентайымнан ата-әженің баласы болып өскен соң, көп нәрсені білуге асығатын, елгезек, қағылез едім. Қазір заман талабына сай ұстаздық қасиет бойымнан табылса, бала кезден қалыптасқан тәрбиенің ықпалы болар деп ойлаймын. Мұғалім мамандығын ерекше жақсы көремін, себебі балалармен бірге жұмыс жасаған ұнайды. Олардың ортасында жүрсем шаршамаймын, ‒ дейді Ермұрат Каналхан.
Мамандық аясындағы ақпаратпен шектелгім келмейді
‒ Күнделікті өмірде Стив Джобстың «12 сағат жұмыс жасауың міндетті емес, бірақ басың үнемі ой үстінде болу керек» деген сөзін негізгі қағида ретінде ұстанамын. Ұстаз ретінде өз қызметіме үлкен жауапкершілікпен қараймын, себебі мен арқылы тәрбие, білім алған бүгінгі шәкірт ертеңгі күні ұлттың болашағын қалыптастырады. Сол үшін жеке тұлға ретінде үздіксіз білім алып, біліктілігімді үнемі жетілдіруге тырысамын. Осы орайда мені қуаттандыратын бірінші мотивациям ‒ ғылым. Тек мамандығымның аясындағы ақпаратпен шектеліп қалғым келмейді. Сондықтан жаратылыстану ғылымдары, соның ішінде астрономияға қатты қызығамын. Бос уақытым болса ғылыми жаңалықтар мен кітап оқуды, деректі фильмдер көруді дағдыға айналдырғанмын. Әр жаңа дүние, тың ақпаратпен танысқан сайын тынысым ашылады.
Жалпы оқушыны жаңа тақырыпқа қызықтыру үшін әкімшіл-әміршіл авторитарлы қарым-қатынастан бас тарту керек. Мұғалім баламен дос болу керек. Мен оқушылармен көп жағдайда мұғалім тәрізді емес, дос ретінде сырласамын. Әр оқушының психологиясы әртүрлі, олардың әрқайсына қарай бейімделу ‒ мұғалімнің басты міндеті. Сондықтан педагогты психолог маман десек те артық етпейді. Сабақ барысында қатып қалған тәртіп пен ереже қоймаймын, барынша оқушылардың өздерін еркін сезінуіне жағдай жасауға тырысамын. Оқушымен қарым-қатынастағы қарапайым әдіс осы деп ойлаймын.
Қазір бүкіл әлем пандемияның құрсауында отыр. Бұл оқу жүйесіне әсер етпей қоймады. Әрине онлайн форматтың дәстүрлі оқу жүйесіне жетпейтіні белгілі. Ешқандай технология мұғалім беретін білім мен тәрбиені алмастыра алмайды. Сондықтан тезірек оқушылармен табысатын күн келсе екен деймін. Халық денсаулығы ‒ басты байлық. Сол үшін қашықтан оқу жүйесін, сондай-ақ интернет желісі нашар жұмыс істейтін елді мекендерде дәстүрлі оқытылып жатқанын қолдаймын.
Алға талпыну – тыныштықты жоғалту
‒ Мектепте талай шәкіртке ұстаз болумен қатар, қазір өзім де екі баланың әкесімін. Сол үшін бала тәрбиесі мені де жиі ойландырады. Баланың өмірге қажетті білімі мен тәрбиесі ата-ана, мұғалім жауапкершілігінде болу керек, бірақ мектептен кейінгі өмір жолын таңдау тұсында өзіне ерік беру керек деп есептеймін. Бала нені қалайды, қандай салаға қабілетті? Міне, осындай маңызды дүниелерге назар аудару керек. Себебі бала өз өміріне жауапты болып үйрену керек, біз тек бағыттаушымыз.
Туған өлкеге қызмет ету бала күннен ең басты мақсатым болған соң, сол арманымды жүзеге асырып, аудан халқына пайдамды тигізе алғаныма қуанамын. Бұл ‒ үлкен мақсаттардың бастапқы сатысы. Әлі елге берерім, ұлтқа ұсынарым көп деп ойлаймын.
«Шабытыңды шарықтат, сонда ғалам сен үшін бұрын қамал тұрған жерлерден жол ашады» деп ағылшын ойшылы Джозеф Кэмпбэлл айтқандай, адамның шын жүрегімен қатты қалаған, талпынған ойы міндетті түрде жүзеге асады деп ойлаймын. Ол үшін талпыныс қажет. Алға талпыну – тыныштықты жоғалту, бір орында қалып қою – өзіңді жоғалту екені белгілі. Жетістікке қол жеткізу үшін, әрекет етіп қана қоймай, қиялдауымыз да керек, жоспарлап қана қоймай, сенуіміз керек. Өйткені сенім адамды алға жетелейді, ‒ дейді Е.Каналхан.
Ермұратпен тілдесу барысында кәсіби мереке қарсаңында мұғалім үшін ең басты сыйлықтың қандай екенін сұрадық. «Оқушыларымның шынайы жүрекжарды лебізі және олардың әр жеткен жетістігі мен үшін үлкен сыйлық. Бір баланың болсын өміріне жақсы әсер етіп, азамат болып қалыптасуына ықпал жасау ең құнды байлығым жетістігім деп білемін» дейді жас ұстаз.
Гүлдана ЖҰМАДИН