Мектепке сағыныш
Мектеп – құрметке лайық орын. Неге? Себебі бұл – үлкен өмірге дайындайтын құтты мекен, жаңа таныстық, үлкен өмірге қадам басар баспалдақ. Біз жақсы мен жаманды айыруды, қателіктерді қайталамауды, достасуды, өзгені ғана емес, өзімізді тануды да осы мектеп табалдырығынан бастаймыз.
Ал, мұғалім – мектептің жүрегі. Ғалымды да, шахтерды да бас идірген ұстаздың міндеті жауапты. Олар бізге тек кітап бетіндегі жазуды ғана үйретіп қоймай, өзінің өмірлік ақыл кеңесін де санамызға құйып отырады.
Әсіресе бүгінгідей пандемия кезінде біз мектептің тек білім биігіне жетелейтін орын ғана емес, өмірлік құндылықтарды бойға сіңіретін, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуға» жол ашатын рухани ошақ екенін сезіндік. Ұстаз қадірін ұғындық. Ата-аналарымыз да мұғалім еңбегін түсіне бастады. Өйткені олар өзін ұстаздың орнына қойып көрді. Шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген ұстаздың бір күні бір күніне ұқсамайтынына көз жеткізді. Расымен, «адам тәрбиелеу – ұлы міндет» десек, ол міндетті ұстаздар қауымы арқалап жүр.
Осы сәтті пайдалана отырып, қатарластарымды жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Өзімнің сынып жетекшім Жадыра Азнабаеваға ерекше алғыс айтқым келеді.
Іңкәр ҚАРТАҢБАЕВА,
№218 орта мектептің 9 сынып оқушысы