ЖАУАПТЫЛАР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында 12 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарған жұмыстары туралы басқарма басшысы М.Әбуова хабарлама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, облыстың мәдениет саласында 2017-2018 жылдары сыбайлас жемқорлық сипатындағы 2 факті орын алып, оған байланысты құзырлы орындар тарапынан тиісті шешімдер қабылданған. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында тұрақты түрде жеке қабылдаулар өткізіліп, азаматтардың өтініштерін қарауға барынша мән беріліп отыр.
Кеңес басқарма басшысының хабарламасын назарға ала отырып, салада сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептеріне талдау жүргізіп, атқарылған шаралар жайлы Әдеп жөніндегі кеңеске ақпарат беруді тапсырды.
Келесі мәселе – Қызылорда облыстық білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы туралы болды. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова баяндады.
2018 жылдың 12 қаңтары мен 15 ақпан аралығында облыстық білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары жүргізілгенін атап өткен басқарма басшысы, талдау барысында техникалық және кәсіптік білім басшылыққа алатын нормативтік құқықтық актілерін іске асыру барысында кадр алмасушылық бойынша, оқуға түсу емтихандары кезінде, сондай-ақ, қызметкерлерге сыйақы немесе басқа да ынталандыру көмектерін беру барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеліп соғатын мән-жайлар анықталғанын атап өтті.
– Жүргізілген талдау колледждердің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде белгілі бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екенін байқатты. Нәтижесінде, қызметкерлерге сыйақы немесе басқа да ынталандыру көмектерін беру барысында ашықтықты қамтамасыз етпегені үшін оқу орындарындағы тиісті қызметкерлердің жауапкершіліктері қаралып, бірқатарына колледж директорының бұйрығымен тәртіптік жазалар қолданылды, – деді М.Мелдебекова.
Бұл ретте басқарма басшысының хабарламасын назарға ала отырып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жоғары колледждерде аралық емтихан мен оқуға түсу емтихандарын тапсыру барысында талапкердің аты-жөні көрсетілмей штрих код арқылы (ҚазМемЗаң университеті жоғары оқу орыны тәжірибесінде) тапсыру механизмін енгізуді қарастыруды, колледж қызметкерлеріне сыйақы немесе басқа да ынталандыру көмектерін беру барысында теңділік және ашықтықты қамтамасыз ету бағытында шаралар қабылдау тапсырылды.
Осы талдамалық анықтамада көрсетілген құқықтық актілердегі қарама-қайшылықтарды жою мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне тиісті өзгерістерді енгізу бойынша шара қабылдау қажеттігін алға тартты. Жалпы, колледждерге байланысты көп мәселе қозғалды. Әдеп кеңесінің төрағасы А.Мұхимовтың айтуынша, бүгінгі заман талабына қажетті мамандар даярлау ісінде нақты көңіл бөлуді қажет ететін көптеген мәселелер бар. Бұл тұрғыда кеңес мүшелері тарапынан білім басқармасының басшысына бірқатар ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ, күн тәртібінде қаралған Қармақшы, Шиелі аудандары әкімдігінің тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелеріне сәйкес аталған тәртіптік комиссиялары тарапынан мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жазаны қолдану кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану» Қағидалары талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету назарға ұсынылды.
Кеңесте облыс бойынша экология департаментінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау қорытындылары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ облыс бойынша филиалының мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру және электронды қызметтердің үлесін арттыру бағытында атқарған жұмыстары, Қармақшы, Шиелі аудандары әкімдігі және Қызылорда облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелері туралы да айтылды.
Бұдан әрі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша талдау нәтижелері назарға алынып, жауапты тұлғаларға тиісті тәртіптік шаралар көрілді.