OTAUFEST ‒ ОТБАСЫЛЫҚ ЖОБА
«Үйлену оңай, үй болу қиын». Ертеден жеткен бұл қағида қазірде де маңызын жоғалтқан емес. Жас отбасылардың болашағы жарқын, босағасы берік болуына қоғамның да ықпал етері анық. Осы орайда «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» OTAUFEST жас отбасылар фестивалін ұйымдастырды. Айта кетейік, жоба «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі іс-шаралар кешені» мемлекеттік гранты шеңберінде өтті.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған байқауға Қызылорда облысынан отбасылық өмірде, еңбек жолында жетістікке жеткен, қоғамда өз орнын қалыптастырып үлгерген жас отбасылар қатысты. Жоба барысында қатысушылардың өз отбасылары жайлы дайындаған таныстыруы, бейнебаяны қаралып, олардың отбасылық табысы жан-жақты таразыланған.
‒ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен «OTAUFEST» фестивалінде жас отбасылар семинарға қатысуға, мамандар кеңесін тыңдауға, қызықты ақпараттармен бөлісуге мүмкіндік алды. Жобаның жас отбасылар үшін пайдалы әрі қызықты болғанына сенімдімін. Себебі фестивальге қатысқан жас отбасылар дән риза, олар маған қоңырау шалып, әлеуметтік желіде ризашылығын білдіруде. Бізде жастардың жан-жақты дамуына, отбасының берекесін сақтауға көмектесетін ақпарат көп. Бастысы, жастар белсенді болу қажет», ‒ дейді отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған жобаның облыстағы үйлестірушісі Майра Қадырбекқызы.
Жоба бойынша анықталған 51 жеңімпаздың қатарында өңірімізден Манабаевтар, Жібекалиевтер және Абдулатифтер отбасы бар. Манабаевтар отбасы – спорт сүйер шаңырақ. Отағасы Алмат Манабаев ‒ паралимпиада ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы, қазір жұбайы Ақтотымен бірге екі ұлын да спортқа баулуда. Шаңырақтың отанасы Ақтоты жоғары деңгейде ұйымдастырылған республикалық фестивальге алғаш рет қатысып тұрғанын айтады.
‒ Әлемнің қанша әсем қаласын араласаң да, отбасыңнан артық ыстық, жайлы орынды таба алмайсың. Сондықтан осы жобаның жас отбасыларға берері көп болды. Үш күн бойы онлайн форматта түрлі танымдық дүниелермен таныстық. Баланың өмірге келуі жас отбасыларға қалай әсер етеді, отбасылық қаражат қалай реттелу керек деген сынды психологиялық сауалдар қойылды, маңызды тақырыптар тренингте талқыланды. Спикерлердің сабағы да біз үшін пайдалы болды. Жоба барысында Instagram парақшамызға арнайы пост жазып, отбасы тақырыбында бейнежазба дайындадық. Отбасымыздың жетістігі және оған қоғамның әсері жайлы әзірленген дүние үздіктер қатарына қосылды. Біз фестивальге қатысып, замандастарымызға үлгі болғымыз келді, ‒ дейді Ақтоты Аралбайқызы.
Ал Жібекалиевтер отбасы біраз уақыттан бергі арманын жүзеге асырып, жеке отбасылық кәсібін бастаған. Ерлер шаштаразы Наурыз бен әйелдер бетін әрлеуші Ақбота жақында шаштараз ашып, қазір қала тұрғындарына қызмет көрсетуде.
‒ Республикалық фестивальде жеңімпаз атанған үш отбасының бірі екенімізді естіген сәтте шынымен қуандық. Жолдасым екеуміздің бір салада қызмет етіп, отбасылық кәсіп бастағанымыз жобадағы басты артықшылығымыз болды деп ойлаймын. Бүгінде отағасымен бірге бес жасар ұлымызға жақсы тәрбие беруге тырысып жүрміз, сондай-ақ екінші бөбегімізді асыға күтудеміз. Биыл отау құрғанымызға алты жыл толады. Бақытты отбасы болудың басты талабы шаңырақтың бірлігін сақтау болса, жоба барысында сол татулықтың үлгісін көрсете алғанымызға ризамын, ‒ дейді Ақбота Жібекалиева.
Жобада ерекше көзге түскен жас инженерлер Абдулатифтердің отбасы да сарапшыларға осал емесін дәлелдеген. Техникалық мамандық бойынша Ресейде білім алып, қазір құрылыс саласында жұмыс жасап жүрген Самат пен Ардақ қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеу жобаларына жиі қатысады екен. Тіпті бірнеше шет тілін меңгерген жас отбасы киноға түсуге, нумерология ілімін меңгеруге де уақыт тауып, шаңғы, коньки, биіктен секіру, суға сүңгу сынды спортпен шұғылданады.
Белсенді де бірлігі бекем осындай жас отбасыларды насихаттауға арналған бірегей жобаның қорытындысы бойынша жеңімпаздар қаржылай сыйлыққа ие болды.
Г. НҰРТАЙҚЫЗЫ