Жүздікте жүйрік шыққандар
Жуырда Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «ҚР колледждерінің топ – 100 студенті» республикалық жобасы өтті. Аталған жобаның республикалық іріктеу кезеңіне аймақ бойынша 17 үміткер өтініш білдіріп, ақтық сында 3 жеңімпаз үздік деп танылды. Білім бәсекесінде биіктен көрінген үш мықтының екеуі М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттері екенін айта кеткен жөн. Бүгін оқуда озат, жобада жүйрік атанған Бекзат Ешмұратов пен Айзат Сламбекова жайлы сөз қозғамақшымыз.
«ҚР колледждерінің ТОП ‒ 100 студенті» республикалық жобасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы дарынды, білімді әрі бәсекеге қабілетті студенттерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған. Жобаға қатысуша студенттер үш кезең бойынша бақ сынап, республикалық іріктеуге сүрінбей өткен.
«ҚР колледждерінің ТОП ‒ 100 студенті» республикалық жобасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы дарынды, білімді әрі бәсекеге қабілетті студенттерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған. Жобаға қатысуша студенттер үш кезең бойынша бақ сынап, республикалық іріктеуге сүрінбей өткен.
– Республикалық кезең қазан айында басталды. Жоба шарты бойынша өзімізді таныстыру мақсатында эссе мен 3 минуттан аспайтын бейнеролик дайындадық. Мен «Ұстаз болу – ұлылықтың айнасы» деген тақырыпта мұғалім мамандығының қадір-қасиеті, қоғамда алар орны, ел болашағы үшін маңыздылығын қамтып эссе жаздым. Жалпы, болашақ мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған соң, оның үстіне қолға қалам алып, өлең жазып жүрген мен үшін эссе дайындап, шығармашылықпен айналысу қиынға соқпады. Ал видео дайындау барысында біраз креативті ойланып, жаңаша дүние жасауға талпындық. Бұл жоба менің шығармашылығымды одан әрі дамыта түсті десем де болады. Өткен жылы осы жобаға колледжден 3 студент қатысып, үшеуі де финалда жеңімпаз атанған еді. Биыл аға буын салған ізбен біз де бағымызды сынап көрдік, ‒ дейді Бекзат Ешмұратов.
Жобада жан-жақтылығымен көзге түскен Айзат ‒ болашақ ағылшынша білімі бар бастауыш топтың мұғалімі. Зерек те қағілез бойжеткен бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс істеу оңай емесін, әрі ағылшын білімі бар бастауыш сыныптарына сабақ беретін жас маманға жаңашылдық керегін айтады.
‒ Шынымды айтсам, оқу орнынан жобаға қатысып отырған алғашқы үміткер емеспіз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, былтыр үш қатысушы жеңіс тұғырынан көрінді. Осыны ескере келе биыл бізге үлкен жауапкершілік артылды. «Сол нәтижені қайталай аламыз ба?» деген қорқыныш болғаны да жасырын емес. Алайда, біз үздік жүздіктің қатарынан көріндік. Естіген сәттегі қуаныш сезімі бөлек дүние. Онлайн дауыс беру нәтижесінде Қызылорда облысынан 17 үміткер қатысып, арасынан 3 қатысушы «ҚР колледждерінің ТОП – 100 студенті» қатарына кіруге лайық деп танылды. Ал, жобаның салтанатты марапаттау сәті дәстүр бойынша желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді деп жоспарлануда, ‒ дейді Айзат.
Айта кетейік, жеңімпаздар жобаның интернет ресурсында онлайн дауыс беру арқылы анықталған. Жоба сайтында аймақтық кезеңнің жеңімпаздары республикалық кезеңге қатысуға өтініш беру үшін арнайы платформа қарастырылып, онлайн дауыс берілген.
– Үздіктер сапынан көріну, сол тізімге ену ‒ үлкен қуаныш. Бұл жерде біз ғана жеңімпаз атанғанмен, еңбек ‒ оқу орнына ортақ. Осы жеңістің артында оқу орнымыз берген тәрбие, ұстаздар берген сапалы білім және біз үшін тақымын қысып отырған ата-ана мен дос-бауырдың қолдауы тұр. Шын жүректен алдымен колледждегі ұстаздарға, достарымызға және үздіксіз қолдауы үшін ата-анамызға рақметімізді айтқымыз келеді, ‒ дейді оқу озаттары.
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ