» » БҰЛ ҚҰРМЕТ ЕДІ...

БҰЛ ҚҰРМЕТ ЕДІ...


Бүгін күн сұмдық «жылып» кетті. Айтары жоқ. Адам денесін үйретпей, бірден ысыған соң, тіл байғұс та ауызға симай, аңқаң қаңғырлап кебетінін қайтерсің. Шыдамай қаланың «Запад» деп аталатын мөлтек ауданнан азық-түлік сататын маркетке бұрылғанмын. Тоңазытқыштағы литрлі қара суға жеткенше асық ем. Жеттім де. Осы кезде ой мен шөлді бұзған бір ғажап диалог бола қалғаны.
Самбырлап сөйлеген бетінде сәл ноқаты бар, иек пен қарын тұсы салбыраңқы, жуан балтыр, кеуделі һәм кесек денелі қаракер келіншек екен. Шекесіне қыстырған күннен қорғайтын көзілдірігі жарқылдаған күйі құс сүтінен басқаның бәрі бар, керекті дүниең самсап тұрған сөрелерді алшаңдап аралап келеді. Бітімі тап күреске түсетін адамның пошымына ұқсас. Бір қолында темір сетка, екінші қолында табақтай телефон. Өзі мәз. Қос танауы желбіреген күйі әлдебір кішкентаймен сөйлеседі. Аңдап қарасам, онысы уатсаптың видеозваногіне ұқсайды. Назар аудармауға да болар еді, бірақ, әлгінің даусы тым жарқын естіледі.
– Ауыл қалай? Ар жақтан шамамен екі-үш оқитын баланың даусы шықты.
– Жақсы, мама.
– Қарның ашпады ма?
– Жоға. Әжем үйінде бәрі бар, – деді баласы да. Шамасы бұл келіншек балаларды каникул басталғасын ауылға аттандырса керек.
– Ии, ботам сол, жақында біз де барамыз.
– Я, мен қазір әжемнің қасында ұйықтап жүрмін, мама.
– Әжең ұрыспай ма?!
– Жоқ та...
Дәл осы сәтте ар жақтан баланың үніне аралас кемпірдің даусы шыға қойғаны. Қызық енді басталды. Манағы жырқылдаған келіншек түрін тез жиып алды. Шамасы, енесі шығар, видеозванокпен сөйлескен немересінің телефонына үңілген болуы керек, біздің бергі жақтағы кейіпкеріміз бірден абыржып қалды.
– Әй, бұ қайсысы еді. Ар жақтан кемпірдің даусы анық естілді.
– Мама ғой, әже. Кішкентай ұл түсіндіріп әлек.
– Әй, шешең жардай болып, мынаның ішіне қалай сиып кеткен?! Құдай да шебер екен-ау.
Кемпіріңнің даусы қытқыл екен. Жақтырмағаны көрініп тұр. Оқиғаны барлап мен тұрмын мында. Манағы телефонға үңілген жуан жеңгей кемпір даусынан кейін қалбалақтап, тіпті, телефонын қолынан түсіріп ала жаздады.
– Сәлем бердік, апа! Сасқанынан видеозванокке қараған күйі иіліп, сәлем салғаны. – Мен ғой, мен, Гүлхашимамын. Қалайсыздар? Кемпір мұның сәлемін ар жақтан байқады ма, белгісіз, оған қараған Гүлекең жоқ, тағы да еңкейіп сәлем салып үлгерді. Видеозваноктегі енеге. Абдырағаны анық еді. Маңдайының тершігені соның белгісі ғой.
– Әә, қарғам, өркенің өссін, ұл тап, етегіңе берсін. Кемпірдің де даусы лезде жұмсарды.
Мұны көрген мені әуелде күлкі қысқанмен арты әжәптеуір ойландырғаны. Есіме ескі естелік келген.
...Төрт құлақ етіп салынған мола басына бармас бұрын шырақшыны ертіп әуелі Базарқожа баба басына Құран оқытамыз. Мен ес білгелі солай еді бұл. Осында жатқан, бақиға аттанғанның барлық жақыны әуелі әулиеге бармай, қайтқан өз әке-шешесі не бауырының басына бармайды. Алдымен әулиенің екі жүз жылдан бері құламай келген, қам кірпішті қорымына тізе бүгіп, шырақшы оқыған Құран мақамына іштей мүлгіп, бет сипайсыз. Содан соң мұнда жатқан жақыныңа барып, топырақ салып, «тие берсін» айту парыз.
Айтпағым басқа еді. Әкем атам мен апам жатқан төрт құлақты тамның басына келгенде ізінде мен де бармын. Шешем де бізбен бірге. Құран басталмай жатып көргенім, шешем қос қолын айқастырып, иілген күйі «сәлем бердік» деді. Кәдімгі тірі ата-енесін көргендей істеді бұны. Бәзбіреулер қыртып жүрген аруаққа табынушылық емес, бұл шынтуайтқа келгенде құрмет еді.
Сәлем ғой айтпағымыз. Ауылдағы біздің үй қара шаңырақ болса, Ұрымхан апа «қайнаға мен шешейдің орны ғой» деп шаңыраққа сәлем салатыны бар. Қайнаға мен шешейі «түйе қарап кетсе де» құрметі әлі түгесілмепті.
Айтпақшы, мың жерден шал-кемпірдің ерні тиген, бұла болып өскен менің өзім сәлемдесуге келгенде ұмытпайтын бір қағидам бар. Оны да атам мен әкемнің, ағаларымның кішкентайымнан үйреткені. «Ассалаумағалейкумді» айтқанда даусыңды анық қып, еңсеңді көтеріп амандас». Ыждағатсыз берген не алған сәлемнің қайыры аз дейтін олар.
Сәлемді қалай берудің өзі құрметке жетелейді емес пе?! Сәлеміңіз «Ассаумаекім мен сәм бердік» не «привет пен покадан» сәл анығырақ болса, сізге де құрметім шексіз!!!

Ержан Қожас
13 қараша 2020 ж. 443 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930