» » МЕКТЕПКЕ ЖОЛ: ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАРНАМА НЕ ҮШІН КЕРЕК?

МЕКТЕПКЕ ЖОЛ: ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАРНАМА НЕ ҮШІН КЕРЕК?

– Мама, біз соншалықты кедей тұрамыз ба? – деді жас шамасы 11-12 жасар қыз бала.
– Жоқ, қызым, неге олай дедің? Бізде шүкір, ешкімнен кем емеспіз, қызым, – деп жауап береді анасы.
– Онда мен кеше ағалар берген сумканы мектепке ұстамаймын.
– Неге?
– Сыныптағы қыздар «сумкаң әдемі екен, бірақ оны сендер кедей болған соң бастық ағалар келіп берді ғой» деді. Кедей болмасақ, неге береді ол ағалар? Мен ұяламын қыздардан, мама...
Мұңлы көзбен қараған бүлдіршін қызға анасы не деп жауап берсін. Өзінің дәмханада ыдыс жуушы болып жұмыс істейтінін айта ма? Әкесінің құрылыста жалдамалы жұмыс істеп, тұрақты айлығы жоқ, басшыларының «күнде ертеңмен» ақысын бермей шаршататынын түсінер ме екен, қызы? Екі бөлмелі жалдамалы сарайдың айма-ай кеп тұратын ақысы ше? Бәрін айта ма? Айтпауға бекінді. Бұртиған қызының бетінен сүйді де үнсіз қалды. Ары қарай ақылды қыз да түсінді. Түсінді де, «ағалары» берген сөмкеге кітаптарын сала бастады...
Жақсылық жасау жаныңды жадыратады. Ол рас. Бізде «Мектепке жол» акциясы барысында балаларға киім не оқу құралдарын таратады. Жөн-ақ. Үлкен көмек екеніне дауым жоқ. Бірақ сол таратып отырған дүниені соншама әспеттеп, балаларды еріксіз фотоға түсіріп, «керемет» жасағандай даурығу, жарнамалау, телеэкран мен баспасөз бетіне беріп, желіге жүктеу қаншалықты дұрыс?! Сол фотоны не видеоны көрген баланың сыныптастары жоғарыдағы диалогтағыдай не айтады деп ойлайсыз? Баланың сағы сынбай ма? Енді елестетіп көріңіз. Жоғарыда айтылғандай, ата-ана мен бала біткенді жинап, басшылар мен депутаттар, кәсіпкерлер өз қолымен әкелгенін беріп жатады. Әр баламен жекелей суретке түседі. Мұндайда газет-журнал мен теледидардан тілшілер шақыртып, өз-өздерін тағы бір жарнамалау жағын қарастыруды ұмытпайды. Сол жиында міндетті түрде қайта-қайта айтылатын «тұрмысы төмен», «жұмыссыз отбасы», «аз қамтылған» деген сөздерді бала шіркін толық мағынасын түсінбесе де, ұғып тұратынын қалай біз байқамаймыз. «Кедей» деген сөздің жақсы емесін білетін олардың кейбір жағдайы жоғары сыныптасынан именіп немесе олардан әлсіз, қорғансыз сезіну, тіпті қызғаныш пен жеккөру деген нәрсеге жетелемесіне кім кепіл. Бала біткен «бай-кедей» бөлінсе ше?! Даурығатындай дау емес десек те, кішкентайлардың да өзінше «пәлсапасы» барын ұмытпауымыз керек.
Жақсылықты айқайлатпай-ақ, жарнамасыз да жасауға болады. Жағдайы төмен баланы сол жиынға шақырмай-ақ, берер сыйыңды ата-анасының қолына табыстасаң да жеткілікті. Әр оқушының үйіне барып қуантсаңыз тіпті құба-құп.
Ержан СОЙЫРҚАС
13 қыркүйек 2018 ж. 1 667 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930