» » Кетпенінің жүзін күн нұрына суарған

Кетпенінің жүзін күн нұрына суарған

   Маусымға байланысты ілкімді істерді іліп, тартымды тақырыптарды толғаудамыз. Әдеттегідей, орақ науқаны басталған тұста бейнеттен белі бүгіліп, иығынан кетпені түспейтін жандар басты назарымызда. Бұл жолы жас звено жетекшісінің еңбек жолын зерделедік. Ол үшін алдымен қожалық төрағасымен тілдесуді жөн санадық. Байланыс нөмірін тере бастадық.
– Алло,  Дәулет аға, саламатсыз ба?
– Иә, иә, амансыз ба? – деді телефонан үзік-үзік естілген байыпты дауыс. Ар жағында гүрілдеген техниканың дауысы даланы кернеп жатыр. Егіс басында жүр-ау деп пайымдадық өзімізше.
– Аға, амансыз ба? Мен аудандық "Өскен өңірден"  Дина Жүсіповамын. Сөйлесуге мүмкіндігіңіз бар ма?
– А, айта бер, Дина. Мен мында күріштікте жүр едім. Не жөнінде сұрамақсыз? Жаңағы құлақ тұндырған дауыс бірте-бірте алыстап, Дәулет ағаның дауысы анық естіле бастады.
–  Аға, сіздің қожалықтағы жас звеновод Алтынбек Қыдырбаев туралы газет бетінде мақала дайындасақ деп едік, – деп іркілдім. Іркілуімде де себеп бар. "Қырмандағы қызу еңбекке кедергі келтірмес пе екенмін?" деген ой ғой менікі. Секунды санаулы сәттер ғой бұл шақтар. Осылайша, өз ойымдағы арпалысты төрағаның дауысы бөліп жіберді.
– Иә, ондай жігіт бар. Сіздер мекен-жайдан адасқан жоқсыздар. Алтынбек жас болса да еңбекқор, бейнетсүйгіш жігіт. Осындай қара жұмыстың ортасында  жүріп, еңбекпен таңын атырып, еңбекпен күнін батырып жүрген азаматтардың ісі кейінгілерге үлгі болу керек. Сіздер Алтынбекпен жүзбе-жүз кездесіп, жұмысын көзбен көргендеріңіз дұрыс шығар..., – деді бізге сұраулы дауыспен.
– Иә, солай дұрыс болар еді – дедік нық үнмен, әлгіндегі "кедергі келтіреміз бе?"  деген күдігіміз сейіліп.
Осылайша, жас күрішші, звеновод Алтынбек Балтабекұлын тақырыпқа арқау ету арқылы "Ақмая"  шаруа қожалығының да арналы істерін көрмекке бекіндік. Бүгінде жол жүру үшін ертеректегідей атқа не арбаға жалтақтамаймыз. Тізгіндегеніміз темір тұлпар. "Жол азабын жүрген білер" деген тіркес те өз мәнінен арылып бара жатқандай көрінді бізге. Егіс алқабы дегенде ойқы-шойқы жолмен жететін иен дала келеді көз алдымызға. Алайда,  біз тізгіндеген көлік аудан орталығынан  айнадай жарқыраған трасса бойымен 15-20 шақырым жерге көзді-ашып жұмғанша жеткізді.
Анадайдан күріштік танаптары бейне бір алтындалған теңіздей, комбайндары толқынмен бетпе-бет келген кемедей көрінді. Иә, алқап басы қайнаған еңбек.
Дала төсін жаңғыртып жүрген «Енисей» комбайнының қасына тоқтадық. Алдымыздан қожалық төрағасы Дәулет Жұмабеков күтіп алды.
– Амансыздар ма? Іске сәт!
– Ассалаумағалейкүм! Рақмет, қалқам! Амандық сұрасқан соң  танаптарды жағалай жүріп, әңгімеміз жүйе-жүйесімен жүре берді.
– Өткен жылы 800 гектар жерге Сыр маржанын орналастырған  болатынбыз. Шүкір. Еткен еңбек пен төккен тер ақталды. Егіншілік саласында үздік нәтиже көрсетіп, күріштіктен орта есеппен 70 центнерден өнім алдық, – деді төраға сабырлы қалпынан танбай.
Биыл да сол көрсеткішті жоспарлап отырғанын алға тартты. Ең бастысы, ауылдағы 100-ге тарта отбасының ауыл шаруашылығымен айналысып, жұмыссыздар санын азайтуға қосқан үлесі ерен деуге боларлық. Айта берсек, Жұмабековтың туған жерінде жасап жатқан
жақсы ісі жетерлік.
Енді әңгіменің ауанын Алтынбекке бұралық. Біздің негізгі мақсатымызды да естен шығармаған Дәулет аға жанына біздің кейіпкерімізді шақырды.
– Алтынбек – өте еңбекқор жігіт. Күннің аптап ыстығы мен ызғарлы суығын елең қылмайтын, өзгелерге үлгілі жастың бірі. Жазда таңның атысынан күннің батысына дейін егістік басында. Өзіне бекітілген аумақтағы күрішті агротехникалық талапқа сай күтіп-баптады. Нәтижесінде алдыңғы жылы "Үздік звено жетекшісі" атанды, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Жанымызға жақындаған еңбек адамының жүзі күнге әбден тотыққан. Бидай өңді звеновод Алтынбек Қыдырбаев сөздің емес істің адамы екенін ә дегеннен-ақ байқатты. Бізбен қысқа ғана амандасты. Өйткені, сөйлесуге мұршасы жоқ. Келгендегі мақсатымызды тәптіштедік. "Олай болса, мархабат" дегендей ишарамен бір жымиып алды да, жұмысы жөнінде тек қана сауалымызға жауап бере бастады. Еңбектің қазанында қайнағалы он бес жылға жуықтапты. Алғашында 2007 жылы сушы болып бастаған. Отбасының тәлім-тәрбиесі бір үзім нанды маңдай термен бағалауға баулиды. Жастайынан әкесінің жанында жүріп, қиындыққа қайыстай тартылып, еңбек майданында шыңдалады. Сегіз баланың бесіншісі еді. Қоңыртөбел тіршілік бейнеттен бас алдырмады. "Мынау қиын" болмаса "қажыдым, жетер, шаршадым" демеді. Үйелмелі-сүйелмелі балалардың олай айтуға да шамасы жоқ еді. Кетпенінің жүзін күн нұрымен суара жүріп, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайды.
– Күріш күннің көзін, ылғалды, құнарлы топырақты қажет етеді. Тұқым егілген соң, суын жібереміз. Қарасын басқаннан кейін қырық күнге дейін нәрестедей мәпелейміз. 90-110 күн аралығында суда жатады. Одан соң суын құрғатып, ораққа дайындаймыз. Жай сөзбен айту оңай. Кез-келген жерге тұқым салса, ол өнім береді деу қиын әрине. Егін бітік шығу үшін қаншама жұмыс керек. Егін егу үшін алдымен жер жырту керек, ол үшін техника, одан соң себетін тұқым болу қажет. Егінді суару, оны жәндіктерден сақтау үшін дәрі себу сияқты көп күш керек болады. Бірақ жаздың аптап ыстығында егіс басында жұмыс істеу былай тұрсын, жай жүрудің өзі қиын. Бастапқыда қиналғаным рас. Жер-ана өзі тәрбиеледі, – деді ойын бүкпеген жас күрішші. Иә, еңбек әлемді жалқаулықтан құтқарады. Еңбектене білмеген адамның ақыл-ой шеңберінің ауқымы да тар. Қарекет еткенге ғана берекет бар. Мақсатыңа қарай батыл адымдаған жақсы.
– Біз дала қосынында соңғы шыққан жаңа технологиялармен жұмыс жасап жатырмыз. Заманауи техника жұмыс сапасын әлдеқайда жоғары көтеруге, тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді, тек ерінбей еңбек етсең болды. Орақ маусымын уақытылы аяқтаймыз деген сенім бар, – дейді «Ақмая» шаруа қожалығының білікті звено жетекшісі Алтынбек Балтабекұлы.  
Алдымыздағы ұшы-қиырсыз еңбектің сұлу суретін жанарымызға сыйғыза алар емеспіз. Комбайншы Бағдат, Бауыржан, Мақсат, Құрманбай, Алтынбек есімді жігіттердің орып-бастырған алтын қауызды дәндерін «КамАЗ» жүк көлігін тізгіндеген Кенжехан мен Жасұлан тасымалдап жүр. Бір толтыра салғанда 20 тоннаға дейінгі астық жүктейтін көліктер қара жолды қақ айыра қамбаға қарай жүйткіп барады. Қажыр-қайраты мол, табанды еңбек адамы таразы басын табысқа қарай басудың кепілі екені даусыз. Бабын тапқан адамға қара жердің берер ырысы мол. Жас та болса, еңбек майданының бейнетінен қашпай, бел ортасында жүрген жанды көргеннен кейінгі түйген ой болды бұл.
Күн арқан бойы көтерілгенде егіс басынан қозғалдық. Жол үстінде молшылық керуені қырманнан ауылға қарай беттегенін көрдік. Міне, нағыз күздің сәні, нағыз еңбектің көрінісі.
Дина ЖҮСІПОВА,
Шиелі ауданы
                                                                   
27 қыркүйек 2018 ж. 905 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031