Глоукома нәрестелерде кездеседі
Елімізде көзі ауыратын балалардың көп екені белгілі. Оның басты себебі – қолымыздан түспейтін қалта телефон. Күн-түн демей қолдан тастамайтын телефонды мамандар күніне 40 минут қана ұстауға рұқсат етеді. Олардың айтуынша, телефон ұстау балаға ғана емес, үлкендерге де зиян. Себебі телефон көзді құрғатады. Арада 40 минут өткен соң 10-15 минут көзді демалдырып, жаттығу жасаған жөн. Ал біздің "бала жыламасыншы" деп қолына телефонды ұстата салатынымыз жасырын емес. Осының салдарынан балалар арасында көз ауруы жиілеуде. Балалар арасындағы көз ауруы, салдарымен, емдеу жолы, алдын алу шарасы жөнінде І санаттағы балалардың көз дәрігері Айжан Бақбергеновадан мән-жайды сұрап білдік. Айжан Жұпарбайқызы облыстық балалар ауруханасында офтальмолог дәрігері қызметін атқарады. Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты еңбек демалысында. Біз хабарласып, сауалымызды жолдаған соң өз саласына қатысты сұрақтарға жауап берді.
"Балалар арасында көз ауруының жиілеп кетуінің себебі көп. Оның бір ғана нәрсемен қарастыруға болмайды, яғни оған бейімдеуші факторлар бар. Ішкі орта, адам ағзасының түрлі патологияға ұшырауы дакөзге әсер етеді. Сондай-ақ ол тұқымқуалаушылық, ата-анасынан берілетін гендік фактор, дәрумен жетіспеушілігі, нәрестенің шала туылуы, туа біткен көз ақауы болуы мүмкін. Сыртқы ортадан әсер етуші факторларға техникалық құрылғы телефон, смартфон телевизор, планшет компьютер және т.б жатады. Бала көз алмастан телефонға үңіліп отырса, көздің құрғауы салдарынан көз жасаурап, талып, ауырсынады, адам ағзасының қимыл қозғалысы шектеледі, гиподинамия пайда болады. Қан айналымы бұзылады. Жарықты дұрыс пайдаланбау да көзге зиян. Мысалы, шам арқылы кітап оқу. Жасөспірімдер арасындағы шылым шегу, ішімдікке әуестік те көзге әсер етеді. Химиялық өндірістер болатын түрлі жарық салдарынан да көз ауруы пайда болады. Бірақ көзге ең зияндысы – телефон. Компьютер мен телефонның әсерінен балалар арасында ерте жастан көздің (рефракцесі) алыстан немесе жақыннан көрмеуі көбеюде. Бұл – көздің жүре пайда болған ауруы. Ол ағзаның әлсіздігі де болуы мүмкін. Көз аурудың алдын алу үшін ата-ана баланы қадағалап отыру. Әкесінде немесе анасында көз ауруы болса ол балада да пайда болуы ықтимал. Бастың ауруы яғни бас ішілік қысымның жоғары болуы, неврологиялық аурулар, қант диабеті, іш құрылысының ауруы, қан қысымы көз ауруын жиілетеді " – дейді дәрігер.
"Глоукома" деген диагноз бар, бәлкім естіген де шығарсыз. Ол көбіне ересектер арасында, яғни 40 жастан асқан жандарда кездеседі. Жастар арасында мың адамның бірінде ғана кездесуі мүмкін. Бұл диагноз емделмейді. Ең бастысы дәрігердің жіті бақылауында болып, берген дәрісін пайдаланады. Біз – дәрігерден осы ауру балалар арасында кездеседі ме деп сұрадық. "Жалпы балалар арасында глоукома кездеседі. Глаукома – ересектерде ғана емес, жасөспірімдер мен жаңа туған балаларда да кездесетін ауру. Сәбидегі туа біткен бұл аурудың өз ерекшелігі бар. Егер перзентханада бірден анықталса, баланың көзін емдеуге болады. Кейбір кезде сау туған баланың 10 жастан асқан соң аяқ асты осы ауруға шалдығуы мүмкін. Баланың көз ішілік қысымын өлшеу өте қиын. Бала көздің аурып тұрғанын сезбейді, басы ауырып жүруі мүмкін. Облыс бойынша балалар арасында туа бітті глоукоманы жоқ деп айтпаймын. Бұл диагнозбен, екі-үш жылда бір бала туылады. Нәресте дүние есігін ашқаннан кейін міндетті түрде дәрігер қарату керек. Перзентханадан шықпай тұрып, баланы көз дәрігеріне көрсеткен абзал. Дәрігер шала туған нәрестені жіті бақылауда ұстайды. Себебі 30 аптаға дейін босанып қойса, онда көздің түбіндегі тор қабатының ажырап кетуі қаупі болады. Ол ерте соқырлыққа алып келуі мүмкін. 30 аптаға жетпей босанған нәрестеде шала туылғандардың ауруы (ретонопотея) кездеседі. Бұл – өзекті мәселе. Бұл диагнозды анықтау, көздің түбін тексеру өте қиын. Және ол арнайы аппарат арқылы анықталады," – дейді окулист.
Қазіргі таңда дәрігерге өз еркімен келетіндер аз. Ауырғанда ғана дәрігер есігін қағады, бұның адам денсаулығына қаншалықты зиянды екенін білеміз.
"Көп ата-ана баланы мектепке берер уақытта ғана әкеледі. Баланы 2,6,9 айлығында, бір және үш жасында дәрігерге апарып тексерту керек. Балаға көзілдірік таңдауда қиын. Себебі екі айлық нәрестеге көзілдірік бере алмаймыз. Ал 9 айлық кезінде түрлі тартпа, резинкаларды тартып қою арқылы көзілдірікке үйретеміз. Бала болған соң жұлып тастау, алып тастау сынды нәрселер орын алады. Ата-ана осыған мұқият болу керек. Қазіргі таңда бала поспорты сұралады.
Сонда дәрігердің жазбасы тұрады. Қанша пайыз көретін толтырылады. Сау немесе көзінде ахауы болса көрсетіледі.
Көзі нашар көрсе де бейғамдықпен дәрігерге бармай жүрген адамдар қанша ма? Сондықтан бар-жоғы 8 грамм салмақ тартатын жанарыңызға ерекше көңіл бөліңіз.
Көз жақсы көру үшін...
Сәбиіңіздің көзі 100 пайыз көргенін қаласаңыз телефон бермеңіз. Көзін демалту арқылы, күтімін қадағалаңыз. Балаңыз тамақты уақытылы ішсін. Сонымен қатар қараңғы бөлмеде сабақ оқытпаңыз. Баланы жұмсағанда абай болыңыз. Пышақ, вилка сынды заттарға жұмсауға тырыспаңыз. Ойын баласы жүгіріп келіп, көзін жарақаттап алуы мүмкін. Себебі кейде садақ атып ойнағаннан көз жарақаты орын алады. Көзге арналған дәрумендер яғни а, е, с витаминдері бар тағамдарды беруге тырысыңыз. Мысалы, сәбіз, көкөніс, сүттен жасалған тағамды жиі қолданған жөн. Балық пен алманың да көзге пайдасы көп. Құнарлы тамақтану арқылы көздің тамыр қабаттарының беріктігін қамтамасыз ету қажет.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА