Мен − қазіргі заман педагогімін
Жып-жинақы киінген, шашын түйген, шаршағаннан ба екі беті алмадай қызырап, бір қолында ауыр сөмкесі, бір қолында кітаптар мектептен үйге қарай асыққан ұстазымның соңынан бәріміз ере шығатынбыз. Көшеде мұғаліммен бірге жүрген қызық көрінетін. Тыныш жүрмей, «Апай менде сіздей мұғалім болғым келеді» деп әңгімеге тартамыз. Шаршағанын білдірмей күлімдеп қана «Дегеніңе жет айналайын» деп биязы үнмен жауап беретін. Мұғалімнің болмысы, тиянақтылығы, әрбір сабаққа зор ден қойып үлкен дайындықпен келетіні бізді өзіне еріксіз баурап алатын. Бұл менің көз алдымда сақталған жиырмасыншы ғасырдағы біздің ұстаздарымыздың бейнесі.
Заман көші алға жылжып, білім саласы цифрландыруға көшті. Жас ұрпаққа жаңа бағдарламалармен білім беру бүгінгі мұғалім қауымын да жаңа кезеңге әкелді. Өзгергені сабақ беру әдісі, ал мұғамнің адамгершілік болмысы, оқушыларға деген мейірімге толы жүрегі сол қалпында. Әйтсе де еліміз цифрландыру кезеңіне аяқ басты. Бұл уақытты Тұңғыш Президент Елбасы «Технологиялық, экономикалық және әлеуметтік шапшаң да терең өзгерістер дәуірі» деп атап өтті. Сондықтан да мұғалімдер төртінші өнеркесіптік революция дәуіріндегі жаңа талаптарға дайын болу қажеттігін үлкен жауапкершілікпен қабылдады. Оқу жылының қарсаңында аймақ мұғалімдеріне «Promethean» компаниясының бас консультанты Инна Стивенс «Интерактивные технологии для цифрового поколения» тақырыбында, «BTS Digital» білім беру орталығының басшысы Нұрбек Саясат «Жаңа мамандықтар Атласы жобасы: еңбек нарығы мен дағдылар сұранысы қалай өзгеруде?» тақырыбында баяндама оқыды. Тамыз кеңесінен соң жұмысқа білек сыбана кірістік.



Оқушылардың барлық жаңашылдықтарды жетік меңгеруі үшін мұғалімдер де жаңа цифрлық технологиялар бойынша тұрақты негізде біліктіліктерін арттыруда. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде» деген болатын. Жаңа дәуір келді. Жаңа технология енді. Жаңашылдыққа қадам жасайтын уақыт. Егеменді еліміздің жарқын болашағы − бүгінгі талапты жастарға сапалы біліммен саналы тәрбие беруде, оқушылардың ойындағы ерекше қабілеттерімен таланттарын жан-жақты аша түсу үшін аянбай еңбек етудеміз.
Жұлдызай ЕСБОЛАТҚЫЗЫ,
№139 орта мектебінің
көркем еңбек пәнінің мұғалімі