» » КЕҢІСТІКТІ КЕСІП ӨТКЕН КӨРІПКЕЛ

КЕҢІСТІКТІ КЕСІП ӨТКЕН КӨРІПКЕЛ


Ел арасында болашақты болжай білетін, ерекше дарынға ие адамдар қай кезде де болған. Біздің тарихымызда Қорқыт ата, Асан Қайғы, Арыстан баб, Әлмерек, Қыпшақ Қойлыбай, МәшҺүр Жүсіп секілді алдағыны анық болжаған тұлғалар жетерлік. Бізге белгісіз тылсымның көмегімен оқиға барысына да әсер ете алатын жұлдызшы, құмалақшы, бақсы, жауырыншылар жайлы ел ішінде аңыз көп.
Қазақ даласында өмір сүрген көріпкел, әулие-әмбиелер жайлы деректер көп сақталған. Шоқан Уәлихановтың, Әлкей Марғұланның еңбектерінде деректер кездеседі. Өткен ғасырдың басында Мағжан Жұмабаев «Қорқыт» поэмасында, Әубәкір Диваев «Бақсы» жырында ерекше қасиет иелерінің сырын ашуға талпыныс жасапты. Ал әлемді мойындатқан Нострадамус, Ванга, Эдгар Кейси, Мария Ленорман, Валя Блаженная  сынды көріпкелдер жайлы кітаптар мен фильмдер жетіп артылады. Олардың барлық болжамдары, ғұмырбаяны жұртшылықтың назарынан тыс қалған емес, тарихта қатталып, жазулы.
Мәселен, әлемді шарпитын соғыс біткенді жіпке тізгендей етіп болжаған Мишель Нострадамус туралы кітаптардың ұзын саны бұл күнде он мыңнан асып кетіпті. 1877-1945 жылдар аралығында тіршілік кешкен америкалық көріпкел Эдгар Кейсидің өмір жолын зерттеушілер де табыстарға қол жеткізді. Ол көптеген шетелдік ғалымдардың ғылыми еңбектеріне арқау болды. Болгар ұлты ерекше мақтан тұтатын Ванганың да атағы алысқа жетті. Талай-талай тарихи оқиғаларды алдын ала айтып берген, соңғы көріпкел туралы қаншама деректі фильмдер түсірілді. Орыс жұрты да бұдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген Авель монах, 1988 жылы қапылыста көз жұмған Валя Блаженная, Кішкентай әулие атанған Матрона Московская секілді қандастарын көпшілікке таныту мақсатында еңбектенуде.
Олар бір кездері Ресей Польша жерінде дүниеге келіп, мәңгілік мекенін Ресей жерінен тапқан Вольф Мессинг жайлы тағы бір көпсериялы көркем фильм түсірді. Айрықша дарынға ие, саяси қуғын-сүргінді де бастан өткерген Мессингтің екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО аумағына қашып өткені мәлім.  
Вольф Григорьевич (Гершикович) Мессинг 1899 жылы 10 қыркүйекте Польшада дүниеге келген. Эстрада артисі, КСРО-да «адамдардың ойын оқу» психологиялық тәжірибелерімен өнер көрсеткен, РКФСР-дің еңбек сіңірген артисі. Былайша қарағанда, соншалықты ерекше ештеңе жоқ секілді. Алайда, оның өміріне, көріпкелдік қасиеті мен маг ретіндегі өнеріне тереңірек үңілген кез-келген адам таңғалмауы мүмкін емес. Адамдардың «ойларын оқи білген» ол болашаққа біраз болжам жасап кеткен. Ол жұмыр жерде ірі оқиғаларды, олардың нәтижесін де болжап отырған. «Германия Кеңес Одағына соғыс ашса, жеңіліс табады» дегені үшін Гитлер Мессингті жазаға кеседі. Мессинг Польшадан қашып, КСРО жеріне жеткеннен кейін Иосиф Сталинмен кездесті. Көріпкел оған екінші дүниежүзілік соғыстың қашан бітетінін өте дәлдікпен айтып берген. Әрине, Сталин ешкімнің сөзіне сенбейтін еді. Әсіресе, Польшадан шыққан көріпкелдің сөзіне. Сөйтіп ол Мессингті сынап көрмек болып оған КСРО мемлекеттік банкінен ешқандай чексіз көп сомада ақша алып шығуды бұйырады. Бұл тапсырманың мүлтіксіз орындалатынына Сталин сенбеген еді. Бірақ көріпкел қасында бақылаушылармен бірге банкке кіріп, ол жақтан жүз мың рубль алып шығады. Әрине, сынақтан кейін қауіпсіздік қызметкерлері банк басшысына соманы толық қайтарады.
Алайда, Сталиннің сыны мұнымен бітпеген еді. Ол өзінің қарауылдарына Мессингті жеке кабинетіне жолатпауды тапсырады. Сөйтеді де көріпкелді өзіне шақырады. Мессинг бұл тапсырманы да оп-оңай орындап шығады. Жұмыс бөлмесіне әп-сәтте кіріп, мұның бәрін сырттай бақылап тұрған Сталинге қол бұлғап кете барады. Ал қарауылдарға ол Берияның бейнесінде көрінді деседі.  
Тіпті, Мессинг Сталинді өлімнен аман алып қалған деген де әңгіме бар. Ол қолбасшы мінгелі тұрған ұшақтың апатқа ұшырайтынын, оның баласы екеуінің отарбаға отырғаны жөн екенін айтыпты. Көріпкелдің айтқанындай-ақ, аталған ұшақ апатқа ұшырап, барлық жолаушы қаза табады. Мессинг, сонымен қатар, Хрущевпен де таныс болған.
Ел саясатында қатысты аса құпия бір бума қағазбен бірге жоғалып кеткен қызметкерді үш күннің ішінде жедел табу туралы Сталиннен бұйрық түседі. Көріпкел Хрущевқа құнды құжаттармен қоса жоғалып кеткен сол партия қызметкерін табуға көмектескен көрінеді.
Қалай болғанда да Мессингтің дарыны адам түсіндіріп бере алмайтын құпия еді.
 Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол үгіт бригада құрамында «ойларды оқу» сияқты көрсетілімдермен, артынан Госконцерттің атынан жеке концерттер көрсетумен айналысты. Кеңес циркінде иллюзионист болып істеді. Соғыс кезінде Мессингтің қаражатына екі истребитель құрастырылды. Бірінші истребитель Як-7-мен Кеңес Одағының Батыры Константин Ковалёв жаудың төрт ұшағын атып құлатты. Екіншісі 1944 жылы «Варшава» авиаполкына берілді. Мессинг 1943-1944 жылдары Новосибирск қаласында тұрыпты. Оның көрсетілімдерінде ассисент болып жұмыс істеген, жұбайы Аида Михайловна Мессинг Рапапорт өзі көз жұмғанша көріпкелдің қасында болды. 1953 жылы Мессинг Сталиннің еврей мейрамдарының бірінде өлетінін айтқан. Онысы да айнымай келеді.
Бірақ әлемге әйгілі көріпкел жеке өмірінің соңғы сәттері қалай болатынын болжамаған екен. Өзгенің тағдырын алақандағыдай көрген оны өз өмірінің ақырғы сәттерін «көрмеді» деп айту да қиын. Әрине, өзгеше тағдыр иесі қашан дәм-тұзы таусылатынын анық сезді. Бірақ оны ешкімге жариялап айтпаған секілді.
1974 жылдың күзінде кеңістікті кесіп өтіп, уақыттан озған көріпкел Вольф Мессинг соғыс кезінде аяғынан алған жарақаты асқынып, ауруханаға түседі. Оның саны мен мықынының қүре тамырларына жасалған ота сәтті шыққан еді. Бірақ аяқ астынан бүйрегі  істемей, оған қабынған өкпе дерті қосылады. 
Әлемдегі ірі оқиғаларды дәл болжап, адам тағдырының қалай өрілетінін дәл айтқан ерекше дарын иесі осылайша өмірден озып кете барды.
Ерхан АҚЫН
01 ақпан 2018 ж. 1 258 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031