Жастардың экологияға алаңдауы ‒ заңдылық
Аймақтың су шаруашылығы саласында талай жыл еңбек етіп, қоршаған ортаның экологиясын жақсартуға үлес қосқан ғалым Төрехан Қарлыхановтың есімі көпке аян. Арал теңізінің гидроэкологиялық проблемасын шешу жолын зерттеуді өткен ғасырдың 80-ші жылдары қолға алған тұлғаның бүгінде еңбек жолын шәкірттері мен балалары жалғап келеді. Осы аптада сушылар отбасынан шыққан ұстаздың қызы, «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнұр Далдабаевамен аз-кем тілдескен едік.
‒ Осы кезге дейін университет студенттеріне экология пәнінен дәріс бердіңіз. Жастардың бұл салаға қызығушылығы қандай?
‒ Бүгінгі таңда экологиялық жағдайдың нашарлауы ‒ адамзат алдында тұрған ең маңызды мәселенің бірі. Ауа мен су көздерінің ластануы, табиғи ресурстардың азаюы кедейлікті арттырып, мәжбүрлі көші-қонға, адамдардың тұрмыс деңгейіне кері әсерін тигізетіні анық.
Экологиялық аймақта орналасқан біз үшін, соның ішінде жастардың экология саласына аландауы заңдылық деп есептеймін. Оны университет қабырғасында жыл сайын өтетін дәстүрлі студенттік конференцияға ұсынылатын студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысынан байқауға болады. Ғылыми-зерттеу жұмысының басым бөлігі аймақты көгертіп-көркейтуге, жақсартуға, су, энергия үнемдейтін жаңаша инновациялық технологияларды кеңінен қолдануға, суармалы ауылшаруашылық алқаптарының экологиялық-мелиоративтік жағдайын жақсартуға, сонымен қатар Сырдария өзенін ластанудан қорғауға бағытталған. Айта кетейін, студенттердің еңбегі жыл сайын республикалық деңгейде жүлделі орынға ие болуда.
‒ Қазір Арал экологиясы жайлы жиі айтылады. Осы орайда әкеңіздің теңіздің қайта толысуы үшін атқарған еңбегіне тоқталып өтсеңіз... Ол кісінің қолға алған ғылыми жұмыстарын қазір кім жалғастыруда?
‒ Арал аймағының экологиялық дағдарысы әлемдегі күрделі мәселелердің қатарында ерекше орын алады. Теңіздің құрғаған табаны шаңды борандар көзіне айналып, топырақ құрылымының бұзылуын күшейтуде, егіншілікте өнімін бәсеңдетіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің төмендеуіне ықпал етуде. Арал теңізінің мәселесін көптеген отандық және шетелдік ғалымдар зерттеп, қалпына келтіруге зор үлес қосып келеді. Солардың бірі менің әкем, Төрехан Қарлыханұлы еліміздің экологиялық жағдайына, оның ішінде Арал мәселесін шешу жұмыстарына бар өмірін арнаған кісі. Арал теңізі проблемаларына байланысты 1995 жылы Халықаралық экология және табиғатты пайдалану академиясының академигі болып сайланды. 2009-2011 жылдары «Голос Арала» газетінің бас редакторы болып, Арал теңізінің проблемаларына еліміздің ғана емес алыс-жақын шетелдің ғалымдарының да назарын аударып, бірнеше ірі халықаралық жобалардың іске асуына ықпалын тигізді.
Сырдария өзенінің су ресурстарын тиімді пайдалануға және Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіруге бағытталған «Сырдария өзенінің арнасын және Солтүстік Арал теңізін реттеу» халықаралық жобасының шешімін ғылыми негіздеуге және сараптауға көп көңіл бөлді. Қазақстандық Арал теңізінің гидроэкологиялық проблемасын, Кіші Арал және Барсакелмес қорығы аймағында су ресурсарын сатылы жүйе бойынша реттеу және басқару технологиясын, Арал теңізінің құрғап қалған аумағын фитомелиорация әдісі арқылы жақсарту шараларын, атыраулық көлдер жүйесін сақтап қалудың маңыздылығын және т.б. су шаруашылық проблемаларды шешу жолын қарастырды, халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар ұйымдастырды, Арал проблемасына Миклин Филипп (АҚШ), Гуннила Бьеркланд (Швеция), Михаэл Томан (Словения), Аладин Н.В. (РФ) және т.б. шетелдік ғалымдарды тарта білді. Өңірді сумен қамтамасыз ету проблемасын Орта Азиядағы өзендер суын тиімді пайдалану және суармалы жерлерді су үнемдеу технологиясына көшіру арқылы шешпесе болашақта үлкен мәселеге айналатынын дәлелдеді.2002-2007 жылдар аралығында «Көксарай» қарсы реттегішін салудың маңызын, оның Сырдария өзенінің суын қысқа мерзімде реттеу қажеттілігін беделді ғалым ретінде табанды қолдай білді, жобаның іске асуына тікелей ат салысты. Әр жылдары экология мәселелері бойынша тәуелсіз халықаралық сарапшы болды. Әкемнің көзі тірісінде экология саласы бойынша атқарған еңбегі көп. Биыл ғалымның 70-жылдығына орай Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 5-інші оқу ғимаратында профессор Т.Қарлыханов атындағы дәрісхана ашылды. Бүгінде әкемнің шәкірттері түрлі салада қызмет етеді, ал ол кісінің еңбектерін алдағы уақытта өзім жаңа жобалармен толықтыратын боламын.
‒ Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ