» » Байлардың бәрі жаман ба?

Байлардың бәрі жаман ба?

   
Бүгінде балаларымыз «Қазақ ертегілері» сериясымен шыққан туындыларды оқып, ондағы кейіпкерлер өмірін үлгі етеді. Осы топтамадағы басты кемшілік – байлардың образы. Естігенде құлаққа түрпідей тиеді. «Ертеде бір бай болыпты, ол өте сараң, елдің малын тартып алыпты, өзі ақымақ болғаны соншалық...» деген сынды жағымсыз теңеулермен басталады. Мұны естіп өскен ұрпақ бай болуды зұлымдықпен шатастырып, байлық та солай тартып алумен келеді немесе біреу байып жатса, адал еңбекпен тапты ма, біреуді қанап алды деген ой санасын билеуі заңдылық. Сондықтан балалардың санасын жастайынан уламай, «Бай байлыққа жетпес бұрын ақылды болды, оқыды, тоқыды, еңбекқор болды» деген сөздерді қосып, байлықтың еңбекпен келетінін түсіндіру қажет сияқты.
Рас, кеңес үкіметі кезіңде халық бірін бай, енді бірін кедей қылып жаратқан Құдайға қарсы шықты. Сөйтіп байды зұлым, жауыз қылып санамызға сіңірді. Содан бері қанша уақыт өтті. Санаға сәл сілкініс жасап «бұрынғының байлары қандай болған?» деген сұраққа шолу жасасақ. Мәселен, тарихта дүниесін ел игілігіне жұмсаған бай аз болмаған. Құнанбай да байлығын Құдай жолына жұмсап, Меккеде мешіт салдырған. Одан бөлек, «Қазақ» газетінің шығуына байлар атсалысқан. Тізсек тізіле береді. Сондықтан қазақтың даңқын асқақтатқан байлардың образын ашып, бай болуға ұмтылатын ұрпақ тәрбиелеу маңызды.
Қазақта «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң найзаңның ұшы жауға тисін» дегенді бекер айтпаған. Себебі қазақ байлары халқына тек байлығымен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен сыйлы болған. Бұл туралы абайтанушы Омар Жәлел былай дейді: «Байлықтың екі түрі болады. Бірі – материалдық, екіншісі – рухани. Кезінде рухани бай адамды дәулетті деп атаған. Ілім-білім, ақыл-парасат байлық арқылы келеді. Мысалы, атақты Құнанбай малы болған соң, Абайды оқытты. Оның шығармашылықпен еркін айналысуы үшін інісі Оспан да барын аямаған. Міне содан Абай Абай болды, халқына баға жетпес құнды мұра қалдырды. Ал жоқшылықтың азабын тартқан, қарны аш адамның хайуанға айналатыны белгілі емес пе? Өйткені қу тамақты ғана ойлайтын, өзі аш-жалаңаш адамнан не күтесің, онда қандай сана-сезім болады?!» деп бай болу мен кедейліктің ара-жігін ажыратты.
Бүгінгідей қысылтаяң уақытта байлардың жомарттығына халық дән риза. Бірі көп балалы ананы баспаналы етсе, енді бірі қаржылай көмек беріп бір-бірімен жарысуда. «Қарекет», «Шұғыла» сынды қорлардың қайырымдылығын айтудың өзі бөлек әңгіме. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» демекші, ертегідегі жағымсыз бай образын «Бай кәсіп ашып, халқына жұмыс берді, елге қайырымдылық жасады, халық риза болыпты» деген сөйлемдерді арқау ететін кез келген сияқты. Мұндай жағымды ертегілерді тыңдап өскен бала, есейгенде қолыңдағы барымен көпшілікпен бөлесетін болады. Сондықтан қайырымды байларды тәрбиелеуді қазірден бастау қажет. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген мақалдың дәуірі өтті. Бергісі келмейтін байды халқына беруге, бөлісуге ынталандыратын уақыт жетті.
Айгүл ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ
31 шілде 2020 ж. 754 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031