» » ЕРТЕГІНІҢ ЕРТЕҢІ

ЕРТЕГІНІҢ ЕРТЕҢІ

  «Баласына ертегі айтып ұйықтата алмайтын әжелерден қорқамын»,− деген Бауыржан Момышұлының қорқынышы шындыққа айналып келеді.  Шындығында бұл тақырып  заманымыздың актуалды мәселесіне айналғалы қашан. Біреулерге шешімсіз мәселе көрінсе, екінші біреулерге ақымақтың бір күндік уайымы болып қала береді. Рас, назар аударатындай мәселе емес деп қалып, елі үшін еңіреп жүрген ел ағалары бұл тұрғыда бей-жай қарай қоймайтыны анық. Ендеше не істемек керек, қай тараптың пікірімен санасуға міндеттіміз?
Сөзіміз жанды болу үшін, көшеге шығып халық арасына сауал жолдағандық. Сауалымыз егде жастан асып, еңбегінің зейнетін көріп, немере ойнатып отырған ата-әжелерге арналмақ. «Сіз немереңізге ертегі оқып бересіз бе?»,−деген сұрағымызға жауап алмаққа халық көп шоғырланатын жерге бас сұқтық. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» дейтін қазақ едік, бар дәмдісін жиып ап жеңгелеріміз шықпағанымен, біз іздеген ата-әжелеріміз көптеп кездесті. Басында сәл сескенгенмен, сұхбатымыздың мән-жайынан хабардар бола келе, аптықпай ағынан жарыла сөйлесті. Сауалым жеңіл болғанымен, мардымды жауап ала алмадым. Көңілімде бір әттеген-ай болып тұрғаны, бәрі дерлік ауыз жаласып алғандай бір сипаттағы жауап қатты. Барлығы дерлік ертегі айтпай немересі ұйқыға жатпайтындығын айтып ақталып, балалардың ертегіге қызығушылығының төмендігін алдыға тартып, сыныққа сылтау іздеумен болды. Жаға ұстатар бір жағдайға куәгер болдым. Сондағым «Өзіңіз қандай ертегі білесіз? Немерелеріңіз алдыңызға келіп, еркелей ертегі сұраса қандай ертегі айтар едіңіз?» дегенім мұң екен, сан мың ақталу мен жалтару естіп, ақыр аяғында мұндай дүниеден құлағым жауыр болды.
Ешкім ескермесе де бұл дүниенің  мұншалықты қалге жетуіне не себеп болғаны беймәлім қалды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген дана қазақ өсіп келе жатқан жас ұрпақты ертегіге елітіп өсірді. Бала санасы бүршік атқан гүлдей дамып келе жатқан уақытында «анау жаман, мынау жақсы» деп түсіндіру қиын екенін ұққан ата-әжелеріміз ертегі арқылы сан-қилы тылсыммен таныстырып, тәрбие мақсатында пайдаланды. Астарлы ойды сөз арасына жасырумен баласының өзіндік ойлау қабілетін жетілдірді. Жас ұрпаққа ертегідегі батырларды айтып ерлікке, арамза хандарды айтып әділдікке, жан-жануарларды сипаттау арқылы тылсым табиғатты түсіндірді. Байқап назар салатын болсақ, «ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде» деп басталатын ертегінің бала тәрбиесіндегі еленбей кеткен қанша пайдасы бар. Ендеше осындай пайдасын біле тұра, қоғам санасынан аулақтап бара жатқан ертегілеріміздің мұндай деңгейге жетуіне неге тоқтау қоймаймыз?
Дәулет САҒИТ,
ҚМУ-дың II курс студенті
02 маусым 2019 ж. 894 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031