Бағбаны кім баланың?
Бүгінде көп ата-ана баласына сөзін өткізе алмайды. Мамандардың пікіріне сүйенсек, балалардың 80 пайызы ата-анасын тыңдамайды екен. Өз баласына өкімі жүрмеген ата-ана мұғалімге, психологқа жүгінеді. Анығында, мектеп баланы толыққанды тұлға, өмірге бейім азамат ретінде тәрбиелей ала ма? Баланы баға үшін ынталандыру, тыңдамағаны үшін айыптау, шектен тыс еркіне жіберу қаншалықты дұрыс? Ауқымды тақырыпты осы аптада мамандармен бірге талқыладық.
Соңғы кезде ата-ана баланы, сәйкесінше бала үлкендерді түсінбей, жанжал туындайтынын айттық. Бала ата-ананы неге тыңдамайды деген сауалды мамандарға қою барысында келесідей зерттеуді көзіміз шалды. Алдымен соған тоқталайық. Психология ғылымдарының докторы Шалва Амонашвилидің “Педагогикалық дастаны” атты кітабында мынадай мысал бар.
“Бір күні маманның алдына бір отбасы келіп, баласының бірнеше күн аспанға тас лақтырып жүргенін, себебі не екенін біліп беруін және тоқтатып беруін сұрайды. Сонда педагог баламен бірге еш ойланбастан бірден баламен бірге аспанға тас лақтыра бастайды.
Біраз уақыт өткен соң педагог баладан:
– Біз не істеп жүрміз? – деп сұрайды.
‒ Біз дайындалып жүрміз, – дейді бала.
‒ Неге?
‒ Өткенде мен аспаннан тастар құлап, динозаврлар жоғалып кетті дегенді естідім . Енді менің үстіме тастар құлап кетсе, мен қайда тығылам? Күйім қандай болмақ? Соны білу үшін және сол жағдайға дайындалып жатырмын, ‒ депті бүлдіршін”.
Осылайша ата-анасы ұрсып, түсіндіріп, біле алмай жүрген мәселені педагог әп-сәтте баланың әлеміне ену арқылы біледі.
Қызық қой ә?! Біз тілдескен филология ғылымдарының кандидаты, профессор Жанар Айтбергенқызы да осы зерттеуді толықтырып түсіндірді.
– Ата-ана баласына айтқанын істету үшін бірге сол істі жасау қажет. Ананы-мынаны жаса деген бұйрықтан “бірге жасайық” деп қызықтырып үйретер болса, баланың қызығушылығы артады. Бірте-бірте бала сол жұмысты өзінің қалауындай көріп, міндетті атқаратын ісіне айналдырады. Балаға бір іс жасату бірлесе атқарудан, қызықтырудан бастау алады. Балаңыздың білімді болғанын қаласаңыз, қосымша білім алуына мүмкіндік жасаңыз. Іскер бала болғанын қаласаңыз, ісін жүргізер заттарын алып беріңіз. Баланы қызықтырар, өзін-өзі табар іспен айналысуын қадағалаңыз. “Табыс құя білу” дегеніміз осы. Баланы мектепте тек “5” деген бағаға оқы деу ‒ қате түсінік. Мектептегі бес деген баға, өмірдің көрсеткіші емес. Баланың білім алуына көңіл бөліп, білімін өмірде қажетіне жаратуына жол көрсетсеңіз, сол нәтиже болып саналады. Білім алуына жағдай жасасаңыз, алған білімінен бала рахаттанса, еңбектің көрсеткіші бағаланады, ‒ дейді маман.
Жалпы зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, баланың дамуы күнделікті көзге көріне бермейтін өзгерістен құралады. Тіпті кейде бала бойындағы өзгешелікті ата-ана емес, сырт көз байқағыш келеді. Сондықтан баланың жас ерекшелігіне сай әрекетін, дамуын баста назарда ұстау керек, – дейді психолог Талғат Айтбай:
‒ Балаңды бес жасқа дейін патшадай құрметте, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан досыңдай сырлас деген тәрбиелі сөз жас ерекшелік психологиясын ескере отырып, ата-ана мен бала арасындағы өзара қатынасын әр кезеңге сай сипаттаған. Бес жасқа дейін бала әлі ойы толық қалыптаспағандықтан, әрекетінің дұрыс немесе бұрысын ажырата алмайды, ол жаста негізгі қабылдау ерекшелігі сезімдермен байланысты болады. Бес жастан он бес жасқа дейін балада үйрену, ойлау дағдылары қалыптасады. Ол кезеңде баланы өмірге бейімделуге бағыттау арқылы ата-ана мен бала арасындағы қатынасты қалыптастырады және жасөспірімдік кезеңде (он бес жастан бастап) баланың негізгі дамуы әлеуметтік қарым-қатынасқа ауысады. Сондықтан ата-ананың бұл жастағы баламен жүргізетін әрекеті, балаға құрметпен қарап, ақылдасу, пікірлесу болып табылады.
Қазіргі таңда білім жүйесінде көптеген өзгеріс болып жатқанына куәміз. Соның ішінде сабақты жоспарлау және бағалау жүйесі баланың алған білімінің орындалуын, орындаудағы ой өрісін, өзіндік ізденіс дағдыларын қалыптастырады. Әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, олардың ойлау қабілетінің дамуына ықпал етеді. Баланың психологиялық дамуында ескерер бір жайт, олардың қызығушылықтар аясы өте кең және құбылмалы болып келеді. Әр пәнді зерттеп, зерделей отырып, болашақта қолдану аясын айқындайды. Сонымен қатар баланың физиологиялық дамуын ескерер болсақ, балалық шақта бала миы кез келген ақпаратты жинақтап отырса, жасөспірімдік кезеңде баланың ми қызметінде ақпаратты қабылдау жүйеленіп, қажетті мәліметтер орнығады, күрделенген сайын тәжірибе жүзінде шыңдалады.
Жетістікке жету үшін балаға ата-ананың қолдауы маңызды. Жетістікке жетуде ата-ана ретінде қолдау әрекеті сәбидің алғашқы қадамынан басталу керек. Яғни ата-ана:
‒ Жас ерекшелігіне сәйкес жасайтын әрекетін білу (сәби 9-12 айында алғашқы қадам жасайды);
‒ Жетістікке жету үшін физикалық, материалдық қолдау (алғашқы қадам жасамас бұрын физикалық қолдау, аяқтарын шынықтыру, қауіпсіз тіреуіш құралдарымен қамтамасыз ету);
‒ Жетістікке жету үшін психологиялық қолдау (әрбір жасаған сәтті/сәтсіз әрекеті үшін құшақтап, жылылық сезіммен жауап беру);
‒ Баланың жасап жатқан әрекетіне сену;
‒ Жетістікке жеткен сәтінде мадақтау, баламен бірге қуану керек.
Ескендір Бестай, педагог:
‒ Баланы қалай тәрбиелеу керек? Қалай болғанда да кез келген ата-ана өз көргенінен артық тәрбие бере алмайды. Оның үстіне өз көргенін ең озығы деп те ойлайды. Сол үшін қалай болса да ертең салдарын саналы түрде көтере алатындай тәрбиелегені жөн. Бүгінгі әрекетінің жауапкершілігін көтерсе болғаны. Ал бұл сұраққа сәл болса да ізденген адамға мыңдаған ресурс, кітап әрі мамандар егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп бергені мәлім. Әртүрлі аталса да, бәрінің түбі бір – адамның адам болуы.
Баға мен бағалауды шатастырмасақ жарар еді. Осының айырмашылығын ажырата алмай баланың да, ата-ананың да басын айналдырып жібердік. Баға бала болашағына көбіне теріс әсер етсе, бағалау оң әсер етеді. Ата-ана әрі мұғалім болып бағалауды, яғни, кері байланыс беруді меңгеретін болсақ, бала болашағының жарқын болуына қызмет етер едік. Әр әрекетінен сабақ алып дамуға ұмтылатын жас тәрбиелейтін едік. Ал бағамен шектеліп таңбалауға ұмтылсақ, белгілі бір таптаурынға салынған бұлыңғыр болашаққа жетеріміз сөзсіз.
Кәсіби мамандардың пікірінен соң, ата-аналардың дегеніне құлақ түрдік. Баланың сабақты үздік оқуы қаншалықты маңызды және ол бала тәрбиесіне қалай әсер ететінін бірге бағамдадық.
– Отбасымызда 10 баланың кенжесімін. Аға-апаларымның барлығы мектепті үздік бітіріп, жоғары білім алған. Мен сәл еркелеу болдым ба, әйтеуір сабақ оқуға құлықсыз едім. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап балалықпен қоштастым. Сабақ оқымағаным үшін күнде таяқ жейтінмін. Ата-анамның қиялындағы бала болу мен үшін қиынға соқты. Қанша ұрыс естісем де, сабақты 5-ке оқи алмадым, еш нәтиже шықпады. Бірақ футболға деген қызығушылығым жоғары болды. Анам «доп ойнаған азар» деп қарсылық білдірді. Сондықтан болар бүгінде балаларыма қол жұмсап көрмедім. Қалауларының барлығын орындауға тырысамын. Баланың бүкіл «синус, косинус» формулаларын жатқа білгені мен үшін маңызды емес. Мектепте өмірге қажетті жалпы мағлұматты алып, сауатын ашса жеткілікті. Өйткені әр бала қоғамдағы орнын өзі табуы қажет деп санаймын. Бүгінде шүкір, мектеп бітірген екі қызым да мемлекеттік грант иегері атанды, – дейді көп балалы әке Талғат Әмірұлы.
Жалпы 5-тік бағадан бөлек, бала тәрбиесін де мұғалімдерге ысырып жатамыз. Бәріміз болмаса да біразымыз мектеп психологы және оқушы арасында байланыс жоқ деп психолог пен тәрбиешінің орнын алмастырып алдық. Бұл мәселе турасында мектеп психологының айтар уәжі бар.
– Балалармен жұмыс барысында түсінгенім, ата-анамен бала арасында диалог жоқ. Яғни бір-бірімен ашық пікір алмаспайды. Содан көптеген мәселелер туындайды. Мүмкін бір отбасында 4-5 бала болғандықтан ата-ананың қолы тимейтін шығар деп ақтап жатамыз. Кейде бір ғана баласы бар ата-аналар да шағымданып жатады. Бұған не дерімізді де білмейміз. Қоғам болашақта өзіне сенімді, жауапкершілігі бар, өз көзқарасы мен пікірі бар азаматты көргісі келсе, ең алдымен өзінен бастау қажет. Себебі бала айтқанды емес, көргенді қайталайды. Баланың өзіне деген сенімділігін арттыру үшін оның пікірін тыңдау және қолдау қажет. Қандай да бір жағдай орын алса, қателессе қатты сөкпеңіз. Себебі ол үйрену, даму үстінде. Егер балаңызға шахматтан гөрі, сурет салу ұнаса баланың қалауына жіберіңіз. Әрине, сіздің ойыңызша шахмат баланың дамуына септігін тигізіп, оның логикалық дамуын тездетеді. Сіздікі дұрыс. Баланың ойлау қабілетінің дамуы қандай да бір сурет салудан пайдалырақ көрінетін шығар, бірақ сіз олай баланың қызығушылығын, жанып тұрған көзіндегі отын сөндіріп алуыңыз мүмкін. Сондықтан баланың бетін қайтарсаңыз, тауы шағылып, тұйықталып, өзіне сенімсіз болып, ендігіде пікірін айтпайтын, ойымен бөліспейтін болады. Отбасынан қолдау таппаған бала оны бөтен ортадан іздейді. Балалық шақта мейірім көрмеген бала есейгенде өз отбасына оны көрсете алмайды. Ғалымдардың айтуынша, күніне 8 рет құшақтасқан ата-ана мен балада стресс тудыратын гормондар азаяды екен. Сондықтан көз қуанышымыз балаларымыздың болашағы жарқын болсын десеңіз махаббатыңызды, мейіріміңізді, қолдауыңызды аямаңыз, – дейді №261 мектептің психолог-педагог маманы Гүлзира Баякенова.
Жоғарыда пікірлердің басым көпшілігі бала – ата-анасының айнасы деп баға берген. Яғни ата-ана қандай болса, баласы да сондай азамат болып өседі. Бірақ мұндай пікірмен жас ата-ана Әйгерім Әбуова келіспейтінін жеткізді.
– «Бала ата-анасына қарап өседі» деп жатады. Бірақ бұнын керісінше жағы да бар. Осы сөздеріме мысал келтіріп, бір оқиғаны баяндап берейін. Маскүнем екі ата-ананың екі ұлы болыпты, олар қаланың шет жағындағы бір пәтерде тұрады екен. Ішетін, жейтін тамақ болмаса да, жататын кір болғанымен, ата-аналары оларға көңіл аудармағанымен екі ұлы өз ата-анасын қатты жақсы көретін еді. Ал ата-аналары олар өмірге келгеніне өкінетіндей көрінетін. Жылдар өтеді, екі бауыр екі жаққа кетеді. 20 жыл өткеннен кейін екеуі кездеседі. Бір ұлы ата-аналары секілді маскүнем болып, үйсіз жайсыз адам болып кетіпті. Ал екінші ұлы керісінше өз жағдайын жасаған, өз отбасы бар, үлкен бизнесті басқаратын кәсіпкер екен. Сонда алғашқысы таңданып, тамсанып “қалай сен соншалықты өзгеріп кеттің, екеуміздің көргеніміз бір ғой” деп айтса, ол «иә, көргеніміз бір, бірақ ісіміз әртүрлі, мен ата-анамдай өмір сүргім келмеді, сол себепті ол кісілер жасамаған заттың бәрін мен жасадым. Олар маған үлкен сабақ болды» деп жауап қайтарған екен. Еңбекқор, білімді, ісі көпке үлгілі жандардың да баласы әке жолын қумай, теріс жолда жүріп, жеңіл табысқа құмартатынын көргенде осы оқиға еріксіз ойға оралады. Сондықтан бала ата-ананың айнасы дегенге келіспеймін.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілеттілігі жүргізген зерттеуде еліміздегі ересектердің 75%-ы баланы тәрбиелеуде ұрып-соғуды дұрыс деп қабылдайды екен. Рас, бала сабақты дұрыс қабылдай алмаса «аюға намаз үйреткен таяқ» деп жұдырығымызды ала жүгіреміз. Бұл турасында мамандар балаға ұрыспау қажет. Ұрып-соғу арқылы баланың оқуға деген ынтасын қашырады дейді.
– Кейде балаңызға ашуланып тұрғанда “су ми”, “ топас”, “ақымақ” деген балағат сөздерді қалай айтып қойғанымызды байқамаймыз. Кейде тіпті “ана өзіңдей Айшаны қарашы, жазуы маржандай”,” көрші Күләштің ұлын қарашы, бәрі тиянақты істейді” деп өзге балалармен салыстырамыз. Бұл дұрыс емес екенін біліп тұрсақ та, жаман ниетпен айтпасақ та, баланың өзіне деген сенімсіздігін арттырады екенбіз. “Мен жаманмын”, “мен ондай бола алмаймын” деп баламыздың жігері жасып, талабы мұқалатынын ұмытамыз. Еврейлер баласын қалай тәрбилейді білесіз бе? Олардың аналары балаларын ешқандай жағдайда кемсітпейді. Олар балаға «Сен жамансың» деп ұрыспай, «Сен сияқты жақсы бала қалайша мұндайға барды?» деп ашуланып тұрғанда ойын осылай жеткізеді. Олар баласының ең алғашқы түкке тұрғысыз шимайлаған суретінің өзін, барлық туыстарына көрсетіп, мақтанып, баласының табысты болуына осылайша әсер етеді екен. Ал біз баланың табысты болуы тегінен деп жатамыз. Негізінде адамның табысты болып қалыптасуына әсер ететін факторларды ғылымда детерминизм деп айтады. Детерминизмнің 3 түрі бар. Генетикалық детерминизм, яғни балаға кейбір қасиеттер, домбыра тарту, сөйлеу, жалқаулық, өтірік айту атасынан, әкесінен, арғы аталарынан белгілі мөлшерде беріледі. Екінші, психологиялық детерминизм – отбасында алған тәрбиеге байланысты. Ата-анасының айтқан сөздерінен тәрбие алады. Үшіншісі, қоршаған орта детерминизмі. Яғни бала жақсы ортаға түссе, жақсы болды, жалқау ортаға түссе, жалқауланып кетті, жалқау бала, еңбекқорлар ортасына түсіп, бағытын өзгертеді. Бұл аталған детерминизмнің әрқайсысын ата-ана дер кезінде анықтап, сол бағытта жұмыс жасау керек. Кей ғалымдар табысқа жету, шындығында, бұл детерминизмдерге қатысты емес дейді. Өйткені 13 жастан бастап балада адами ми, яғни саналы ми қалыптасады. Саналы миы қалыптасқанда бала шешімдерді өзі қабылдай бастайды, қандай болғысы келеді, өзі шешеді. Қазақтың әрбір сөзінің астарында мыңдаған философиялық ой жатыр. “13-те отау иесі” деген қанатты сөзіміздің ғылыми мағынасы осында жатса керек, – дейді «Ғаламат» оқу орталығының директоры Айнұр Жүсіп.
Қытайдың ұлы ұстазы Хинг Шиге бір жас ана келіп:
– Ұстаз, ұлымды қалай тәрбиелегенім дұрыс? Қатал болайын десем, ұзақ жыл зарыға күткен, Құдайдан жалбарынып сұрап алған жалғызым. Сондықтан да жүзімдіктегі жұмысыма араластырмаймын. Аяймын. Жұмсақ болсам, қолынан түк іс келмейтін, болмашы қиындыққа бордай езілетін ез еркек боп өспей ме? – дейді.
– Жүзімдікті баптағанда неге бұтақтарын кесесің? Тілі жоқ жүзімді аямайсың. Неге? – деп, ұстаз жас ананың өзіне қарсы сұрақ қояды.
– Артық бұтақтарын қырқып отырмасам, жемісі тәтті болмайды.
– Ал, неге оған күнде су құймайсың? Балаңды күннен қорғағандай, неге жүзімді де күннің ыстығынан, қыста аяздан қорғамайсың?
– Күнде су құйсам, шіріп кетеді. Жүзім мол өнім беру үшін оған күннің жылуы да, қыстағы аяз да қажет. Күзде отырғызылған көшеттер алғашқы аяздан кейін шыңдала түседі, – деп жауап береді ана.
Сонда Хинг Ши:
– Бала тәрбиесі де осыған ұқсайды, – деген екен.
Ұлы ұстаздың сөзіне алып қосарымыз жоқ. Жоғарыда айтылған пікірлердің барлығы әр адамның өмірінен алынған сан ғасырлық тәжірибе. Дұрыс бұрысын саралап, ұлт болашағын тәрбиелеуде игілігіңізге жарар. Қазақ ертеден ұлтымыздың болашағы – саналы ұрпақтың қолында деп бала тәрбиесіне ыждағаттылықпен қараған.
Ертедегі қазақ баласының балалық шағы қаншама қиын кезеңдерге тап келсе де, білімнен, өнерден, жалпы адами қасиеттерден алыстамағанын аңғарамыз. Бала қаншалықты жоғары білімді игерген сайын соншалықты кішіпейіл болу қажет. Ол үшін ата-ана балаға тәрбие, білім беруден шет қалмауға тиіс. Бала мектепте 6,7 сағат болса, 18 сағат үйде болады. Сол себепті ата-ана баласының оқуын, жүріс-тұрысын, кіммен араласатынын қадағалап, сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен байланыс жасап, сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыру қажет. Яғни мұғаліммен тығыз қарым-қатынаста болу маңызды екенін бағамдадық.
Пікірлерді топтастырған Айгүл ӘЛІШЕРОВА, Гүлдана ЖҰМАДИН