ТӘУЕЛСІЗДІК - РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ КЕПІЛІ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында "Тәуелсіздік - рухани жаңғыру кепілі" тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Алдымен университет ректоры, т.ғ.д., профессор Қ.А.Бисенов университет профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, біршама оқытушылар мен ғылым қызметкерлерін марапаттады және әріптестеріне әрдайым абырой биігінен көрінулеріне тілектестігін білдірді.
- Жиырма алты жыл мерзім ішінде небір асқар асуларға, толайым табыстарға, әлем назарын аударарлықтай жетістіктерге ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жол көрсетуімен қол жеткіздік. Өркениет көшіне ілесу үшін маңызды қадамдарға үлкен тәуекелмен кірісіп, сындарлы сәттердің сынынан өттік. Егемен еліміз еншілеген әрбір мерейлі мезетте мемлекет басшысының сарабдал саясаты, берік ұстанымы жатыр. Сондықтан Тәуелсіздікке тәу етіп, оны қастерлеу, оған құрмет көрсету – әрбір қазақстандықтың борышы, Отан алдындағы қасиетті парызы,- деді Қ.Бисенов.
Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының профессоры Ұ.Жанбершиева, педагогика ғылымдарының кандидаты Т.Жайсаңбаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен экономика ғылымдарының кандидаты Г.Рысмаханова, тарих ғылымдарының кандидаты С.Тайман, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен филология ғылымдарының кандидаты Ж.Майгельдиева марапатталды. Сонымен қатар А.Байтұрсынов атындағы Алтын медальге техника ғылымдарының докторы С.Қошқаров ие болды. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.