"Адал ұрпақ" клубы: Біз жемқорлыққа қарсымыз
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен "Қамбаш" балалар сауықтыру лагеріндегі жазғы демалыстағы "Адал ұрпақ" ерікті оқушылар клубтары мүшелерінің "Біз жемқорлыққа қарсымыз" атты акциясы өтті.
Акцияға Қызылорда облысының барлық аудандарынан және көрші Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан келген "Адал ұрпақ" ерікті оқушылар клубтарының мүшелері қатысты.
Акция барысында департамент басшысы Абзал Мұхимов "Біз сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті бала кезден қалыптастыруымыз керек. Осы ретте, өскелең ұрпақтың жат қылықтардан бойын аулақ ұстап, Отанына адал әрі тәуелсіз еліміздің шынайы патриоты болып өсуінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен құрылған "Адал ұрпақ" ерікті оқушылар клубтарының маңызы зор және рөлі ерекше" деп атап көрсетті.
Бүгінгі таңда, облыстың 284 орта мектебінде құрылған "Адал ұрпақ" ерікті оқушылар клубтарының мүшелігінде 15 мыңнан астам оқушы бар. Аталған клубтармен жыл басынан бері "Болашаққа жарқын қадам", "Жемқорлықсыз болашақ", "Біз жемқорлықсыз қоғамды таңдаймыз" және басқа да түрлі тақырыптарда 1000-нан астам кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылған.
Акцияда жас балғындар өз өнерлерін көрсетіп, оқушылар "Жас Арал" КВН командасының әзілдерін тамашалады.
"Қамбаш" лагеріндегі "Адал ұрпақ" ерікті оқушылар клубтарының "Біз жемқорлыққа қарсымыз" атты акциясы "Бір үйдің баласындай" атты кешкілік достық алауына ұласты.