» » Су қараңғылықтың себебі неде?

Су қараңғылықтың себебі неде?


 «Көзкөңілдің айнасы» десек, қазіргі таңда қарттармен қатар жастардың да су қараңғылық ауруларына тап болу оқиғасы көбеюде.Қырық жастан асқан адамдарда, тіпті жас адамдар арасында жанарынан айырылғандардың қатары азаймай тұр.
Суқараңғылық (глаукома) ұзақ уақыт бойы көз ішілік қысымның артуы есебінен көру жүйесінің зақымдануынан орын алады. Тұқым қуалау бойынша да берілуі мүмкін. Көз ішілік қысымның артуы көру жүйесінің қысылуын туындатады, бұл көру қабілетін бұзады. Көз ішілік қысымның әсерінен дерт асқынады. Қалыпты жағдайда «көздің ылғалы» аталатын сұйықтық канал арқылы көздің алдыңғы камерасынан ағып шығады. Егер бұл канал жабылып қалса, сұйықтық жинақталып, глаукома ауруына ұласады. Глаукоманың сирек себептері: көздің тікелей немесе химиялық зақымдануы, көздің ауыр инфекциялары, көздің қантамырының бітелуі, көздің қабыну аурулары, кейде көздің басқа ауруларын емдеу үшін көзге жасалатын операциялар. Әдетте, глаукома екі көзді де зақымдайды, бірақ зақымдау дәрежесі әр түрлі болады.
Глаукоманың екі негізгі түрі бар. Ашық бұрышты глаукома (кең бұрышты глаукома) – кең таралған түрі. Тексеріп қарағанда көздің құрылысы өзгермеген, бірақ, көз ішілік сұйықтық көздің трабекулярлық жүйесі аталатын каналдары арқылы тиісті түрде ағып шықпайды. Екіншісі, жабық бұрышты глаукома. Жіті немесе созылмалы жабық бұрышты немесе тар бұрышты глаукома деп те аталады. Глаукоманың бұл түрі кең таралмаған, бірақ көз ішілік қысым күрт көтерілгенде пайда болуы мүмкін. Нұрлы қабық пен мөлдір қабықтың арасындағы (сұйықтықтың ағатын түтіктері орналасқан жерде) бұрыш кішірейгенде дренаждық қызмет бұзылады.
 Адамға барлық ақпараттың 75 пайызы көз арқылы қабылданады. Теледидар мен компьютерге көп қараған адамдар өз денсаулығына аса мән бере бермейді. Көбінесе науқас тек көздері қатты ауырған шақта ғана дәрігерге қаралуға келеді. Ал, глаукоманың негізгі ерекшелігі, сол ауырғанын адамдар біле де бермейді. Өйткені, ауру белгілері онша сезілмейді. Бірінші және жиі симптомы – шеткері көруді жоғалту, ол ұзақ уақыт бойы байқалмайды. Глаукоманы ерте кезеңінде анықтау үшін окулист-дәрігерге жылына 1-2 рет тексерілу қажет. Қалыпты көзде қысым мөлшері 16-дан 26-ға дейін ғана болу керек. Кейде көз ішілік қысым жоғарылауы мүмкін. Бұл жағдайда көзде кенеттен ауырсыну пайда болып, көру бұлдырайды және жарық көзінің маңында түрлі түсті шеңберлер көрінеді.
Еліміздегі соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы отыз жылдың ішінде ғана Қазақстандағы су қараңғылық дертіне шалдығушылардың саны 40 мың адамнан 64 мың адамға дейін өскен. Тіпті мүгедектікке тап болып, көзі жартылай немесе түк көрмейтін зағип жандардың үлесі артып кеткен. Глаукоманы емдеуге көз тамшылары, лазерлік немесе микрохирургия жатады.
• Көз тамшылары. Олар көздің камерасындағы сұйықтықтың пайда болуын азайтады және оның ағып шығуын жақсартады. Жанама әсерлері: аллергия, көздің қызаруы, қысқа уақыттық күйдіру сезімі, көрудің бұлдырауы және көздің тітіркенуі. Глаукома кезінде кейбір дәрілік препараттар жүректің және өкпенің жұмысына әсер етуі мүмкін. Басқа қабылдайтын дәрілер немесе аллергия туралы дәрігерге міндетті түрде хабарлау қажет.
• Лазерлік хирургия. Лазерлік хирургия ашық бұрыштық глаукомада сұйықтықтың ағып шығуын жақсартады немесе жабық бұрышты глаукомада сұйықтықтың бітелуін жояды. Лазерлік хирургияның: трабекулопластика түрінде лазердің көмегімен дренаж жасалатын аумақтың трабекулярлық жүйесі ашылады; нұрлы қабықтың бөлігі алынып тасталады, нәтижесінде, кішкене ойық саңылау пайда болады, ол арқылы сұйықтық еркін ағатын болады; циклофотокоагуляция түрінде лазер сәулесімен көздің ортаңғы қабаттары өңделеді.
• Микрохирургия. Трабекулотомия аталатын операцияда сұйықтық ағып шығуы үшін жаңа канал жасалады, осылайша, глаукомаға апаратын көз ішілік қысым азаяды. Кейбір жағдайда қайтадан операциялық араласу қажет болады. Микрохирургияның басқа асқынулары: уақытша немесе ұдайы көруді жоғалту, сондай-ақ, қан кету немесе инфекциялар.
Ашық бұрыштық глаукоманы біріктірілген емдеу көз тамшылары, лазерлік трабекулопластика және микрохирургия. Әдетте, глаукоманы бастапқы кезеңінде емдеуде медикаментозды, лазерлік хирургияны немесе микрохирургияны қолданудың пайдасы туралы дәлелдеме бар.
Іштен туа біткен глаукома бұл аурудың туған кезде анықталуын білдіреді. Бұл жағдайларда алдымен хирургиялық араласу қарастырылады. Көп адам емделіп жүріп, басқа ауруды жұқтырып алып жатады. Ең алдымен глаукома ауруына қант диабеті, гипертония кеселдерімен ауыратын адамдар ұшырауы мүмкін. Өкініштісі, глаукома дерті көп жағдайда тұқым қуалайды. Сондықтан сіздің жақындарыңыз немесе ата-анаңыз су қараңғылық дертімен ауырған болса, сіздің де осы ауруға шалдығуыңыз ғажап емес. Глаукоманың алдын алу мүмкін емес, бірақ ерте анықтау арқылы ауруды бақылауға алуға болады. Ауру белгілері байқалса,  дереу дәрігерге қаралу қажет. Өйткені жанарың — жарық жұлдызың!
Ақкенже ИБРАЕВА,
№6 емхананың І категориялы
дәрігер-офтальмологы.
08 ақпан 2018 ж. 1 442 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031