Тренингтер трендке айналды ма?
Орталық алаңға серуендеуге шыққанымда көздің жауын алатын жарнамаға көзім түсті. Онда «қыз-келіншектердің бақытын табуына, тұрмыстағы әйелдердің шаңырағын ынтымаққа бөлейтін, сүйікті жар атануына септігін тигізетін семинарға қатысыңыз, еш өкінбейсіз» деп жазылыпты. Жарнаманың өзі адамды еріксіз өзіне баурап тұр. Содан қатысу мақсатында белігіленген мекен-жайдағы аудиторияға беттедім. Аядай ғана бөлменің ішінде жиналғандардың саны көп. Бір сабақтың құны 5000 теңге. Тренердің орысша тәрбие көргені сөзінен-ақ білініп тұр. Бір сағаттың ішінде мардымды ешнәрсе айтпады.
Тренинг сөзі – ағылшынның «train» – үйрету деген мағынаны білдіреді. Яғни белгілі бір мәселеде жетістікке жеткен адам ақылы түрде кеңес береді. Бұл тренингтердің бірі, белгілі бір топты жетістікке жеткізсе, енді бірі, тек ақша шығындаумен шектелуде. Өйткені соңғы кезде елімізде түрлі деңгейдегі семинар-тренингтер мен шеберлік сағаттары жиі өткізілуде. Алайда, мұндай тренингтерге қатысқан тұлғалардың сағаттап жұмсаған уақыттары табысты өмір сүруге септігін тигізеді ме? Әлде бұл да, ақша табудың жолы ма? Мәселен, әлемді бағындырған әйгілі тренерлердің өмірін үлгі етер болсақ, «Отбасын қалай сақтап қалуға болады» деген кітап жазған Дрейк Медина Америкада өз әйелін атып тастаған, ал «Достарды қалай табуға болады» деген кеңес берген Дейл Карнеги өмірінің соңына дейін жалғызсырап өткен. «Баланы қалай дұрыс тәрбиелеу керек» деп кітап жазған Бенджамин Спокты балалары қарттар үйіне өткізіп жіберген. Осыған қарап ақылы кеңес айтқандардың барлығы ақылды емес екеніне көз жетеді.
Дегенмен, желіде танымал оратор, Ник Вуйчич қол-аяғы жоқ күйінде дүниеге келген. Ол ауыр дертіне қарамастан «Менің мақсатым – адамдарға өз жолын табуға көмектесу» деп бақытты өмір сүруді үйретіп келеді. Әлемнің 70-тен астам мемлекетін аралап, жарымжан жандар үшін қандай жағдайда да өмір сүру керек екенін түсіндіруде. Тіпті «Жизнь без границ» атты кітапты жазып, қиын жағдайға тап болғандарға күш беруде. Ал бүгінгінің тренерлері «бай болуды», «уыстап ақша табуды» тіпті «қалталы азаматқа тұрмысқа шығудың» жолын үйретемін деп жарияға жар салады. Осы тұста өзі күректеп ақша тапса, болмашы тренингке уақытын неге зая кетіреді деген сұрақ туындайды.
Ақылы тренингтерге жүгінушілердің басым көпшілігі жеке кәсіп ашқысы келетіндер. Ол жақта көбіне кәсіп ашудың алғышартын үйреткенімен, қиындыққа тап болғанда тығырықтан шығар жолды көрсетпейді. Сондықтан қандайда бір тренингке қатысар алдында тренердің кім екенін зерттеп алыңыз. Әйтпесе, қалтаңыздағы қаржыдан қағылып, сан соғып қалуыңыз мүмкін.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА