» » Сот: жаңа формат

Сот: жаңа формат

Қандай да бір қиындыққа тап келсек немесе келісімге келе алмасақ сотқа жүгінетініміз жасырын емес. Тіпті екінің бірінің аузынан "сені сотқа беремін" деген уәжді естіп жатамыз. Өзіміз тілдесіп шешетін майда-шүйде нәрсені де сотқа ысыра саламыз. Сотқа жолданған нәрсе оң шешімін таппай, бір мәмілеге келмей қайтпайтыны жасырын емес. Судьялар күн-түн демей істі қарап, анық қанығын зерттеп барып, сот шешімін шығарады. Егер мәселе біздің пайдамызға шешілмесе "судья танысы екен" деген әңгіменің де қылаң беретіні рас. Әрбір келген істі оңтайлы шешуде "таныс-тамырлық белең алады" деген түсінікті жою мақсатында былтыр жаңа жоба қабылданды.
       2018 жылы Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов "Сот төрелігінің жеті түйіні" атауымен алға нақты мақсат қойды. Сот жүйесін дамытудағы бағытталған жоба 7 бағытты қамтиды. Олар: "Мінсіз судья", "Үлгілі сот", "Әділ процесс", "Е-СОТ", "Оңтайлы орта", "Сапалы нәтиже", "Татуласу: сотқа дейін, сотта" жобалары.
Әрқайсысына тоқталып өтер болсақ, мінсіз судья – тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттары негізінде қазақстандық қоғамның сұранысына сай, жоғары кәсіби сот корпусын қалыптастыруды қамтиды. Жоба Ұлт жоспарының 17-19 қадамдарын судья лауазымына кандидаттарды іріктеу механизмін, Сот төрелігі академиясы қызметін, сондай-ақ судьялардың есептілігі мен жауапкершілігі институтын жетілдіру жолымен одан әрі іске асыруға бағытталған. Келесі бағыт – "Үлгілі сот". Соттардың қызметін бағалау – жұмысты оңтайлы ұйымдастыру, сервистердің сапасы, сот персоналы мәселелерімен және тиісті материалдық-техникалық қамсыздандыру, сот жүктемесімен және ресурстарды оңтайлы пайдаланумен тығыз байланысты. 2020 жылға дейін сот төрелігі жүйесіне халықтың сенімін арттыруды қамтамасыз ететін соттарды басқарудың тиімді жүйесін құруға басымдық беріледі. "Әділ процесс". Қоғам әлі де сот ісін жүргізуді "жылдам және оң" деп танымайды, соттарды жасырын сарсаңға салу бар, сот практикасы обьективті және әділ емес деген шағымдар әлі де жиі кездесуде. Әділ және бірізді сот пркатикасын құруды, процестік әрекеттердің ашықтығын және оңтайландыруын, сот рәсімдерінің жеделділігін және жариялылығын қамтамасыз ету – бұл жобаның басым бағыттарының бірі.  Кейде соттан шақырту келгенде "бармаймын" деп басымызды ала қашамыз. Яки жауапкершіліктен қашамыз. Міне, осы жағдайдан шығу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағыты көзделді. Сондай-ақ сот процесінің әділдігі мен обьективтілігіне қоғамның қанағаттанбау негізділігін талдау және себебін анықтау, халықтың сот төрелігін нақты бақылау механизімін дайындау жоспарланды. Сонымен қатар "Сапалы нәтиже" мен "Әділ процесс" жобалары аясында сот шешімдері қолға алынды. Сот процесі аяқталған тұста іске төрағалық етуші судья шешімді түсіндіріп шығады. Сондай-ақ қойылған сұрақтарға толық жауап береді. Ол кезде микрофон мен камералардың барлығы ажыратылып, екі тараптың еркін пікір алмасуына септігін тигізеді.  Келесі бағыт ол – "Е-СОТ" деп аталады. Жалпы сот жүйесін цифрландыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Бірқатар жобалар іске асырылды. Электрондық сот төрелігінің базалық компоненттері құрылды. Дегенмен ІТ қызметкерлерімен қанағаттанушылық деңгейі халық арасында да, сот жүйесі ішінде де жеткілікті жоғары емес. Сот жүйесінің ІТ қызметтеріне жоғары қанағаттанушылық деңгейіне жету – сот тарапының басты мақсаты. "Оңтайлы орта" – халықтың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қоғам мен соттар арасындағы тиімді қарым-қатынас орнатуды көздейді. "Сапалы нәтиже" – дәлелді сот актілері, өтініштерге жауаптар сот билігінің беделін нығайтуға, қоғамның сотқа деген сенімін қалыптастыруға септігін тигізеді. Халықтың сот жүйесіне сенім деңгейінің жеткіліксіздігі, жекелеген сот актілерінің анық еместігі, уәждердің түсініксіздігі шешімнің әділеттілігіне және судьяның кәсіби деңгейіне күмән келтіреді. Сот актілерінің міндеттілік күшін қамтамасыз ету мәселесі маңызды және өзекті. Сот актісінің беделі, сот ісін жүргізуге қатысушылардың сотқа жүгіну нәтижесімен қанағаттану деңгейін көтереді. "Татуласу: сотқа дейін, сотта" – бүгінде татуласу арқылы ісін сотқа дейін жеткізбей оңтайлы шешу тәсілі қолға алынды. Бұл жоба бойынша біршама жұмыстар шешімін тапты. Сотқа жеткізбей, істі қарап, екі тарапты біріктіріп, келістіретін болды. Ойлап қарасаңыз, бұл жобаның тиімділігі көп. Бастысы, сотқа жүгінетін істер саны азаяды. Арнайы медиаторлар өз жұмысын жүргізіп келеді.
Өткен жылдың ақпан айында іске қосылған құқықтық қызмет көрсету орталығының негізінде облыс соттарында ашылған, "Үлгілі сот" жобасы фронт-офистер сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
 "Сот төрелігінің жеті түйіні" жобасы 2020 жылға дейінгі сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының негізін құрады. Ол сот жүйесін жаңа даму деңгейіне көтеруі тиіс. Тұтастай алғанда, аталған жобалардың негізгі ортақ міндеті – қоғамның соттарға деген сенімін арттыру. Ең бастысы бүгінде осы жеті жобаның негізінде сот жүйесін одан әрі дамыту, сот төрелігіне сенімді арттырып, сот төрелігінің әділдігін, жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда.
   Дидар МҰРАТБЕКҰЛЫ,
Қазалы аудандық сотының төрағасы:
  – «Сот жүйесін дамытудың жеті түйінін» дамыта отырып, жұмыс істеу аса маңызды. Мұның бәрі сіз бен біз үшін атқарылып жатқан игі шаралар. Татуласу – бұл  біз  үшін жат ұғым емес.  Қазақ халқы  дауға жоқ халық.  Ел болған соң дау туындамай қоймайды. Мұндайда ел арасындағы кез келген жанжалды ушықтырмай,  бітімгершілік жолымен шешіп отыратын бітімгерлер болуы тиіс.
Өткен жылдары кәсіпқой емес медиаторлар саны 30 болатын. Ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, үгіт-насихат жүргізу нәтижесінде биылғы жылы аудан бойынша барлығы 77 кәсіби емес медиаторлар жұмыс жасайды. Осы медиаторларымыз сайдың тасындай іріктелген, тараптарды бітімге шақырып, сөзін тыңдата алатын  азаматтар. Бұл жерде менің айтқым келгені таңдау санда емес сапада болу керек.
2018 жылдың 9 қазанынан бастап «Татуластырушы судья» пилоттық жобасы негізінде Қазалы ауданының сотында бітістіруші судья ретінде  Қуаныш Тасмағанбетұлы бекітілді. Осы өкіммен бітістіруші судьяның қарауына медиация тәртібімен бітімгершілік жасауға болатын барлық санаттағы талап арыздарды қолдан бөлу бекітілді.
Бітістіруші судья – бұл сол соттың құрамындағы судья. Тараптардың  мүдделеріне қайшы келмейтін, қанағаттанарлық балама шешім қабылдау үшін даудың мәнін дұрыс шешуге барлық мүмкіндікті толық зерттеу керек.
Татуластырушы судьяның басты мақсаты – қысқа уақыттың ішінде, яғни 5 жұмыс күнінің ішінде дау бойынша барлық мән-жайды анықтап, тараптарға татуластыру тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіріп, оларды бітімге шақыру. Егерде тараптар бітімге келсе, істі тоқтату, ал  5 жұмыс күнінің ішінде татуласуға қол  жеткізу мүмкін болмаса, іс автоматты түрде бөлініп басқа судьяға беріледі. Бүгінгі күні облыс соттарында Татуласу орталықтары ашылып, Қызылорда облысы мен аудандарда Билер кеңесі құрылып, нәтижелі жұмыстар атқарып жатыр.
Нұржан Бекетаев,
Арал аудандық сотының
төрағасы міндетін атқарушы:
 –  «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының шеңберінде Қызылорда облысы соттарына «Отбасылық сот» пилоттық жобасын енгізу жоспарлануда.
Отбасы – қоғамның ажырамас берік бөлшегі, мемлекетіміздің негізгі тірегі. «Отбасылық сот» пилоттық жобасының мақсаты – отбасы құқығын қорғау, отбасы құндылықтарын сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, балалардың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне ықпал жасау. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ата-анасымен келісімде өмір сүруіне, олардың тұлға ретінде қалыптасуына жәрдемдесу.
Келешекте болмашы даулар орталықта шешімін тауып, дауды балама жолмен шеше алмағандар ғана сотқа жүгінетін болады.  Шетелде кәмелеттік жасқа толмағандар мен отбасына қатысты барлық мәселе отбасылық сот арқылы шешімін табады екен. Онда отбасы орталықтары құрылып, некенің бұзылар алдында тараптар бітімге шақырылып, лекциялар курсын тыңдайды, психологпен кездеседі. Жұбайлар ортақ нақты мәмілеге келмейінше, сот шешім шығармайды. Бізге де осыны іске асырған жөн.
Мөлдір Асанова, 
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары
– Қазіргі таңда «Сот төрелігінің жеті түйіні» тәрізді маман біліктілігінің көтерілуіне сеп болып отырған бағдарламалар жетерлік. Олардың байыбына бара білген жан өз ісінің кәнігі маманы боларлық деңгейге жетеді. Олар ең үздік мемлекеттік қызметші, үздік судья деңгейіне дайын мамандар. Медиация  және  дауды  сотқа  дейінгі шешу  шаралары сала мамандарының маңдай терімен жүзеге асып жатыр. Дауларды соттан тыс шешу құралдарын дамытуға және сотсыз татуласуға бағытталған іс-шаралар жоспарын даярлап, аталған бағытта жұмыс жүргізіп келеміз. Сот органдарында «Цифрлы Қазақстан» жобасы қолға алынып, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алдырған заманауи технологиялар әрбір сот процесінде жаһандық дамудың элементін қолданудамыз. Қазір кім, қайда, қашан, қандай істі қарайтынын «Төрелік» ақпараттық жүесі арқылы қарай аламыз. Қазір электронды сот төрелігі күн санап даму қарқынын күшейтті. Тіпті сот процесіне шақыру қағазы да бұрынғыдай шақыру билеті болып бармайды. Қысқа хабарлама арқылы ұялы телефонға жетіп тұр. Төменгі қабаттағы моноблогтан сотқа жүгінуші азаматтар процесінің уақыты мен жай-жапсарын компьютер арқылы біле алады. Бұл, біріншіден, уақыт үнемдейді, екіншіден қағазбастылықтан арылуға бет алған еліміздің негізгі бағыты.
Өткен жылы Қызылорда облысы соттарында татуластыру орталықтары, фронт офистер, медиация кабиенттері ашылып, «Түнгі сот», «Виртуалды сот», «Судья көмекшілері» пилоттық жобалары аясында жұмыстар атқарылды.  Сот процестерін «виртуалды», яғни «TrueConf» бағдарламасы арқылы  өткізу сот төрелігін жүзеге асырудағы аумақтық кедергілерді жойып, уақыт және материалдық ресурстарды үнемдейді, сот төрелігіне шексіз және ыңғайлы қол жеткізуді қамтамасыз етеді.  
Шыңғыс Аманқұлов,
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің ақпараттық технологиялар және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің басшысы
– Ұялы бейнебайланыстың артықшылықтарының бірі – ұтқырлық. Оны саяхат кезінде, кеңседе, үйде де пайдалануға болады. Смартфон, планшеттік компьютер, тіпті смарт сағат та бейнебайланыс құралы бола алады. Тек арнайы бағдарлама жүктеу қажет. Мәселен, бұрын азаматтың жеке қатысуы қажет болса, енді қазір жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы сотқа қашықтықтан қатысуға болады.  Кент, қала, аудан орталығында тұратын тұрғындар үшін сотқа келіп, сот отырыстарына қатысу мәселе емес. Ал  сот ғимараты орналасқан аудан орталықтарынан шалғай жердегі сотқа қатысушы немесе сотқа тартылған тұлғалар үшін орталыққа келіп сот отырысына қатысу ол үлкен мәселе. Әрине бірнеше шақырым жерден жол қиындығын, қаржысын жұмсап келеді. Осы мәселені шешу бойынша жуырда Қызылорданың аудандық соттарға шалғай ауылдармен байланысты жылдамдату мақсатында бейне конференц байланыс жүйелері орнатылды. Бейне конференц байланыс арқылы сот процестерін өткізу тараптардың тек уақытын ғана емес, сонымен бірге бюджет қаражатын да үнемдейді.
Айта кету керек, Қызылорда облыстық сотында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде «QR code» арқылы сот қызметтеріне қол жеткізуге бағытталған арнайы базалық топтама жасалды. Азаматтар сот құжаттарының үлгілерін, өңір соттарының орналасқан жерін, мемлекеттік баждың деректемелерін, «Сот кабинеті» сервисіне кіру, «Ашық есік күндері» кестесін, сенім телефондары нөмірлеріне және тағы басқа да өздеріне қажетті ақпараттарды QR code арқылы жылдам ала алады.
   Жалпы алғанда, сот жүйесінде атқарылып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – соттар жұмысын тиімді ұйымдастыру. Алдағы уақытта қоғамымызда мінсіз судьяның келбеті мен оған қойылатын басты талаптар анықталып, тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттары негізінде қазақстандық қоғамның сұранысына сай, жоғары кәсіби сот корпусы қалыптасып, сот төрелігін атқару кезіндегі судьялардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін заңнамалық, құқықтық және материалдық кепілдіктерін арттыру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асып, сот саласы жаңа бір сапалық сатыға көтерілетініне сенім мол.
Мөлдір САБЫРЖАН
24 маусым 2019 ж. 3 516 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031