«РЕАЛДЫҢ» МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

Матч басталысымен Месси бастаған алаң иелері қарсылас қақпасын торуылдай бастады. Дегенмен алғашқы соққыны қонақтар жасады. Қартайған Бускетстен басып озып, Бенземадан пас алған Вальверденің алыс тоғыздыққа бағыттаған добы таблодағы есепті бірден өзгертті. Алаң иелері де қарап қалмады, Месси Жорди Альбаның қапталына қарсыластары бойынан асыра лақтырған керемет пасын испаниялық шабуылшы, Ансу Фатидің аяғына дәл берді. Бірінен соң екінші рекордты жаңартудан жалықпайтын жас жігіт бұл "желпасты"(прострел) алыс бұрышқа бағыттай салды. 8 минутта бір бір голдан салып алған қос команда ойынның алғашқы жартысын осы есеппен аяқтады. Мессидің бітіспес қарсыласы Рамосты айып алаңы кезінде Боатенгтен өткеніндей әдемі алдап, бағыттаған соққысынан басқа қауіпті сәт бұл таймда бола қоймады.
Екінші таймда каталондықтардың допты сәл көп ұстағаны болмаса, ойын тең дәрежеде өтіп жатты. 10 минуттан соң "Барселонаның" орталық қорғаушысы Серхио Рамостың жейдесінен қайта-қайта тартқылап, нәтижесінде өз қақпасына пенальти алып келді. Рамос болса 11 метрден мүлт кетпеді. Нету доптың бағытын дұрыс тапқанымен, қолы жетіңкіремеді. Бұдан кейін Куман жаттықтыратын жігіттер шабуылдап бақты, бірақ нәтиже бермеді.
Ойынның соңғы он минутында "Реал" ойыншылары бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Тони Кростың соққысына "Барса" қақпашысы лайықты тойтарыс бере білді. Алайда матчтың соңғы минуттарында бразилиялық қақпашы допты қолымен сәтсіз қағып, Модричтің аяғына салып берді. Хорватиялық алтын доп иегері аспай-саспай, қақпашыны бір-екі секіртіп, бос қақпаға допты дөп тепті.
Осылайша, Зиданның командасы "Камп Ноудағы" кездесуді сәтті аяқтады.