» » ҚАСҚЫРДАН ҚУАТ КЕТТІ

ҚАСҚЫРДАН ҚУАТ КЕТТІ

   Футболдан ел біріншілігінің 22 туры артта қалды. Бұл турда әдеттегідей фавориттер шашау шығармады. Турдың орталық ойыны Ақтөбеде өтті. Жергілікті "Ақтөбе" командасы "Қайсарды" қабылдап, 3-1 есебімен тізе бүктірді.
Естеріңізде болса, бұл командалар биылғы біріншіліктің маусымашарында жол түйістірді. Сонда "Ақтөбе" қосалқы құраммен Қызылордада үш ұпайды оңай еңсеріп кеткен-ді. Маңдайалды аяқдопшылармен масқара болған "Қайсар" қарымта кездесуде кеткен есені қайтаратындай көрінген. Оның үстіне жігер беруге жүздеген жанкүйер түздегі ойынға аттанды.
Бір қызығы, Ақтөбеде футбол матчтары елдегі өзге ойындарға қарағанда кеш басталады. Мысалы, жаз мезгіліндегі кездесулер 21-00-де. Бұл бір жағынан жанкүйерге де, футболшыларға да қолайлы. Шаруасын бітірген қала тұрғындары түгелдей "Ақтөбені" қолдауға алаңға ағылады. Мұндай әдіс бізге де керек...
Әдеттегідей аренадағы атмосфера ерекше. Қос команданың текетіресін тамашалауға 11500 жанкүйер жиналыпты. Төреші Вишниченконың нұсқауымен алаңда айқас басталды. Мұқанов шәкірттері алаң қожайыны екенін танытып, шабуылға ден қойды. Бірде Рейналдо, бірде Көкеев қақпашы Исламқұловтың әуселесін байқап көрді. Шыны керек, бұл жолы "Қайсардың" сол қапталы осалдық танытты. Біз сенген Ламанж бен Курьор сырт алаңда жатсынды ма, әйтеуір сүреңсіз ойын көрсетті. Қасқырлар қорғана жүріп, ойынның алғашқы жартысын тең аяқтады.
Қызықтың көкесі екінші таймда орын алды. Сауатты ойынның арқасында "Ақтөбе" алға шықты. Стандартты сәттен Симчевич гол
салудың сәтін тапты. Артынша Валиуллин есепті еселеді. Таблодағы есепке көңіл күпті. Айып алаңында шабуылшымыз Братислав Пуношевацке қарсы ереже бұзылды. 11 метрлік айып добын Асхат Тағыберген қиындықсыз орындап, есепті қысқартты. Стадиондағы жүздеген жанкүйердің үміті қайта оянды. Бірақ әлгі Тағыберген төрешінің ескертуімен алаңнан қуылды. 10 ойыншымен қалған қонақтар абдырап үшінші голға да жол беріп қойды. Есеп 3-1.
    Футболдан Қазақстан біріншілігінің алғашқы кезеңі қорытындыланды. Турнирлік кестеге көз жүгіртсек: "Астана" мен "Қайрат" бірінші, екінші орынды бөлісіп тұр. Аталған қос команданың бұл көште тұруы орынды. Футболшыларының шеберлігі мен қаржылық әлеуеті кейінгілерден озық. Үшінші сатыда "Тобыл" жайғасқан. Қостанайлық клубтың әлеуметтік жағдайы Сыр командасынан төмен болмаса жоғары емес. Төрттікті түйіндеген "Ордабасы" мен бестіктегі "Ақтөбенің" қаржылық жағдайы айтпаса да түсінікті. Аяқдопшыларына жалақы төлеу мұң болған клубтар "Қайсардан" едәуір жоғары. Бюджеті 3 млрд ақшаны құрайтын "Қайсар" 12 команда арасынан 8-орында келеді. Аймақ басшысының "үздік бестіктен орын табу" деген тапсырмасын бапкер мен басшылық кері түсінген ау шамасы... Тағы бір ескеретін жайт. Тараз қаласында 2008 жылғы қызылордалық балғын футболшылар Бауыржан Исламхан турнирінде күміс жүлдеге қол жеткізді. Өрендерге 3 млрд ақшаның ұшы да тимепті. Ата- ана мен ағайын туыстың қолдауымен жолға шыққан болашақ жұлдыздар керемет нәтижемен елге оралды. Тиынды тиімдіге жұмсамайтын клубтың екінші кезеңдегі нәтижесіне алаңдаймыз...
16 тамыз 2018 ж. 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031