ҚЫТАЙДАН 12 ЖҮЛДЕ
Қытайдың Ухань қаласында ұйымдастырылған VII жазғы Бүкіләлемдік әскер ойындары өз мәресіне жетті. Олимпия ойындары секілді саналатын додаға әлемнің 132 мемлекетінен 8 000 білекті әскери спортшы спорттың 27 түрі бойынша сынға түсті.
Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған қазақстандық әскери спортшылар спорттың 11 түрі бойынша бақ сынап, жалпы саны 12 жүлде жеңіп алды. Атап айтар болсақ, боксшылардан Теміртас Жүсіпов, Асыланбек Шымбергенов, үш қарғып секіру бойынша Ольга Рыпакова, таэквондодан Руслан Жапаров алтын жүлде иеленсе, боксшылар Ділмұрат Мижитов, Абзал Құттыбеков және балуан Нұрқожа Қайпановтар күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал балуан Айдос Сұлтанғали мен Гүлмарал Еркебаева және боксшылар Тимур Нұрсейітов, Баян Ақбаева, Аят Мыржықпаев әскери ойындарының қола жүлдегері атанды.
12 жүлде жеңіп алған құрамамыз медаль кестесінде 12-орыннан көрінді. Жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы 232 медальмен (131 алтын, 64 күміс, 37 қола) көш бастады. Ресей құрамасы 157 жүлдемен (49, 51, 57) екінші, Бразилия спортшылары 82 медальмен (20, 29, 33) үздік үштікке енді.
Ерасыл ШӘРІБЕК