«БАВАРИЯНЫҢ» БАҒЫ
Еуропаның үздік командалары бақ сынайтын чемпиондар лигасы мәресіне жетті. Германияның «Бавария» командасы Францияның ПСЖ клубынан 1:0 есебімен басым түсіп, Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.
Бірінші таймда қос команда алма-кезек шабуылдады. Ойынның алғашқы 45 минутында «Бавария» шабуылшысы Левандовскиде гол соғатын үш мүмкіндік болды. Тепкен добы бірде қақпа бағанына тисе, бірде қақпашы соққыны қайтарып отырды. Бұл кеште ПСЖ шабуылшылары Неймар мен Мбаппе де бірнеше мүмкіндікті жіберіп алды.
Ал екінші тайм жұрт күткендей болмады. Екі жақта «итжығыс» ойын өрнегін көрсетті. Тәртіп бұзу да, сары қағаз да, айқай-шу да көп болды. Әйткенмен ойынның 59 минутында «Бавария» қорғаушысы Киммихтің оң қапталдан асырған добын баспен қақпа бұрышына дәл көздеген Команның қанжығасы майланды. Осы голдан кейін қаншама алма-кезек шабуыл жасалғанмен есеп өзгерген жоқ.
«Бавария» Чемпиондар лигасының алты дүркін жеңімпазы атанып, бұл көрсеткіш бойынша «Ливерпульмен» теңесті.