Бар балаға бірдейміз бе?
«Басқа түссе баспақшыл» деген. Бір танысым Америкаға кетіп қалды. Отбасымен. Баласы үшін. Көзін ашып көрген тұңғышына сирек кездесетін диагноз қойылған. Біздегі медицина қауқарсыз. Содан да болар табандап ақша жиып, баласының ем-домы, дәрі-дәрмегі үшін мұхит асып, жылына бір рет Америкаға барып келетін. Әр келген сайын: «Көзім жетті, баламның елде болашағы жоқ. Әдеттегі мектепке бара алмайды. Өзге балалармен қатарласа жүре алмайды. Қоғамнан шеттетіледі. Шеттетеді... АҚШ-та мұндай «ерекше» балалар қалыпты мектепте өзге балалармен қатар оқиды. Ешкім алаламайды. Өзінің «ерекше» екенін сезінбейді» деп жиі айтатын. Ақыры, баласы алтыға толғанда, шешім қабылдап, ағылшын тілін игеріп, өзге елге көшіп кетті. Қазір Калифорнияда. Баласы мектепке барған. Мектеп басшылығы баланың ағылшынша түсінбейтінін ескеріп, жеке тіл маманы мен қосымша бірнеше қызметкерді жұмысқа алыпты. Бәрі де мектеп есебінен. Танысым дән риза...
Шыны керек, бізде даму мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедектер қоғамнан тысқары. Өз әлемінде жеке қалған.Құқықтарының қаншалықты қорғалып жатқанынан да хабарымыз жоқ. Психикалық, физикалық дамуы шектелген, көру-есту қабілеті бұзылған балалар жалпы білім беру мектептерінде емес, арнайы орталықтарда оқытылады. Былайша айтқанда, бар баламен тең емес. Ал дамыған елдердегі білім беру саясаты басқаша.
Соңғы уақытта осыны ескерген қазақстандық мамандар да инклюзивті білім берудің маңыздылығын алға тартуда. Инклюзивті оқыту – баланың бойындағы қандай да бір дискриминацияны жоққа шығару, барлығына бірдей қатынас орнату. Оқытуда ерекше қажеттілікті талап ететін балаларға арнайы жағдай қалыптастыру. Балалардың мектеп өміріне белсене араласып, потенциалды дамуына мүмкіндік беру, жақсы өмір сүруіне жағдай жасау. АҚШ, Еуропа елдері бұл жүйеге сонау 70-жылдары көшкен. Ал бізде тек 2000 жылдардан бері бет бұра бастады.
Елімізде инклюзивті білім берудің негізгі принциптерін айқындайтын «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медико-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заң қабылданған. Алғашында бұл жүйеге педагогтардың 80 пайызы қарсы болыпты. 2000-жылдардың соңына қарай қарсылық білдіруші ұстаздардың саны 49 пайыз болған. Алайда біз БҰҰ-ның «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенциясына қол қойғаннан кейін барлық мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай бірдей жасауға міндеттіміз. Ол үшін алда үлкен міндеттер тұр. Мектептерді көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен, арнайы парталармен, үстелдермен және басқа да арнайы компенсаторлық құралдармен жабдықтау секілді.
Алланың адамға берген ең үлкен нығметі – бала. Ұрпақ – өмірдің жалғасы. Бар балаға бірдей болу – біздің парыз.
Арай РАХЫМ