» » ДАУДЫҢ БАСЫ – МҰНАЙ КОМПАНИЯСЫ

ДАУДЫҢ БАСЫ – МҰНАЙ КОМПАНИЯСЫ

Уақыт тынысы
Өңірдегі мұнай алпауыты «Сибу Қызылорда» ЖШС жұмысшыларының өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, қазақтар мен қытайларды бөліп жарып, екі түрлі тамақ беретін көрінеді. Яғни, жергілікті жұмысшылар – 900 теңгеге, қытайлар – 4000 теңгеге тамақтанады екен.. Сондай-ақ, арызда Әлия есімді кадр бөлімінің басшысы оларға қысым көрсетіп, «қытайларға жығып береді» деп көрсетілген. Осы мәселеге сәйкес қара алтын өндіруші қызметкерлердің арызы қанағаттандырылып, еңбек ресурстары департаментінің директоры Әлия Егембергенова жұмыстан шеттетілді. Оған Қылмыстық Кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып отыр.
Жұмысшылардың жанайқайына байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев жұмысшылардың полицияға топтасып арызданғанын жеткізді. Олар компанияда талай жылдан бері еңбек ресурстары департаментін басқарған Әлия Егембергенованың вахталық жұмысқа жіберу үшін өздерінен әртүрлі көлемде ақша талап еткенін көрсеткен.
– Оған қатысты «алаяқтық жасады және заңсыз сыйақы алды» деген айып тағылды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Н.Анарбаев.
Сонымен қатар, департамент бастығының орынбасары әлеуметтік желілердегі тергеушілердің қысым көрсетуі туралы жазбалар шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Сибу Қызылорда» серіктестігінің 46 жұмысшысы облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасына да жүгінген. Онда да негізгі уәж – еңбек ресурстары департаменті басшылығының заңға қайшы тірлігі.
– Арыз бойынша жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Нәтижесінде вахталық жұмысқа баратын жұмысшылардың жұмыс кестесінің жоқтығы, сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалысына берілетін төлемақының уақытынан кеш берілетіні анықталды, – деді басқарма басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева.
Брифингте компания басшысы Ван Дося жұмыс көлемінің азаюына қарамастан, қысқарту болмағанын мәлімдеді. Жыл басында еңбеккерлердің жалақысы орташа есеппен 10 процентке көбейіп, вахталық жұмысқа баратын азаматтардың кестесі бекітілді.
– Арызданушылардың ешқайсысына қудалау жасалған жоқ. Өндірісте істейтін жұмысшылардың еңбек шарттары мен тамақпен қамтылуына қатысты кемсітушілік болған емес, – деп мәлімдеді ол.
2015 жылы компания 11 бұрғылау қондырғысына қызмет көрсетсе, қазір соның тек 3-еуі жұмыс істеп тұр. Алдағы айда қосымша қондырғылар іске қосылмақ. Бұл тағы 450 адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді. Облыс әкімдігінің ұсынысымен наурызда бас директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары тағайындалады. Лауазымды қызмет қазақстандық азаматқа жүктеледі.
Компания жұмысшыларының ас-ауқатына жауапты «АлтайТоргСервис» ЖШС бөлім басшысы Берікбол Жеткерген кәсіпорында қазақстандықтар мен шетелдіктер тұтынатын тамақ мәзірі екі түрлі болғанымен, бөлінетін қаржы көлемі бірдей екенін жеткізді. Мұнай компаниясында 459 адам еңбек етсе, соның 436-сы отандасымыз, оның 50 пайызын жастар құрайды.
Аталған мәселе аймақ басшылығының бақылауында. Бұған дейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында компания жұмысшыларымен кездесу өтіп, арызданушылардың шағымдары тыңдалды. Түйткілді шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданды.
28 ақпан 2018 ж. 835 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031