Сен жемқорсың!..

Мәңгүр үйінде айнаның алдында осылайша дайындық жасады. Ақ тер, көк тері шықты. Түскі асын да ішуді ұмытып кетті. Бақсыдай бақырып, жын қаққандай ақырып, ақыр аяғында түкіріп-қақырып, далаға беттеді. Қас қарайып қалған шақ. Маңқабастың мекемесіне аяңдады. Жау алатындай формалы жігіттер күзеткен мекемеге жұмыс аяғында Мәңгүрге кіру оңайға соқпады. Күшеніп келген ол айқайға басып, улатып-шулатып біраз тұрғаннан кейін қабылдау бөлімінен «кірсін» деген ишара келгеннен кейін қағынып-сілкініп ішке енді. Бастықтың дәу кабинетіне хатшы қызға құлақ аспай сырт киімімен баса-көктеп кірді. Жайбарақат отырған Маңқабас орнынан ұшып түрегелді.
– Мәке, сізге не көрінді? – деді біресе күліп, біресе түсін суытып.
– Маған емес, саған көріну керек! Сен өзіңнің кім екеніңді білесің бе? Елдің барлық қарғысын бойына жинаған жемқорсың! Сен жемқорсың!
Осы сәт сырттан жетіп келген әлгі екі күзетші Мәңгүрдің екі қолтығынан қолтықтап, сүйрей жөнелді. Мәкеңнің аузында сонда да тыныштық жоқ.
– Сен жемқорсың! Жемқорсың! Жемқор болмасаң...
Сүйрелген күйі табалдырыққа таяғанда екеудің қолынан сытылып, енді қаша жөнелгенде, кілт үзілді.
Түсінен шошып оянып, қауғадай басын төсектен жұлып алған Мәңгүр екі жағында «әкелеп» тұрған екі баласын көріп, сасқаннан: «Жем...» деді де, арғы жағын түкірігімен қосып жұтып жіберді. Үн жоқ, сазарды да қалды. Терлеп кетіпті. Қос баласына алақ-жұлақ қарады.
– Апам «кешке ұйықтауға болмайды, шайтан қасында жүреді, әкелеріңді оятыңдар» деді.
– Жаман түс көрдіңіз бе?
Балаларының айтқанына шыбындаған аттай тек басын изей берген Мәңгүр: «Шайтан дейді. Шайтаның Маңқабас боп жүрмесін. Өзі ауылда ма екен? Жұмысына бекер бардым-ау» деп, ұйқылы-ояу күбірлегеннен басқа ләм-мим демеді.