"Бүлдіргі" мен "күйдіргі" бала қайдан шығады?
Ата-аналар үшін
Бала тәрбиесі – мемлекеттік, бүкілхалықтық іс. Ол ана құрсағынан басталады. Ата-ана ұл-қызының әрбір шәлкес қылығына, сөлекет сөзіне, тұрпайы қылығына, күйдіргі әркетіне мән беріп, құлақ түрі жүрген дұрыс. Отбасында мұндай көрініс орын алып жатса, жүре келе жағымсыз әдетке айналады. Әрі әлгі әдеттер оларды есейген сайын есіртіп жібереді. Әрбір ата-ана ұл-қызының теріс, бүлдіргі қылық-мінезі үшін ар-ождан алдында ұятты сезініп, намыстану керек. Ал ондай олқылықтың орын алуын ата-ана алдымен өзінен іздеген дұрыс. Барлық тәрбие-тәлім міндеттерін ұстаздарға ысыра салу әбестік. Рас, мұғалім оқушының сапалы біліміне, саналы тәрбиесіне жауапты, бірақ өз әке-шешесіндей барлық бағытта оқушыға ықпал ете алмайды. Өйткені, ата-ана ұл-қызының әрбір бүлдіргі, күйдіргі қылық-мінезіне қандай мадақтау, жазалау қолданса да ешкім кедергі жасай алмайды. Ал ұстазда ондай билік жоқ. Олар тәрбие қарекетін тек ұстаздық тұрғыдан қарастырады. Сондықтан ұстаздың оқушыға бағытталған іс-қимылын әрқашан қолдау керек. Ұстаздар туралы олардың беделіне нұқсан келетін теріс ой-пікірлер айтылмауға тиіс. Неге? Өйткені, тәрбие екі жақты болып қалады да тәрбиелік ықпал жоғалады.
Негізі ұастаздар атына ата-аналардың ғайбат пікір, сөз айтуы ешқандай әдепке жатпайды. Өз кезегінде ұстаз да терең білімді, ақылды, талапшыл, үлгілі мәдениетті болу керек. Сабақ тақырыбын жақсы меңгеру жеткіліксіз. Үнемі ізденіс жолында жүретін, жаңалықтың жаршысы бола білетін ішкі, сыртқы мәдениеті жоғары, оқушылардың, ата-аналардың кез келген сұрақтарына жауап бере алатын, ойы таза, сөзі нанымды, жинақы оқушылар арасындағы әртүрлі жағдаят қатынастарды реттеп, кері байланыс орната алатын, алғыр да тапқыр болғаны дұрыс. Әйтпесе, өз болмыс бітімінде аталған қасиеттері жоқ ұстаз кімді тәрбиелеп, кімге өнеге көрсеткендей?! Сабақты әртүрлі әдіс-тәсілдермен түрлендіріп жүргізсе, тәрбиенің де сан-алуан қағидасын жетік меңгерген ұстаздың айтары да, тәрбиесі де орынды, нанымды әрі қонымды. Ұстаз әрқашан оқушымен ата-ана үшін жоғары эрудит, интеллект иесі болып қалуға тиіс. Тәрбие-өнегесі, ықпалы, кейінгі ұрпаққа берер білімі жоқ мұғалім тек сабақ берушінің ғана рөлін атқарады. Ол жеміс бермейтін ағашпен бірдей. Кәсібін қадірлемейтін ұстаздан бұндай жағдайлар жиі кездеседі.
Ата-аналарғаға да айтарымыз аз емес. Қазіргі тәрбие құралдары бұрынғы кезеңдегідей емес. Басқа сипатта, басқа форматта жүргізуге тура келеді. Сабақ барысында бұрын тәрбиені қатар алып жүретін буын қазір мектептен қол үзген (зейнеткер, өмірден озған) орта буын өкілдері күйкі-тірліктің қамында. Олардың көпшілігі жас, өмірлік, кәсіби тәжірибесі әлі аз, буын сияқты тәрбиені жүргізіп ұйымдастырудың, педагогикалық жағдаяттардан шығу тетіктерін жетік біле бермейді. Тәрбие де тәжірибемен келеді, дамиды, қалыптасады. Алайда, отбасындағы тәрбиені қожыратып жібермеу үшін педагогикалық оқу орнын бітіру міндетті емес. Күнделікті отбасындағы ұл-қыздардың кейбір әрекетіне бейтараптық танытпай, мән беріп, түзеп отыру, жөнге салу, кеңес, ақыл беру әрбір ата-ананың бұлжытпай орындайтын міндеті, парызы екенін білсе ғой. Ағаш та өздігінен өсіп өнбейді, жеміс бермейді. Ал ұл-қыз, бұл – биологиялық тұлға. Берген тәрбиеңнің тәтті де, ащы жемісін әйтеуір бір көресің, "жейсің". Бірақ кеш болмасын. Баланың бос уақытындағы тіршілігіне ата-ана жауапты болса да, оны да мұғалімге теліп қоямыз. Баланың әрбір қылығыата-ананың бақылауында болу баланы шәлкес қылықтардан аулақ етеді. Негізгі бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті түбегейлі ата-анаға жүктеу керек. Бәлкім бұл жөнінде арнайы министрлік деңгейінде арнайы құжат қажет болар. Бұған қоғамның да назарын аударған жөн. Пак Джон Хи: "Шәкірт ұстазды мазақ ететін тәрбиесіз мектепте таза білім беру қалыптаспайды" деген екен.
Тәрбиеде ұсақ-түйек болмайды. Қазіргі ұсақ деп қарағаның кейін үлкен, күрделі іске айналып кетуі ғажап емес. Сәбидің, жасөспірімнің әрбір қылығына, мінезіне, әрекетіне, сөзіне, жүріс-тұрысына мән бермеу, құлақ аспау опық жегізеді. Тіпті бойжеткен не жігіт ішкі моральдық-психологиялық тұрғыда әлі дайын емесін сезінсе, отбасы құруға асықпай-ақ қайғаны дұрыс. Әке-ана ол үшін ұл-қызының мінезінде, болмысында, еңбекқорлығында қандай олқылықтар бар,алдымен соларды жөндеп алған дұрыс. Екеуін де жан-жақты дайындау керек. Бұдан екі жақ та ұтылмайды. Әрі бұл "бүлдіріп, күйдірудің" алдын алады.
Жақсыбек ЕГІЗБАЕВ,
республикалық "Ұлт тағдыры" КБ-нің
республикалық "Ұлт тағдыры" КБ-нің
облыстық филиал жетекшісі