Асыл қасиет (мысал)
Ертеде, қазақтың шұрайлы, жайқалған кең даласында бір жас балапан дүние есігін ашыпты. Өзін осынша тар қапаста қамап келген жұмыртқасының тас қабатын әлі жас, әлсіз тұмсығыменжарып шығып, күн нұрына бөленеді.
Балапан айналаға құмарлана көз тастайды. Барша тіршілік өз күнін көріп, талмай еңбек етіп жатты. Жерде – тазы ит жер дүниені тіміскілеп жүр. Аспанда қыран қалықтап ұшып жүр. Бұлардан бейнеті бөлек судағы шортан да өз тіршілігін жасап, су еркесіндей көл бетінде еркін ойнақтайды. Осындай құж-құж қайнаған тіршілікке балапан қарап тұрып, өзіне бір сәт сауал қойды: – «Мен кіммін? Менің тіршілігім қандай болмақ?».
–Осы қабілеттердің барлығы бір өзімнен табылса ғой шіркін. Желмен жарыса жүгіре алсам, суда шалқып асыр салсам, көкте қалқып барлығының төбесінен қарасам, менен бақытты тіршілік иесі болмас сірә, – деді ол өзіне.
Алайда бұндай тіршілікке қызығушылығымен қоса қорқынышы да бар еді. Аспанның сондай тыныш болғанмен, заңғар биігі, асау желі, судың беті сондай мөлдір, таза болғанмен, көз жетпес тұңғиығы балапан үшін тым қорқынышты болатын. Осылайша өзі үшін әрі қауіпсіз, әрі қызықты деп жердегі тазы тіршілігін құп көрді. Алдынан кезіккен тазы мен күшіктерінің соңынан еріп кете барды. Алғашында өзін қара ала күшіктерден әлдеқайда ептірек көрінетін. Алайда мұның барлығы уақыт еншісінде еді. Күшіктердің ет-сүйегі ширыққан соң, балапанға олардың соңынан ілесу қиын болды.
– Аяғым жүгіруге жарамаса, онда менің тіршілігім су бетінде болар,-деді ол өзіне. Күн сәулесіне шағылысып, жарқ жұрқ еткен су бетіне таңдана қарады. Бұрынғы қорқынышы сейілгендей болып, суға таман жақындады да, ақырындап қона кетті. Япыр-ай, қандай ғажап! Су бетіне шарпып секірген шортанмен бірге асыр салып ойнайды балапан. Кейде тіпті су түбіне де сүңгіп, су асты әлемімен танысады. Бірақ бұл да уақыт еншісіндегі жағдай еді. Суда көп болған сайын денесі шаршайтын болды. Кейде көлдің асау толқындары дес бермей кететін. Бірде осындай тулаған толқын балапанды еркінен әкетіп, көл түбіне бір малып алды. Жүзе-жүзе, әлі құрыған балапан су түбіне батты да кетті.
Көзін ашса жағада жатыр екен. «Құрысын, бұндай тіршілік!» деді де, қайта жазық далаға шықты. Бұрынғы балапан енді қанаты қатайып, қауырсыны сұрғылт рең тартып, денесінде қанық түстер молая бастаған. Өмір жолын таба алмай әбден қажыған ол сәт ойланып:
– Менің қанатып қатайып, тұмсығым ұзарып, төбет итке де, балыққа да емес құсқа ұқсап келем. Бәлкім менің өмірім қыран құстың жанында, көкте самғап ұшу болар. Мен өзімнің қорқынышымды жеңуім керек шығар, – деді ол өзіне. Осындай оймен қырдың басына шықты. Есіріп соққан желге мойымай, бар қуаты мен күш жігерін бойына жиып, қанатын кең жайып ұшып кетті. Бар әлем оның астында. Жүгірген тазыға да, жүзген шортанға да көлеңкесін түсіріп келеді. Бірақ жүгірген аяғы, су тіршілігіне бейімделген денесі ауырлаған еді. Қанша талпынып, тырысса да ол биікке ұша алмады, қыранға жете алмады. Уақыт өте берді. Балапан үйрекке айналды. Аздап жүгіре алатын, шамасы келгенше жүзе алатын, биікке болмаса да төмендеп ұша алатын. Алайда бұның барлығы, кішкене балапан армандағандай, оны бақытты ете алмады.
Түйін: Әрбір тіршілік иесі өмірге келгенде тағдыр бойына көп қасиет жиып береді. Сол қөп қасиеттің ішінен біреуін ерекше, артық қып береді. Адам баласында да сондай және сол қасиет адам баласын шын бақытқа кенелте алады. Оның айқын дәлелін біз өз ісін шын сүйетін адам жүзіндегі шаттықтан көреміз. Егер бойымыздағы асыл қасиетімізден жаңылып, пендешілікке салынып, әрнені бір қаласақ, мысалдағы үйрек тағдырындай ғұмыр кешуіміз ғажап емес. Қазір өмірдегі ең маңызды таңдау жас түлектің алдында тұр. Көңіліміз барлығына алаңдап, көп нәрсені қалаймыз. Алайда тағдырдың маңдайға жазған асқақ шыңы мен сол шыңға апаратын дара жолы бар. Басты міндет – сол асуға адастырмай жеткізетін сара жолды табу.
Заңғар ОМАР