» » Клаус Швабтың кітабынан соң немесе жастар білуге тиіс бір әңгіме

Клаус Швабтың кітабынан соң немесе жастар білуге тиіс бір әңгіме

Осыдан бірер жыл бұрын Доналд Трамптың (ол кезде ол Америка президенті емес) «Біз жеріне жеткізген Америка» (сөзбе сөз аудармасы – авт.) деген кітабы қолыма түскен. Онда бұдан кейінгі уақытта неге байлардың байыған үстіне байитынын, неге кедейлердің кедейленген үстіне кедейленетінін жазады. Жақында оқып шыққан экономист Клаус Шавбтың «Төртінші индустриялық революция» деген кітабының да бисмилласы осыдан басталған екен. «...Төртінші индустриялық революцияның ең табысты тұтынушылары, интеллектуалдық немесе физикалық капиталды жеткізушілер – өнертапқыштар, инвесторлар, акционерлер болады. Оның себебі – тек өз еңбегімен өмір сүретіндер мен капиталды иеленушілер арасындағы әл-ауқат деңгейіндегі айырмашылықтың күрт өсуінде. Сонымен қатар өз табысын ешқашан арттыра алмайтынына көзі әбден жеткен көптеген қызметкерлердің іштей күйзеліске түсуінің де түпкі себебі осында» деген жолдар ә дегенде-ақ ойландырады. Демек теңсіздіктің тереңдеуі мен әділетсіздікке деген алаңдаушылық аса өзекті мәселеге айналады. Артықшылықтар мен құндылықтардың ат төбеліндей ғана адамдардың қолына шоғырлануы «платформа эффектісі» деген ұғымның аясында шиеленісе түседі. Яғни цифрлық технологияға сүйенген ұйымдар өнім мен қызметтің алуан түрін қамтитын сатушылар мен тұтынушыларды бір желіге біріктіреді де, бәрін бір уысқа сыйғызудың арқасында табысын одан сайын еселей түседі. Әрине мұндай жағдайда белгілі дәрежеде әлеуметтік тәуекелдер туындайды. Бұдан шығатын қорытынды не? Бүгінде жиі айтылатын автономды (жүргізушісіз) көлік құралдары, 3D басып шығару, робототехника, нанотехнология, наноматериалдар, еңбекті автоматтандыру, цифрлық электронды ақиқат – жай ғана сән үшін сөздік қорға енбеген. Бұл – бүгінгі дүниежүзілік экономикалық дамудың бағыты, оны кері қайтару мүмкін емес.
Дүниенің даму қарқынына біз қаншалықты ілесе аламыз? «Сырт көз сыншы». Қазақстан мен Орталық Азияда 20 жылдан астам кәсіби маркетингтік және әлеуметтік  зерттеу жүргізіп келе жатқан  BRIF «Research Group» агенттігі былтырғы жаз бен күзде 14 пен 30 аралығындағы жастар арасында еліміздің жеті қаласында жүргізген зерттеулерінің қорытындысын жақында жариялады. Кімге қалай әсер еткенін қайдам, бірақ күні кешегі мамыр мен маусымда газет жұмысымен аудан жастарын аралап қайтқан біздің көңіл күйіміз түсіп-ақ қалды. Агенттіктің қорытындысы ақиқаттан алыс емес еді. Шындықпен бетпе-бет келу қашанда қолайсыздық тудырады ғой. Егер бұған дейін көрген-білгенімізді айтып, немқұрайлы көзқарастарға қаншалықты тойып қайтқанымызды айтсақ, Асанқайғының ар жақ бергі жағында қалар едік. Бірақ зерттеу агенттігі ұсынған 5 дәйектен соң үндемей қала алмадық және шын жанашырлықтан «шынымен осылай ма» деп жүргенімізде, жаз бітіп қалғанымен өмір тоқтап қалған жоқ қой, біз де мұны айтуға немқұрайлы қарамайық деп шештік.
Қош, сонымен бес дәйек біз туралы жаһанға не деп жар салып жатыр? Біріншіден, қазақстандық жастардың басым бөлігі қарапайым және консервативтік сипаттағы өмірлік мақсаттарға ұмтылады. Стартаптар ашу, Цукербергтің қызмет жолы немесе жаһандық су басуды тоқтату олардың көбісіне тән емес. Екіншіден, жұмыс – бұл тек ақша табу көзі ғана. Көп жағдайда қазақстандық жастар жұмыс істегісі келмейді, бірақ табыс тапқысы келеді. Олар дәулеттілік пен жайлылыққа бейімделген. Бірақ жұмыс көздеген мақсаты емес, яғни жастар көп дүниеге ие болғысы келеді, алайда ол үшін тым көп жұмыс істегісі келмейді. Армандары – жоғары жалақы және аз еңбектену. Үшіншіден, жастар оқып, білім алғанды да ұнатпайды. Көбісі болашақ мамандығын дұрыс таңдамайды. Негізінен басым бөлігінің оқуға ниеті жоқ, оның еш пайдасын көрмейді және оқу процесіне қалай болса солай қарайды. Көбіне диплом алу үшін ғана оқиды, себебі дипломсыз жұмысқа орналасу қиын. Болашақ мамандықты дұрыс таңдамайды және бұл мәселені шешуде көп жағдайда жақындарының, достарының ықпалына, белгілі бір қалыптасқан стереотиптерге сүйенеді. Төртіншіден, жастар арасында қоныс аударуға деген ниет күшті. Зерттеу көрсеткендей, жас қазақстандықтардың көбісі (шамамен 41%) Қазақстаннан біржола көшіп кету жайында немесе шетелде білім алып келуге құштар. Мұндай үрдістің пайда болуына экономикалық жағдай әсер етіп отыр. Олардың көбісі табысты жұмыс, қызметтегі ілгерілеулер үшін барады. Айта кету керек, кетуге деген ұмтылыс ел аймағы бойынша әртүрлі. Мысалы, солтүстіктегілердің шетелге кету ниеті жоғары, керісінше оңтүстіктегілер біржола кетуге ниетті емес. Бесіншіден, қазақстандық жастар айтарлықтай мобильді және саяхатқа құштар. Жастар саяхатты армандайды және ол маңызды жоспарлардың тізімінде (отбасы, жұмыстан кейін) үшінші орында тұр.
Әрине, талдауда айтылғанның бәріне қос қолымызды көтеріп, жүз пайыз рас демейміз (сенгіміз де келмейді), әйтсе де айтқызған жаманның, қамшылатқан шабанның ісі болса да, «алма піс, аузыма түс» деп жатып-ақ, жақсы табысқа кенелгіміз келетінін, жастық шағымыздың қадірін білмей, оқудан «қашуымыз» орта жаста опық жегізетінін, содан кейін Клаус жазған кедейшіліктің ішкі күйзелісі келер ұрпақты да улау мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Мұны біз үнемі байланысып отыратын, өз ортасында көшбасшылыққа талапты, жетекші жастардың өзі де жақсы біледі. «Барымыз осы, енді не істейміз, бәлкім бұдан да жақсы болармыз» деген үрдіспен алға ұмтылуды жалғастыра береміз.
Бұрын теледидар алдында отырғандарды кітап оқитындар басқарады дейтін, тіпті бұны айтқаннан кейін саналы түрде ТV көруден бас тартқан замандастарым болған. Ал қазір бұл сөз смартфон қарап отырғандарды кітап оқитындар басқарады деп өзгертуге сұранып-ақ тұр. Есіме бір жағдай түсіп, әзірде ғана сөз еткен сауалнамаға қайта оралуға мәжбүрмін: қазақстандық жастар жайлы осындай халықаралық зерттеу компаниясының сараптама нәтижесі бұрын да болған, сонда жастар барынша ашық-шашық киінеді (көшеде майкамен жүреді) деген жолдардан намыстанған құрбылардың бір тобы (діннің әсерінсіз) саналы түрде «киінді». Сол іспетті «жұрт басқалар жайлы не десе де мен ондай емеспін» деп алға ұмтылатын жастар санына сеп бола ма деп жаздық.
Бір ғана мамандыққа қатысты айтайықшы, соңғы бірнеше жылда бухгалтер, кассир мен телефон операторын компьютермен ауыстыру жөнінде пікірталас кең өріс алуда. Қалай болғанда да жұмыс орындарын жоғалтудың зардабы шаш етектен. Төртінші индустриялық революция еңбек нарығында қандай мүмкіндіктердің көкжиегін ашады? Бұның барлығы – бүгін бізді ойландыратын сұрақтар. «Сен досыңнан күдіктенбе, сертінен тайса – сатып кетер, жауыңнан сескенбе, қапысын тапса – өлтірер, сен немкеттіліктен қорық, түбіңе сол жетер» (әл-Фараби).  Ең бастысы, дүниенің даму қарқынына немқұрайлы, немкетті қарама, жас дос!
PS: Клаус Шваб туралы және (басқасын айтпағанның өзінде) бүгінде құлағымызға сіңісті болып қалған, бірақ біз оның мүмкіндігін әлі бағаламай жүрген 3D басып шығару жайында 8-беттен оқисыздар.

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
09 тамыз 2018 ж. 1 839 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031