Дені сау аймақ
Brifingten qon…
Аталған бұл жоба біздің өңірде алғаш рет қолға алынды. Ол ДДС ұйымының европалық стандартына сәйкес келеді. Мақсат – саламатты өмір салтын қалыптастыру.
«Облыс әкімінің қолдауымен «2018-2021 жылдарға арналған «саламатты өмір салтын қалыптастыру және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу жөніндегі іс-шаралар» жоспары бекітілгені белгілі. Онда 5 нақты міндет қойылған. Яғни, азаматтардың туғаннан бастап, қартайған шағына дейінгі денсаулығын қадағалау – басты орында. Нақтырақ айтсақ, әрбір тұрғынның зиянды әдеттерден бас тартуы, тамақтануы, дене белсенділігінің артуы, қан қысымы ауруларының өлшемдік шегінің қойылуы, толық медициналық тексеруден өткізілуі, саламатты мектеп жобасының қатаң бақылануын қолға алу. Міне, осы жоба арқылы тікелей азаматтармен жұмыс істеуге мүмкіндігіміз туады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А. Әлназарова.
Аймақта туберкулезді ерте анықтау мақсатында 207 606 тұрғын флюрографиялық тексеруден өтті. Нәтижесінде аурушандық 2,9%-ға, деструкция үлесі 1,5 есеге төмендеді. Сондай-ақ дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге бөлінген қаржы көлемі былтырғымен салыстырғанда 1,4 есеге артты. Бұл қаржы Корея мемлекетінде 7 маманды оқытуға, Қазан қаласында 24 дәрігердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Тұрғындар арасында арыз шағым дәрі-дәрмектің жетіспеу салдарынан туындайтын еді. Қазіргі таңда бұл мәселенің де шешімі табылды. Нақтылай келсек, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін бөлінген қаржы ағымдағы жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 6 млрд 431 млн теңгені құрады. Осылайша тегін дәрімен қамтамасыз ету 100 пайыз шешілді.
Байқоңыр тұрғындары енді өзіміздің емханаға қаралатын болады. 1 қаңтардан бастап облыстық медицина орталығының филиалында емхана ашылды. Қазіргі таңда 18 мыңнан астам қазақстандық азамат тіркелді, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Үкіметаралық келісім ратификациясынан кейін 15 мыңға жуық қазақстандық тіркеледі деп күтілуде.
– 2016 жылы бір аймаққа тіркелген тұрғын саны 2300-ді құраса, көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында тіркелген халық санын кезең-кезеңімен төмендету басты жоспарға алынды. Нәтижесінде бүгінде бір аймаққа тіркелген халық саны 1700 құраса, 2020 жылға 1500-ге дейін жеткізу жоспарлануда. Осы орайда, аймақтарда ұсақтандыру жұмыстары жүргізіліп, 2017 жылы 34 аймақ ашылса, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап облыс бойынша 21 қосымша аймақ ашу жоспарлануда. Бұл дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтып, науқастың сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндігін кеңейтеді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.
Облыста соңғы екі жылда 25 медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтар болсақ, 200 төсек орындық балалар ауруханасы, Қазалы аудандық орталық ауруханасы, 250 келушіге арналған типтік үлгідегі Жаңақорған аудандық емханасы, 11 дәрігерлік амбулаториясы, 11 медициналық бекет бар.
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА