Әлем математика тілімен бейнеленген
Бұл менің емес, математика ғылымының негізін салушы, атақты Галилейдің сөзі. Оның бұл тұжырымын грек ғалымы Пифагордың «Сандар дегеніміз – барлығы» деген сөзі қуаттай түседі. Математика деген сөздің өзі «білім, ғылым» деген мағынаны білдіреді. Әлі күнге дейін ғылым тараулары грек тілінде математ деп аталады.
Рас, шығармашылыққа құштар оқушылар математикаға, математиканы сүйетіндер гуманитарлық пәндерге шорқақ болып жатады. Егер екеуі де бір арнаға тоғысса, одан оқушы ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Пән мұғалімі ретінде мені оқушылардың талабын ұштау, есеп-қисапқа бейінін арттыру мәселелері жиі ойландырады. Өйткені математиканың тілі – сандар, ал сандар бізді жан-жағымыздан қоршап тұр. Ол бізге өмірдің кез келген жағдаятында қажет. Біз сандар арқылы санап қана қоймаймыз. Сандар болмаса уақытты да, күнді де белгілей алмас едік. Сандарсыз сатып ала алмаймыз, өзімізде бар нәрсені қайта санай алмаймыз және бізге тағы қанша қажеттігін нақты айта алмаймыз. О баста сандарды ойлап табудағы мән де осыдан шыққан болу керек.
Аса ұлы математик саналатын Карл Гаусс үш жасында-ақ әкесінің есептеулерін түзетіп, тізбекті сандарды тез қосудың бірегей тәсілін ойлап табады. «Арифметика – Құдайдың туындысы» деген сөздің де авторы осы Гаусс. Адамдар санай бастаған кезде, сірә, саусақтарын пайдаланған болу керек. Барлық адамда саусақ саны он болғандықтан да санау ыңғайлы болған. Қазіргі санаудың ондық жүйесі осыдан туындаған. Қандай да бір нәрсені санау кезінде саусақты пайдалану ешқашан есептен жаңылдырмайды. Байқасаңыз, бүгінгі трендтегі ментальды арифметиканың да бірден бір құралы – саусақ. Саусақтарға қарап, атын атамастан-ақ көзге елестетуге болады. Саусақ пен сандар арасындағы байланыс көне заманнан қалыптасқан. Мәселен, цифрлық технологиядағы «Digit» сөзі «саусақ» деген ұғымды білдіреді. Қол саусақтарын тек санау үшін ғана емес, көбейту үшін де пайдалануға болады. Қарапайым ғана 9-ға көбейтуді алайық: қолыңызды алдыңызға қойыңыз да, сол жақтан санай бастаңыз. Қайсыбір санды тоғызға көбейту үшін тиісті саусақты бүгесіз, яғни 7-ні 9-ға көбейту үшін жетінші саусақты бүгесіз. Қараңыз, сол жақта 6 саусақ, оң жақта 3 саусақ қалды. Демек жауабы – 63. Жүз мыңдаған жылдар бойы адамдарға саусақпен санаудың өзі жеткілікті еді.
Осыдан алты мың жылдай бұрын дүние өзгерді. Жер бетіндегі ең озық жер өлшеушілер деп саналатын мысырлықтар математиканы есептеу үшін ғана емес, жер өлшеуге, ғимараттар тұрғызуға, уақытты өлшеуге пайдаланды. Математиканы білу мысырлықтарға әлі күнге әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын ғажайып пирамида тұрғызуға мүмкіндік берді. Ал, Солтүстік Американың байырғы тұрғындары мая тайпасы жылдың 365 күнге созылатынын дәл есептеді. Адамзат баласы жиырмалықпен санақ жүргізген кезде шамасы аяқ башпайларын пайдаланған болу керек. Өйткені сандардың бейнесі бұршақ, таяқша, ұлу сияқты тастарға ұқсас болды. Рим империясы үстемдік құрған кезде рим саны бүкіл Еуропаға тарады. Римдіктер ондықтармен санаған және әріптерді сан ретінде пайдаланған.
Шынында да, математика өздігінен математикалық құндылықтарды туғызбайды, ауруларды емдемейді, жер қойнауындағы байлықтарды ашпайды, машиналарды жүргізбейді. Бірақ оның құнды пікірлері мен әдістерін ұқыпты қолдану арқылы материалдық құндылықтарды сақтап қалуға, аурудың алдын алуға, жер қойнауындағы қазынаның мөлшерін анықтауға, оны қолданудағы экономикалық тиімділікті есептеуге болады. Қоғам үшін де математиканың ролі ерекше, себебі әртүрлі бағыттағы математикалық әдістерді қолданбаса ғылыми прогрестің болуы мүмкін емес.
Алтынай ЖАЛҒАСБАЕВА,
Қармақшы ауданы,
Алдашбай ахун ауылы