ҚАЙСАР ҚЫЗ ҚАЙДА ЖҮР?
Дзюдодан Сыр өңірінің бәсі биік. Өңірден шыққан саңлақтар талай тартысты додаларда топ жарып, байрақты бәсекелерде бақ сынап, оза шауып жүр.
Ел тәуелсіздігі жылдарында қызылордалық қайсар қыздардың бір шоғыры дзюдо спортына келді. Олар жай келген жоқ, дзюдо спортының дамуына зор үлес қосты. Алдымен азулы Азияны ауыздықтаған Бозова болды. Татамидың төрінде тулаған қазақ қызына қарсылас тең келмеді. Тарихта тұңғыш рет Қызылорданың жеңісі тіркелді. Сөйткен Жамалдың жарқын жолын сіңілісі Жанар жалғады. Сырдың сұлу қызы келбетімен де, боз кілемде білекті керемет балуан ретінде де көптің назарына ілікті. Ә дегеннен айласын асырған аруымыз шаршы топтың шаңын қағып, қарсыласты шақ келтірмеді. Сөйтіп Азияның жүлдесін ауылға әкелді. Міне, мықты өзін осылай мойындатады. Соңғы кезде Жанардан көз жазып қалдық. Оны спорт сүйер оқырмандар да сұрағыштап кетті. Осы мақсатта Жанар Жанзұновамен тілдесуге тура келді.
– Тәңір жаратқанда қыз балаға бірінші ана болуды маңдайына жазды. Бұл – басты міндетім. Сондықтан 2008 жылы Бейжің Олимпиадасынан кейін көп ойланбастан теңімді тауып, тұрмысқа шығуды мақсат еттім. Өйткені қай істің де өз уақыты бар. Шүкір, қазір бақытты анамын. Үш перзент сүйіп отырмын. Алина, Алихан, Асылхан есімді перзенттерім менің – болашағым.
Балаларымның бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңіріп, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін еңбек ететін ұрпақ болады деп болжаймын. Отбасы – шағын мемлекет болғандықтан, шаңырақтың шаттығын жоғары қоямын. Ал, екінші кезекте спорт (күліп). Бүгінде спорттан алыс кеткенім жоқ. «Жалаңтөс Баһадүр атындағы Қызылорда облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжіндемін. Спорттың бірнеше түрінен чемпион шығаруға үлес қосудамыз. Нәтиже жаман емес, кешегі өткен дзюдодан ҚР чемпионатының жеңімпазы, жасөспірімдер арасында тұңғыш Әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев пен дзюдодан жастар арасында Әлем чемпионы Мағжан Шамшадин осы интернаттың түлегі. Сыр спортында серпіліс бар. Соңғы жылдары аймақтағы спорт саласының қай түрінен болса да, ілгерілеу байқалады. Әрине, бұл орайда аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының спортқа айрықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келеді, –деді ол.
Жанардың жүрек сөзі ойлы оқырманның да ойынан шығады. Оның: «Мені іздеген елге ризамын. Қазір бала тәрбиесімен отырсам да спорттан қол үзбеймін. Спортпен менің жаным егіз» – дегені де қайсар қыздың қайратты сөзі деп білеміз. Балуанның бапкерлік жолы жақын күнде жалғасады.
P.S. Жанар Жанзұнова еліміздің тарихында тұңғыш рет дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы деген атпен қалды. 2004 жылы Катар астанасы Дохада өткен байрақты бәсекеде қарсылас шақ келтірмей, алтын тұғырдан көрінгені де есте. Сондай-ақ, ол дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо күресінен ҚР спорт шебері.