«БАСТАПҚЫДА ӘР СУРЕТІМНЕН 5 ТЕҢГЕ ПАЙЫЗ АЛАТЫНМЫН» А
лғашқы жұмысым – көлік жуушы
Мен Қармақшы ауданы, Жаңақала ауылында туып өскенмін. Әкем ерте қайтыс болды. Үйде анам, мен және ағам бар. 2005 жылы ауылдан Қызылордаға көшіп келдік. Ол кезде қала таныс емес. Әрі үй ішімізбен жұмыссыз едік. Әуелгі жылдары көлік жуатын жерде жұмыс істедім. Сол кездері «Ақжан» жақта «Фудифильм» деген фото салон болды. Бірде сол жақтың бастығы қармақшылық Руслан деген ағаммен таныстым. Өзі де фотограф болып орталық алаңда суретке түсіретін. Мені шақырған да сол еді. Барлығын сол Руслан деген кісі үйретті. Жалпы, қыр-сырының барлығын көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Осылайша, ең алғаш жұмысымды 2007 жылы жаңа жылға таман бастадым.
Бір күн бойы далада тұрдым
Алаңға 16 желтоқсаннан бастап шығамыз. Содан тоқтамай бір ай жұмыс істейміз. Күн суық. Жаурап қалатынбыз. Таңғы тоғыздан түнгі екіге дейін суретке түсіріп, сатып жүретінбіз. Ол кезде Мейір фотоға барып, плёнкадан шығарып әкелеміз. Қорап істеп алып, соған суретті салып, алаңда жүріп таратамыз. Арнайы келіп түсетіндерге «Ақжан» жақтағы орталықтан тараттық.
Жолайрық
Ол кісілер жақсы табыс табатын. Мен түсірген әр суретімнен 5 теңге пайыз алатынмын. Ол кезде ақша құнды. Суреттер 50-70 теңге тұратын. Сол ақша өз басыма жеткенмен, отбасылық бюджетке аздық қылушы еді. Талай суық өтіп, науқастанып қалған кездерім аз емес. 2009 жылға дейін сол кісінің қарамағында болдым. Сол жылдың қысында бөлініп шығып, өзім осы кәсіппен тыңғылықты айналысуға бел будым. Сонымен, батасын алып, бөлек шықтым. Бір кісілерден кейін қайтарам деп қарыз алып, керек заттарымды алдым. Сөйтіп, ала жаздай паркте, қыста орталық алаңда жүретінмін. Жеке шыққан жылдары бір сурет 80 теңге еді. Тынбай жүгіріп, жұртпен таласып, суретке түсіретінмін. Оңай жерде ақша жоқ қой.
Студияның пайда болуы
2010 жылдары қалада фотограф кортежге мүлдем шықпайтын. Тек асабалар камерасымен ғана барушы еді ғой. Арнайы фотограф болмайды. Содан қасыма Батыр деген інімді ертіп алып, мешітте тұрамыз. Жас жұбайлар кортежбен келеді. Сол кезде өзіміз түсірген суреттерден жинақталған альбомды көрсетеміз. Көп жағдайда қызға көрсетеміз. Ол жігітті көндіреді. Өйткені ер адамға бәрібір ғой, суретті аса бір керексінбейді. Бұл да бір қызық кездер еді. Сонда бас аяғы 10.000 теңге табатынымыз. Кейде екеуміз екі тойға барып, 20.000 теңге тауып келеміз.
2011 жылы 10-20 мыңдап ақша жинап, камера сатып алдық. 2012 жылы Қызылорда облысы бойынша көптеген ауылдарды аралап жүріп, винеткаларын шығардық. Бүкіл қажетті құрал-сайманымызды арқаланып, ауылдарға барамыз. Мектеп директорына кіріп, бүкіл қағаздарын тегін істеп беруге келісіп, берілген бөлме де неше күн бойы жатып істейміз. Жалағаш, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған ауылдарының біразына бардық. Сөйтіп, әр ауылдан 100-150 мыңдай табамыз. Сөйтіп қыста винетка, жазда кортеждерді аңдып жүріп, жұмыс істейтінмін. Өзімізде несиеге алған машина бар еді. Кортеждегі басты көлік бағдаршамаға тоқтаған кезде терезесінен альбомды лақтырып жібереміз. Сосын мешіттен күтіп аламыз. Келген кезде міндетті түрде келісіп, тапсырыс беріп кететін.
Біраз тәжірибе жинаған соң, студия ашуды ниет қылып жүрдім. Сол арманыма 2013 жылы бір-ақ жеттім. Ең алғаш Қызылорда қонақ үйінің қасынан ашып, кейін Қызылорда медициналық колледжіне қарама-қарсы беттке орналастық. Жаңасын биыл аштық. Нөлден бастап өз қаражатыма салдырттым. Жаңаша бағытты байқап көрейік деп, ішіне тағы бірнеше кәсіп қостық. Мұнда қалыңдық көйлегін сататын орталық, сән салоны, той болатын жерді безендіру орталығы және фото-видео студиясы орналасқан. Айта кетейін, 2013 жылы «Орда» ресторанының басшысы Елмұрат ағамыз көп көмек қылды. Офисін беріп, аяқтан тұрып кетуімізге біршама жәрдемдесті. «Ордада» тапсырыс қабылдап, біраз жұмыс істедім. Осындай дәрежеге жетуімізге ол кісінің де көп септігі тиді.
Event group
Дизайнын өзім жасадым. 2017 жылға дейін Әділет студиясы болдық. Биылдан бастап «Аdilet event group» деп атадық. Студия деген тек той түсіретін орталық еді. Ал «event group» жалпы тойға қажетті дүниенің барлығын қамтамасыз етеді деген мағына береді. Іштегі өзгерістер осының дәлелі.
Үзіліссіз жұмыс
Студияда жиырма адам, сән салонында отыз шақты қыз бар. Безендіру мен қалыңдық көйлегін сататын тағы екі бойжеткен бар. Біз 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейміз. Әрі ешқандай демалыссыз. Бұл – студия ашылғаннан бастап өзім қалыптастырған ереже. Күндізгі және түнгі екі мезгіл ауысым болады. Демалыс мүлдем жоқ. Кейде қалада жүріп, отбасымызды көрмей қалатын сәттер болады. Алға қойған мақсат көп. Соған жетсем екен деп әлі күнге талпынып, тырмысып келе жатырмын.
Таңғы сағат бес
Әрбір істің өзіндік машақаты бар. Бірақ ауыртпалық түсетіні, міндет көп жүктелетіні – оператордікі. Оператор мықты түсіріп әкелсе, монтаж жасаушыға оңай болады. Ролик пен сурет те соған байланысты. Бізде арнайы кесте жоқ. Той түнде бітеді. Үйге таңғы сағат 4-5-те қайтасың. Тойды түсіріп келген соң ол флешкаға сақталады. Кейде техникалық ақаулар болады. Сол өшіп қалмаса екен деп оны тағы уайымдайсың. Біріңғай іште боламын. Көбіне бүкіл жұмысты тиянақтап бітіріп, соңынан қайтамын. Бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырмағанды жақсы көремін. Сонда ғана жұмысыңда нәтиже болады. Нәтиже болған жерде ақшаны да тәуір табасың.
Монтаждау бір ай уақыт алады
Жаз бен күз айларында той көп болады. Табыс ең көп түсетін мезгіл де осы шақ. Тойдың нағыз қызатын шағы. Тамыздағы тойды монтаждап, қыркүйекте де тойға шығасың. Тоқтап қалуға болмайды. Кейде сөйтіп қарбалас болып кетеді де, үлгермей жататын кездер болады. Бірақ халық бұған арызданбау керек. Себебі біздің қалада ғана монтаж бір ай уақыт алады. Ал еліміздің басқа өңірлерінде 3 ай бойы монтаждайды. Кейде жұрттан шағым түсіп жататыны рас. Кейбір өнер адамдарының дискісін бірден монтаждайсыңдар деген секілді. Оның себебі мынада, концертті бір ғана камерамен түсіреді. Оны анадан, мынадан құрап жүрмейді. Кейде әншілерге инстаграмға салу үшін небәрі бір минутқа ықшамдап, сәтті шыққан кадрларды кішігірім ролик қылып жасап береміз. Оны бір күнде істейміз. Ал той кемі бес сағаттай болады және оны үш камерамен түсіреді. Ол тіпті азаннан кешке дейін болатыны белгілі. Оған беташар мен құдалығын қосыңыз. Жұртқа оңай көрінуі мүмкін. Алайда ондай көп видеоны монтаждап, жинақтау кәдімгідей үлкен жұмыс. Компьютердің алдында тапжылмай отырып жұмыс жасайтын күндер аз емес. Оның өзі жүйкеге айтарлықтай салмақ салады.
Ең қиын және ең қуанышты сәт
Өмір ақ пен қара секілді, қиын да жеңіл кезеңдерден құралады ғой. Сондай бір кезеңдерден мен де өттім. Ауылдан қалаға келген 2005-2006 жылдар ең ауыр кезең болды. Үйде кіріс жоқ. Бір нанды екі күнге бөліп қойып, рожкиді қара суға қайнатып жеген кез де бастан өтті. Бала кезімде өмірдің тауқыметін көрген жандар болаттай мықты болып, шыңдалып өседі дегенді естуші едім. Өмірдің бар ауыртпалығы арқаға салмақ салып, осы күнге жеткенде соған көзім жетті. Түрлі сынақтардан өткенім бүгінгі дәрежеме жетуіме сеп болды. Мені әр күн сайын жігерлендіріп, ерінбей еңбек етуіме септігін тигізген басымнан өткен осы бір оқиғалар. Ал есте қалған ең қуанышты кезім 2016 жылы анамның туған күніне той жасап бергенім болды. Осыншама қиын кезеңдерді бастан өткеріп келіп, анама той жасап беруге әлім келгенде қалай қуанғанымды білсеңіз! Сол кісінің үмітін ақтағаныма Құдайға күн сайын шүкіршілік етем. Биікке көтеріліп, жетістікке жеткенім Алланың берген бармақтай бағынан шығар.
«Аdilet event group» Алматыда
Қазір әкімшілікпен келісіп, түрлі жобалармен жұмыс істеудеміз. Тапсырыс қай жақтан түссе, сонда жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетеміз. Бұдан бөлек, 2019 жылы Алматы қаласынан тағы бір орталық ашу жоспарда бар.
Ақтілек БІТІМБАЙ