Инклюзивті Балабақша
Алғаш облысымызда ашылған «Шағбан» инклюзивтік балабақшасы аймақта иппотерапия бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін бірден бір орталық. Бүгінде балабақшада 175 бала тәрбиеленуде. Оның 115-і мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды жылқымен емдеуді қолға алған бөбекжайға облыстық прокоратура басшысы Халидолла Зиноллаұлы келіп, бүлдіршіндерді жаңа жылдық мерекемен құттықтады. Сонымен қатар ДЦП ауруына шалдыққан Мереке Тұрсынбайдың тұсауын кесіп, арнайы сый-сияпат жасады.
– Жаңа жыл мерекесі қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балаларды қуантып, балабақша ұжымына алғысымызды білдіргіміз келді. Орталық бүлдіршіндерді атқа мінгізу арқылы сауықтырып қана қоймай, үлкен өмірге дайындауда. Осындай ауыр жүкті арқалап, қоғам үшін игі іс жасап жатқан «Шағбан» балабақшасының тәжірибесін облыс көлемінде насихаттау қажет, – деді Халидолла Дәуешов.
– Тәрбиеленушілердің тезірек сауығуы үшін мұнда заманауи емдеу тәсілі кеңінен қолданылады. Мәселен, облысымызда тапшылық ететін педагог-монтесорри, дефектолог, логопед мамандары да бар. Олар балалардың сауығып кетуіне түрлі тәсілдерді қолданады, – деді балабақша меңгерушісі Жапырақ Ұзақбаева.
Балабақша ұжымы өткен жылы атпен емдеу әдісін қолданысқа енгізсе, келер жылы томитист аппаратымен түзету жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда. Бұдан бөлек балабақша тәрбиеленушілері арасында көп балалы отбасынан шыққандарға жеңілдік қарастырылған.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА