Байқоңырда 250 пәтер пайдалануға беріледі
Өткен жылы құрылғанына 90 жыл толған Қармақшы ауданында атап айтар жетістік аз емес. Кәсіпкерлікке бетбұрыс нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауыл шаруашылығына негізделген аудан диқандары бұған дейін күріштің жаңа сортын жерсіндірсе, енді соя егуді қолға алмақ. Жыл еншісіндегі тағы бір жағымды жаңалық – Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға беруге әзір.
Сонымен қатар биыл Жосалы кентінің шығыс аймағында орналасқан тұрғындар көгілдір отын игілігін көретін болады.
Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашев осындай жақсы жаңалықтармен бөлісті.
Ауыл шаруашылығында әрдайым үздіктер қатарынан көрінетін қармақшылықтар құс шаруашылығын дамытуды қолға алған. Өткен жылы Ақтөбе елді мекенінде құрылысы басталған құс фабрикасы биыл іске қосылмақ.
Өткен күз қорытындысымен аймақтың ең үздік шаруашылығы атанған «Жаңажол» ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мақсатында құны 65 млн теңге тұратын, қуаттылығы сағатына 5 тонна күріш ақтайтын зауытты іске қосқан. Сондай-ақ, жоба құны 40 млн теңге болатын астық сақтайтын қойма құрылысы пайдалануға берілді. Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір жаңалық – соя егуді қолға алуы.
– Дәстүрлі күріш дақылынан басқа да майлы дақылдарды, оның ішінде сояны өндірістік негізде өсіруді бастауымыз қажет. Бұл – суды аз талап ететін және нарықта сұранысқа ие болып отырған дақылдардың бірі. Биыл біз «Тұрмағамбет» ЖШС негізінде осы дақылды егуді бастаймыз, – деді аудан әкімі.
Жұлдызды қалада мемлекет қаржысымен тұрғын үй құрылысының жүруі де елеулі жаңалықтың бірі. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысы бүгінде аяқталып, пайдалануға беруге дайын. Бұл сатып алу құқығынсыз Байқоңыр қаласында жұмыс істеп жатқан, кезекте тұрған 250 ел азаматына табысталмақ.
Жылдың қай мезгілінде де жұмысын тоқтатпайтын жаңа лагерь құрылысының аяқталуы да биылғы жыл еншісінде. Бұл мақсатта облыс бюджетінен 300 млн теңге бөлінген.
Өткен жылы Жосалы кентінде автоматтандырылған газ тарату станциясын орнатумен қоса «Бейнеу – Шымкент» магистральды газ құбырынан бұрма газ құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Енді биыл газ кіргізу жұмыстары басталып, кенттің шығыс жақ бетінің тұрғындары алғаш болып көгілдір отын игілігін көрмек.
Жастарға арналған жылда ауданда алғашқы шаралар басталып та кетіпті. Өткен жылы аудандар арасында алғаш болып жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған «Коворкинг» орталығы ашылса, жақында Төретам кентінде жастар ресурстық орталығы құрылған.
Аудан басшысы атап айтқандай, енді елді мекендер ішіндегі жол мәселесін шешу қолға алынады. Бір ғана мысал, аудандық маңыздағы Қызылтам елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын қайта жаңғырту үшін аудан бюджетінен қаржы бөлініп, тиісті құжаттар әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім жолданыпты.