Жастар жылына 189,7 миллион теңге жұмсалады
Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Онда өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен алдағы міндеттер сөз болды.
Биыл өлім-жітім көрсеткіші 1,8% төмендеген. Ал ана өлімінің көрсеткіші соңғы жылдары тұрақсыз болып келеді. Соңғы екі жылда 25 медициналық нысан қолданысқа беріліп, елді-мекендердегі бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың 63%-ы жаңартылған. Сонымен бірге материалдық-техникалық жабдықтармен жарақтандыру мәселесі шешімін тапқан.
2018 жылы білім саласы бойынша мемлекеттік бағдарламадағы 8 индикатор, 52 көрсеткіш, 212 іс-шара орындалып, мемлекеттік бюджеттен 93,8 млрд. теңге қаржы игерілген. Сонымен қатар облыс бойынша бітірушілердің 97%-ы университет пен колледжде оқуын жалғастырса, мемлекеттік тапсырыспен оқыған колледж түлектерінің 92,9%-ы жұмысқа орналасқан. Соңғы бес жылда жастар арасындағы жұмыссыздық 5,1%-дан 4,2%-ға төмендеген. Биыл Қызылорда облысында Жастар жылын өткізу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленген. Аталған жоспарға енгізу үшін салалық құрылымдармен қоса жалпы құны 189,7 млн. теңгені құрайтын 28 жоба ұсынылған.
Өңіріміздің мәдениет саласында атқарылған шаруаларға келсек, Шығыс Африкадағы Маврикий республикасында 217 мемлекет қатысқан ЮНЕСКА-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұралары БҰҰ жанындағы ЮНЕСКА-ның ғаламдық мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Р.Рүстемов алдағы уақытта 20 қараша – Қорқыт ата күні деп белгіленуі мүмкін екенін айтты. Осы айдың 14-і күні Әйтеке бидің 375 жылдығына орай "Жастар жырлайды" республикалық жас ақындар айтысы өтеді.
Ақтілек БІТІМБАЙ